Ғалымжан Қойшыбаев. Орталық Азия: өңірлік әріптестік пен сенімді нығайтудағы жаңа кезең

Ғалымжан ҚОЙШЫБАЕВ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары

Орталық Азия: өңірлік әріптестік пен сенімді нығайтудағы жаңа кезең

Н.Назарбаевтың Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін берген брифинг. Астана қ., 15 наурыз 2018 ж. (Akorda.kz)

Орталық Азия елдерімен жан-жақты байланыстарды нығайту ҚР сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында бекітілген Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.

Бізді география, тарих және мәдениет сияқты іргелі факторлар байланыстырады. Бұл жерде Қазақстанның өңірлік маңызды мүдделері жинақталған.

Біз жақын көршілеріміздің тұрақты және жан-жақты дамуын және олардың арасындағы өзара сенімді нығайтуды қалаймыз. Өңір елдері тәуелсіздікке ие болған сәттен бастап Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік жақындасу саясатын белсенді түрде ілгерілеткенін атап өту қажет. Қауіпсіз, тұрақты және өркендеген Орталық Азияны құру, оның халықаралық тартымдылығын арттыру мақсатында Мемлекет басшысы көтерген тұтастай бірқатар интеграциялық бастамалар соның мысалы бола алады. Осы барлық жылдарда өңір шеңберінде көпжақты мемлекетаралық ынтымақтастықтың оңтайлы нұсқаларын үздіксіз іздестіру жүргізілді. Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің – Елбасының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі интеграция және басқа сияқты интеграциялық идеяларының көпшілігі жүзеге асырылды.

2010 жылғы біздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ), 2011 жылғы Ислам Конференциясы Ұйымына, ағымдағы жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміздің және тұтастай БҰҰ ҚК қазіргі тұрақты емес мүшелігіміздің шеңберінде Қазақстан әртүрлі халықаралық алаңдарда өңірдің табысты және қауіпсіз дамуы үшін қажетті: терроризмге және экстремизмге қарсы күрес, есірткі трафигі мен ұйымдасқан қылмыстың алдын алу, шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз көші-қонға қарсы күрес, ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағын құру және т.б. сияқты мәселелерді ілгерілете отырып, Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделерін мақсатты түрде қорғап келеді және қорғауды жалғастыруда.

Осы күш-жігердің барлығы тәуелсіз дамудың ширек ғасыры ішінде Орталық Азия елдеріне екіжақты да, сонымен бірге көпжақты да деңгейлерде практикалық мәселелерді шешуге арналған пәрменді механизмдерді жүзеге асырудың сәті түскенін атап өту қажет. Бұл процесс ең алдымен өңір мемлекеттерінің арасындағы саяси диалог деңгейін елеулі түрде арттырумен, өңірішілік және халықаралық күн тәртібі мәселелерінің көпшілігі бойынша позициялардың жақындығымен немесе үйлесуімен байланысты жаңа серпінге ие болады.

Өңір елдері басшылығының соңғы уақытта жиілеп кеткен екіжақты және көпжақты форматтардағы байланыстары өзара іс-қимылдың өскелең серпіні туралы дәлелдейді.

Соңғы бір жарым жылдың ішінде Өзбекстанмен саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өңірлік аспектілердегі ынтымақтастықтың жоғары қарқыны байқалуда. Екі президенттің жеті кездесуі, оның бесеуі Өзбекстан басшысының Астанаға және біздің Мемлекет басшысының Ташкентке және Самарқандқа сапарлары болды.

Жоғары деңгейдегі уағдаластықтар Қазақстан-Өзбек қатынастарын сапалық жағынан жаңа деңгейге шығарады. Екі мемлекеттік сапардың қорытындылары бойынша әртүрлі деңгейдегі екіжақты 27 құжатққа қол қойылды, 400 компанияның қатысуымен екі бизнес-форум өткізілді, олардың шеңберінде жалпы сомасы 1,2 млрд. доллар болатын сауда келісімшарттары мен инвестициялық келісімдер жасалды. 2020 жылға қарай өзара тауар айналымын 5 млрд. долларға дейін ұлғайту туралы көтеріңкі мақсат қойылды. Бүгінде екі елдің үкіметтерінің алдында тұрған міндеттерді үдемелі түрде іске асыру жүріп жатыр.

2018 жылғы 15 наурызда Астанада «Қазақстандағы Өзбекстан күндерінің» ашылуы болды. Біздің елдеріміздің арасында мұндай іс-шаралар алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Осы оқиғаның шеңберінде қол қойылған Бірлескен жоспарға 140-тан астам тармақ кіреді. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың санын ұйымдастыру болжануда, олар іс жүзінде біздің еліміздің барлық өңірлерінде іске асырылуда. Екі елдің аумақтарында өндіріліп, өңірлік және әлемдік нарықтарға шығарылатын тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Іскерлік кеңестің отырыстарын, көрмелер, жәрмеңкелер, бизнес-форумдар өткізу жоспарлануда.

