Ежи Старак. Polpharma Қазақстанның даму стратегиясына сай келеді

Ежи СТАРАК

POLPHARMA ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫНА САЙ КЕЛЕДІ

2011 жылы Polpharma Тобы – Орталық және Шығыс Еуропаның жетекші компанияларының бірі және генериктерді өндіруші – Қазақстанға инвестиция салу туралы шешім қабылдады. Мұнда 10 жыл барысында 120 миллион доллар сомасындағы ірі қаржы жұмсалуы туралы әңгіме қозғалды. Инвестициялау нәтижесінде Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ зауыты жаңғыртылды – қолданыстағы инфрақұрылым түгелдей ауыстырылды, үдерістер жетілдірілді, персонал оқудан өтіп, өндірістің жаңа технологиялары енгізілді.

Не себепті Қазақстан?

Польшада негізі қаланған Polpharma компаниясы өз кеңеюінің стратегиялық бағыты ретінде шығыс нарықтарын таңдады. Жартығасырлық мәдени және экономикалық байланыстарды ескерсек, бұл халықаралық нарықтарға шығудың қисынды таңдауы еді.

Польшаның негізгі импорттаушыларының арасында Қазақстан елуінші орында тұр. Біздің пікірімізше, бұл көрсеткіш мүмкін межеден әлдеқайда төмен – елдеріміздің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты ынталандырудың айтарлықтай әлеуеті бар. Орталық Азиядағы ең алдыңғы қатарлы және тұрақты экономикасымен танымал Қазақстан инфрақұрылымға біздің инвестицияларымызды салу үшін барынша лайық деп санаймыз.

ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда, бизнесті жүргізу тұрғысынан Қазақстан – табыстылықтың үлгісі, себебі ол халқының өмір деңгейін жақсартуға, халықаралық аренадағы беделін арттыруға және ішкі шиеленісті еңсеруде тиімді әрекет етуге мүдделі. Polpharma ұқсас капитал жұмсалымдары тұрақты орта мен ұзақ мерзімді келешектегі инвестициялық қауіпсіздіктің кепілін талап етеді.

Көп жыл бойы Қазақстан экономикасы табиғи ресурстар мен тау-кен қазу өнеркәсібіне арқа сүйеп келді. Бүгінгі таңда фармацевтикалық өнеркәсіп, биотехнология, ақпараттық технологиялар және болашақ энергиясы сияқты технология жағынан ілгері басқан, ғылымды қажетсінетін салалардың өсуіне басымдық беріліп отыр. Polpharma фармацевтикалық компаниясы Қазақстанның даму стратегиясына жақсы жарасады.

Жаңа технологиялар – табыс кілті

Фармацевтикалық өнеркәсіпте Қазақстан білімді, ноу-хауды табыстауға және шетел инвестицияларын қабылдауға даяр.

Ағымдағы өндірістік үдерістерде қолданылатын алдыңғы қатарлы технологияларды табыстауға қабілетті Polpharma тобы – Қазақстан экономикасы үшін керемет серіктес. Біздің компания дәрілерді өндірудің ең заманауи технологияларына арқа сүйейді. Технологиялардың жартысы біздің Польшадағы зауыттарымыздан табысталуда, ал екінші жартысы Шымкенттегі жергілікті өндірісте жоғары білікті талдаушылар мен ғалымдардың тобымен жасақталып жатыр. Қазақстандағы дәрі-дәрмектерді отандық өндіруші ретінде біздің өзіміздің ғылыми-зерттеу орталығымыз бар, онда фармацевтикалық дәрі-дәрмектер тұжырымдамадан өндіріске дейін жасақталады.

Біз нарықта сатылатын өнім Қазақстанда өндірілуі тиіс деген шартпен дәрілерді жеткізудің ұзақмерзімді келісім-шартының бенефициарымыз. Қазақстанда заманауи дәрі-дәрмектерді өндіріп, оларды елден экспорттау - біз үшін қалыпты шарт.

