​СІМ басшысы АЭФ аясындағы Халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумында сөз сөйледі

15 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 10-шы Астана экономикалық форумы аясында өткен IV Халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумына қатысты.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық дипломатияны белсендіру таспырмасы аясында Қазақстан экономикасының басты салаларына шетелдік инвестицияларды және инновациялық технологияларды тарту, сондай-ақ қазақстандық өнімдер экспортын шетелдік нарықтарға ілгерілету Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қызметінің негізгі басымдылықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. «Транзиттік-көліктік әлеуетті ілгерілету, еліміздің және өңіріміздің әлеммен байланысын қамтамасыз ету біздің басты міндеттеріміз болып қалуда», – деді министр.

Сонымен қатар ол Еуразиялық экономикалық одағының әлеуетін және Үндістан мен Пәкістанның жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық құқылы мүшесі болғанын ескере отырып, логистикалық хабтардың, арнайы экономикалық аймақтардың, халықаралық транзиттік-көліктік дәліздердің даму маңыздылығын атап өтті.

Қ. Әбдірахманов экономикалық және транзиттік-көліктік салаларының өзара әрекеттілігін дамытуға Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің тәжірибе жүзінде қосқан үлесі ретінде визалық режимді ырықтандыру үшін белсенді салынып жатқан күшті атады. «Қазіргі таңда ЭЫДҰ мүше елдердің және ірі инвесторлардың азаматтары Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз бола алады және транзиттік жолаушыларға, яғни кейбір елдердің азаматтарына визаны ресімдеусіз елімізде 72 сағат болу мүмкіндігін жасау үшін жұмыстар жүргізілуде», – деп толықтырды министр.

Қосылған : 16.06.2017, 10:45, Өзгертілген : 16.06.2017, 10:45