Екі мемлекеттің басшыларының арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес 2019 жыл «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» деп жарияланды.

Қазақстан Қырғызстанмен достық, тату-тәтті көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан ынтымақтастыққа зор маңыз береді. Астана мен Бішкектің арасында жоғары және биік деңгейлердегі кездесулер мен келіссөздер тұрақты түрде өткізіледі. Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің 2017 жылғы 25-26 желтоқсандағы Астанаға ресми сапарының барысында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасында Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартқа, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімге қол қойылды.

Су-энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану саласында бірыңғай тәсілдемелер әзірлеу жөніндегі 2020 жылға қарай тауар айналымының көлемін 1 млрд. долларға дейін ұлғайту және Қазақстан-Қырғыз Іскерлік кеңесін құру жөніндегі бірлескен Жұмыс тобын құру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қазақстанның Тәжікстанмен қатынастары екі ел тәуелсіздік алған сәттен бастап достық және әріптестік рухында дамуда.

Соңғы уақыттағы екі мемлекеттің арасындағы сенімгерлік және өзара тиімді диалог елеулі түрде жанданды. Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның 2018 жылғы 14-15 наурыздағы Қазақстанға ресми сапарының қорытындылары бойынша Қазақстан-Тәжік стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын дамытудағы жаңа кезеңді айқындайтын уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Бірқатар құжаттар, соның ішінде Екі ел президенттерінің стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және ҚР мен ТР арасындағы тату-тәтті көршілікті нығайту туралы бірлескен мәлімдемесі және Екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Бұдан басқа, көші-қон саласындағы үш келісімге, сондай-ақ ведомствоаралық жеті құжатқа қол қойылды.

Мемлекет басшылары таяудағы 3-4 жылда өзара сауданың көлемін 2 млрд. долларға дейін ұлғайту міндетін қойды.

Түркменстанмен ынтымақтастық үдемелі дамумен сипатталады. Екіжақты қатынастардың елеулі серпініне Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің 2017 жылғы 18-19 сәуірдегі Астанаға мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілді. Қазақстан Республикасы мен Түркменстанның арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарт және Қазақстан Республикасы мен Түркменстанның арасындағы Қазақстан-Түркмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісім сияқты тарихи тұрғыдағы маңызды құжаттарға қол қойылды, солардың арқасында ынтымақтастық сапалық жағынан жаңа стратегиялық деңгейге шықты.

Қатынастардың оң серпіні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жабық үй-жайлардағы жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарының ашылуына қатысу үшін 2017 жылғы қыркүйектегі Ашхабадқа жұмыс сапарының барысында расталды.


Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы

2015 ж.

2016 ж.

2017 ж.

Қырғызстан

700,5 млн. долл.

668 млн. долл.

758,4 млн. долл.

Тәжікстан

583,7 млн. долл.

590,3 млн. долл.

776,3 млн. долл.

Түрікменстан

178,2 млн. долл.

283,5 млн. долл.

99,2 млн. долл.

Өзбекстан

1,6 млрд. долл.

1,5 млрд. долл.

1, 98 млрд. долл.

Барлығы

3,1 млрд. долл.

3,05 млрд. долл.

3,6 млрд. долл.

Динамикасы

-27,7%

-2,4%

+18,4%

Дереккөзі: ҚР ҰЭМ Статистика Комитеті

***

Орталық Азияның ортақ тарихы, географиялық, мәдени және діни жақындығы бар елдерінің өңірлік жақындасу процесі әрқашан заңды болып табылды. Дәстүрлі түрде қалыптасқан ұқсас экономикалық және саяси мәселелер мен әлеуметтік байланыстар тығыз ынтымақтастыққа бағытталған шынайы алғышарттар жасайды.

Қазақстанның Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркменстанның және Өзбекстанның аса ірі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылатындығы сөз етуге тұрарлық. Мысалы, 2017 жылы Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 19% артты және 3,6 млрд. долларды құрады.

Біздің бағалауымыз бойынша, соңғы бір жарым жылдың ішінде өңірлік қатынастарда айтарлықтай серпін жасалды. 2017 жылдың басынан бастап Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері бесжақты форматта Ташкентте және бірнеше рет Нью-Йоркте кездесті, оларда Сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі (2017 жылғы 22 қыркүйек) қабылданды, ал 2017 жылғы 11 қарашада Самарқандта Сыртқы саясат ведомстволарының арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді.

Біз Орталық Азиядағы барлық аса маңызды өңірлік мәселелер бойынша диалогты дамытудың оң үрдістерін байқаймыз. Өңір елдері мемлекеттік шекараларды халықаралық-құқықтық ресімдеу мәселелерінде айтарлықтай ілгеріледі және соңғы уақытта жинақталған проблемаларды шешуге белсенді түрде кірісті.