Polpharma-ның жергілікті өндірістік қуаттары бүкіл Қазақстан мен Еуразиялық одақтағы біздің дәрілерімізге деген сұранысты қанағаттандырады. Біз ауруханалар мен қарқынды терапия бөлімдеріндегі фармацевтикалық дәрі-дәрмектерді арнайы мамандандырылған жеткізушіміз. Біз зарарсыздандырған дәрі-дәрмек формаларын – инъекциялар мен инфузияларды өндіреміз. Біздің өндірістік базамыз Еуразиялық одақта бірегей және Қазақстан экономикасы үшін негізгі активке айналды.

Барлық артықшылықтарды ұғына отырып, біз Қазақстанның экономикалық дипломатиясының экспорттық мақсаттарын жүзеге асыру үшін қарқынды жұмыс жасаудамыз. Соңғы екі жылда біздің көрші елдермен Ресейге жасалған экспортымыз үш есе артты.

Технологиялар мен дағдылар

ҚР билігі тауарлық нарықтардағы ауытқуларға байланысты экономика тұрақтылығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. «Қазақстан-2050» стратегиясына сай, Қазақстан әлемнің 30 экономикасы жағынан ең дамығанелдердің қатарына енуі тиіс. Бұл болжам ішкі нарықтың әлеуетіне, Еуропа мен Польшадан келетін жоғары технологиялық тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың артуына, Орталық Азия нарықтарының кеңею мүмкіндіктеріне негізделген.

Сондай-ақ Қазақстан әлемдегі ең маңызды қаржылық орталықтарының бірін құруға және инфрақұрылымның, логистиканың және көліктің шапшаң өсуіне қол жеткізуге талпынуда.

Фармацевтикалық секторда біз ішкі нарықтың дамуын көріп отырмыз. Емделушілер тиімділігі дәлелденген жоғары сапалы дәрі-дәрмектерге негізделген нәтижелі терапияны күтеді. Шымкент зауытында Polpharma Тобы еуропалық стандарттарға сай лайықты өндірістік тәжірибені енгізді. Осылайша біз тұтынушылардың үмітін ақтай аламыз. Расында да, біздің өнімдерімізге деген сұраныс артып жатыр. 2018 жылдың деректеріне сай, SANTO Member of Polpharma Group нарықтың көшбасшысына және ауруханалық және дәріханалық дәрі-дәрмектердің жеткізушісіне айналды. Мұндай табыстылықты дәрілердің жоғары сапасы мен сауда өкілдерінің үздік жұмысымен түсіндіруге болады.

Әсіресе, стратегиялық салалардағы, соның ішінде фармацевтикалық саладағы, кәсіби дағдылардың маңызы бүгінгі таңда Қазақстанда толықтай ұғынылады. Бұл жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанындағы Шетелдік инвесторлар Кеңесінің отырысы нақ осы мәселеге арналатын болады.

Біздің ойымызша, кәсіби құзыреттер – Қазақстанның тиімді және шапшаң экономикалық өсімі үшін басты шарт. Қарқынды техникалық ілгерілеу дәуіріндегі осы салаға қажетті мамандандырылған дағдылар және олардың үнемі жетілдіріліп отыруы – бәсекелестік басымдықтың ең маңызды көзі.

Шымкент қаласындағы SANTO компаниясының лабараториясы

Атап өтерлігі, Шымкент қ. зауыт қызметкерлерін оқыту 2011 жылы басталған ұзақ және күрделі процесс болды. Бүгінгі таңда зауыт командасы еуропалық тәжірибелер мен талаптарға сай жұмыс жасап жатыр деуге болады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бізге 5 жыл бойы тығыз ынтымақтасып қызмет етуге – жергілікті қызметкерлерді біздің польшалық зауыттарымызда оқытып, Шымкентке Польшадан мамандарды тартуға тура келді. Шетелдік мамандар 480 күннен астам оқу сабақтарын өткізді.