2018 жылғы 15 наурызда Астанада өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының жұмыс (консультациялық) кездесуі тарихи ауқымдағы оқиғаға айналды, ал оның жалпыға бірдей бірлік пен жаңарудың Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілуі біздің ортақ мәдени-өркениеттік үйлесімділігімізді көрсетті.

Кезесуге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев қатысты. Түркменстаннан Президент Гурбангулы Бердымухамедовтің тапсырмасы бойынша Меджилис Спикері Акджа Нурбердыева қатысты.

Мемлекет басшылары ұзақ уақыттан бері Астанадағы алғашқы кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықтың базалық басымдықтарын айқындады және болашаққа арналған жоспарларды белгіледі. Орталық Азия мемлекеттерінің одан арғы өңірлік өзара іс-қимылдың тұжырымдамалық мәселелері жөніндегі жақын немесе үйлесімді позициялары туралы сеніммен айтуға болады.

Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге, діни экстремизмге және есірткі трафигіне қарсы күрес бойынша күш-жігерді үйлестіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсаттарда өңірлік және халықаралық мәселелерді шешуде ортақ тәсілдемелер әзірлеу бойынша сыртқы істер министрліктерінің бесжақты тұрақты консультацияларының тиімді практикасын жалғастыру мәселесі шешімін тапты.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде өңіраралық және шекара маңы байланыстарын дамыту, экономикаларды жаңа инновациялық-цифрлы платформаға көшіру жолымен инвестициялық өзара іс-қимылға арналған жағдайларды жақсарту, тариф саясатын оңтайландыру және транзиттік тасымалдар кезіндегі әкімшілік рәсімдерді оңайлату арқылы жандандыруға деген дайындық білдірілді.

Орталық Азиядағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілету үшін өңір елдерінің вице-премьерлері деңгейіндегі жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тұтастай алғанда, Орталық Азия мемлекеттері өңірішілік мәселелердің бүкіл кешенін шешуді өңір елдерінің өздері жүзеге асыра алатындығына және жүзеге асыруға тиістігіне сенімділігін білдірді.

Бұл ретте кездесуге қатысушылар консультациялар механизмінде блоктық бағыттылықтың, өңірдің сыртқы елдерге қарсы тұру мақсаттарының жоқтығына назар аударды. Орталық Азия мемлекеттері барлық әріптестермен, соның ішінде Ресеймен, ҚХР-мен, АҚШ-пен, ЕО-мен және т.б. ынтымақтастықты дамытуға өз мүдделіліктерін білдірді.

Мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме жасай отырып, алғаш рет Орталық Азия халықтарын Наурыз мерекесімен бірлесіп құттықтады.

Көрсетілген кездесулерді жыл сайын, барлығы үшін ортақ Наурыз мерекесі қарсаңында бесжақты форматта өткізіп тұру туралы шешім қабылданды. Келесі консультациялар 2019 жылы Ташкентте өтеді.

Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия мемлекеттерін жақындастыру туралы бастамалары қазіргі жағдайларда нақты көрініске ие болады және өңір елдері тарапынан шынайы қолдау тапты. Орталық Азия мемлекет басшыларының Астанада өткен алғашқы Жұмыс (консультациялық) кездесуі өңірлік әріптестік пен сенімді нығайтудағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті.

ОА елдерінің арасындағы сындарлы және өзара тиімді қатынастар ортақ толғақты проблемаларды шешу бойынша бірлескен күш-жігерді іздестіруге бағытталған өзара түсіністік пен ынтымақтастық ахуалын тудырады.

Өңіраралық экономикалық байланыстардың, су ресурстарын ұтымды пайдаланудың, экологиялық проблемаларды бірлесіп шешудің, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттары бойынша халықаралық көлік дәліздері жобаларын іске асырудың рөлі артуда.

Өз кезегінде, Қазақстан одан әрі де Орталық Азия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосу ниетінде. Тәуелсіздіктің бүкіл кезеңі бойында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өңірлік ынтымақтастықты дамыту және нығайту бойынша біз іске асырып жатқан сыртқы саяси бағытына деген адалдықты дәлелдеген ОА мемлекет басшыларының алғашқы Жұмыс (консультациялық) кездесуінің қорытындылары біз үшін басты бағдар болады.

Біз барлық мүдделі әріптестердің мақсаттарын үйлесімді байланыстырудың негізінде Орталық Азияда бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің, ынтымақтастықтың және дамудың өңірлік аймағы үлгісінің қалыптасатынына және сынақтан ойдағыдай өтетініне сенімдіміз.

Қосылған : 7.06.2018, 15:50, Өзгертілген : 7.06.2018, 15:50