Бүгін біз Шымкенттегі зауыт дәл Старогард-Гданьскідегі Polpharma Тобының бас зауыты сияқты жұмыс жасап отыр деп айта аламыз.

Инвестор көзқарасы: біз экономикалық дипломатияны барынша қолдаймыз

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың пікірінше, Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып отыр, 2018 жылы қаңтардан қарашаға дейін ЕО үлесіне сауда айналымының 49,8% келді.

Дипломат Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды. Ұзақ мерзімді әлеуеттегі түпкі мақсат Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін созылатын бірыңғай экономикалық зона құру болуы мүмкін.

Polpharma Тобы үшін бұл аса қызықтыратын мүмкіндік. Даму жоспарларында біз Қазақстанды азиялық нарықтарға әрі қарай кіре түсудің «орталығы» ретінде қарастырамыз. Қазақстандағы қолданыстағы нормативті талаптар, соның ішінде дәрілік заттардың тіркелуі және маркетингі еуропалық заңнама үлгісімен қалыптастырылған. Егер осыған ұқсас ережелер Орталық, сондай-ақ Шығыс Азияда қабылданатын болса, GMP еуропалық стандарттары бойынша өндірілген дәрілік заттарды аймақтың басқа елдерінде сатуға болады. Біз Қазақстанның осы бағыттағы бәрін қамтитын бастамасындағы экономикалық дипломатиясын барынша қолдаймыз.

Инвестор тағдыры: Қазақстанда бизнес жүргізу

Бүкіләлемдік банктың «Бизнес жүргізу-2017» рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында 35-ші орынды, ал Польша 24-ші орынды иемденуде.

Қазақстанның 49-шы орыннан көтерілуі бизнесті бастауға қажет инвесторлар мен инвестицияларды қорғаудағы ілгерілеудің, салық салуды жеңілдету және процедураларды жеңілдетудің арқасында мүмкін болды.

Қазақстанда 8-жылдық тәжірибесі бар және тұрақты қызмет атқарып келе жатқан инвестор ретінде біз үкіметтің инвестициялық ілгерілеуді жеңілдетудегі шешімдерді қабылдауын және күш салуын бақылап келеміз. Polpharma Тобы ең ірі қазақстандық фармацевтикалық компанияның ортақ иесіне айналған 2011 жылға дейін Polpharma-ның өкілдігі болды. Бұл бізге нарық пен оның әлеуетімен танысуға мүмкіндік берді. Біз құқықтық жүйе мен үкіметтің экономикалық даму саласындағы жоспарларына мұқият көз салдық.

Бұл бізге қазіргі таңда SANTO Member of Polpharma Group сауда белгісімен танымал Шымкент қ. «Химфарм» АҚ фармацевтикалық компаниясына инвестиция салу туралы шешім қабылдауға көмек көрсетті.

Бастапқыда ынтымақтастық оңайға соқпады. Біз өндіріс технологияларын табыстауға, басқару жүйелеріндегі өзгерістерге және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға баса назар аудардық.

Біз Қазақстанда қазіргі зарарсыздандырылған дәрілік заттарды жасаудағы лайықты өндірістік тәжірибенің еуропалық стандарттарын енгізу мақсатын алға қойдық.

Қазіргі таңда біз Орталық Азиядағы зарарсыздандырылған дәрілік заттарды өндіру бойынша ең заманауи зауытқа иелік етудеміз. 2017 жылдың аяғына қарай шымкенттік зауыттағы қолданылып келген өндірістік қуаттарды жетілдіруге және жаңасын салуға кеткен инвестициялар көлемі 80 миллион АҚШ долларына жуық соманы құрады. Табысталған технологиялардың құны мен персоналды оқытуға кеткен шығындарды қосқанда, инвестициялар сомасы 120 миллион АҚШ долларына жетті.

Атап өтейік, Қазақстан билігі қазіргі әрекет етуші инвесторларды барынша қолдап отыр. Біздің тәжірибемізге сенер болсақ, қажет болған жағдайда олар көмек көрсетіп, рәсімдерді шапшаңдатуға даяр. Президент пен оның үкіметі инвесторлардың сұранымдары мен ұсыныстарына сай әрекет етіп, инвестициялық үдерісте қандай да бір іркіліс болмас үшін нақты шешімдер табуға талпынуда. Біз өз жұмысымыздың барысында тап болған нақты мәселелерді шешуде осындай көмекке ие болдық.

Инвесторларға қолдау көрсету атмосферасы

2017 жылы Қазақстан ЭЫДҰ мен ЕО елдерінің азаматтары үшін визалық талаптардан бас тартты. Осыған қоса, 2017 жылдың аяғында Варшава мен Астана арасында тікелей әуе қатынас жолы ашылды.

Визасыз кіру бағдарламасы, жұмыс жасауға рұқсат алу үшін арыз берудің жеңілдетілген рәсімдері және тікелей рейстер Polpharma компаниясының қызметкерлеріне бизнес жүргізуді айтарлықтай жеңілдетті.

2014 жылдан бастап Polpharma компаниясының және SANTO («Химфарм» АҚ) компаниясының негізгі акционері ретінде, мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар Кеңесінің мүшесі мен Қазақстанның Польшадағы Құрметті консулы атағына ие болдым. Осы қызметтердің аясында мен, бір жағынан, Қазақстанның экономикалық және саяси талпыныстарын қолдау үшін, екінші жағынан, Қазақстанға шетелдік (польшалық) инвестицияларды тарту үшін мақсатты әрекет етудемін. Қазақстанмен арадағы саудаға деген қызығушылықтың артып жатқанын ерекше қуанышпен атап өткім келеді. Қазіргі таңда мұнда меншіктің түрлі формаларында польшалық капиталы бар 190-ға жуық кәсіпкерлік субъектілер тіркелген: 2002 жылы елде тек 42 кәсіпорын ғана болған, ал 2004 жылы бұл көрсеткіш 73-ке жетті.

Polpharma инвесторлар арасында көшбасшы болып қалуда, бірақ біз әлде де ең ірі Польшалық инвестор атағына лайық үміткерді кездестіруге сенім білдіреміз. Қазақстан үкіметінің инвестицияларды тарту үшін дипломатияны нығайтуға көмек болатын жаңа бастамасы осы мақсатқа жетуге ықпал етеді. Польша сияқты Қазақстан да экономикалық дипломатияның формуласын қабыл алды, ал біз бұл саясат 2019 жылдың өзінде-ақ өз нәтижесін әкеледі деп сенеміз.

Біз Қазақстанның елшілігі мен польшалық кәсіпкерлердің Қазақстанда еңбек етуін ынталандыру жолында белсенді қызмет атқарып жатқан Жоғары Мәртебелі Елші Марғұлан Баймұханмен міндетті түрде жұмыс жасаймыз. Бұл жолдағы салынып жатқан күш соған тұрарлық. Біздің мысалымыз дәлел болып отырғандай, Қазақстан – қауіпсіз және тұрақты ел, ол Орталық Азия нарықтарына әрі қарай кіруге жол ашады.

______________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Ежи Старак – Polpharma S.A-ның Бақылау Кеңесінің Президенті. Варшавадағы Бас ауылшаруашылық мектебін бітіріп, Ұлыбритания мен Италияда кәсіби тәжірибеден өткен. 2000 жылы польшалық нарықтағы ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі – Polpharma АҚ-ның фармацевтикалық зауытының иесі болды. Ежи Старак Polpharma арқылы Еуропа мен Азияның басқа нарықтарына өз қызметін кеңейтуде. 2011 жылы ірі ресейлік «Акрихин» ААҚ фармацевтикалық компаниясы және Қазақстандағы ірі фармацевтикалық өндіруші «Химфарм» АҚ Polpharma халықаралық тобының бір бөлігі болды.

Қосылған : 29.03.2019, 17:25, Өзгертілген : 29.03.2019, 17:25