«Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

«Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                                                              С. Ахметов


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 
ЗАҢЫ

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары 
мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификациялау туралы


2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция ратификациялансын.


Қазақстан Республикасының
Президенті


Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары
мен иммунитеттерi туралы конвенция


Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ, Қоғамдастық) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру үдерісін және өзiнiң өзге де мiндеттерiн тиiмдi орындауы үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етілуін қалай отырып,
халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 16-бабының ережелерін, соған сәйкес ЕурАзЭҚ шеңберiнде қолданылатын осы және өзге де халықаралық шарттарда көзделген функцияларды орындау және мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қажеттi артықшылықтар мен иммунитеттердi ЕурАзЭҚ және оның лауазымды тұлғаларының пайдаланатындығын ескере отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

Осы Конвенцияда мынадай терминдер қолданылады:
«болу мемлекетi» – аумағында ЕурАзЭҚ органы немесе Интеграциялық Комитеттің өкілдігі, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің Тұрақты өкiлдiгi орналасатын Тарап;
«ЕурАзЭҚ органдары» – ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі (Мемаралықкеңес), ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы, Қоғамдастық Соты;
«Бас хатшы» – Қоғамдастықтың жоғары әкiмшiлiк лауазымды тұлғасы;
«лауазымды тұлғалар» – Тараптардың ұсынуы бойынша ЕурАзЭҚ органдары бекітетін тұлғалар;
«қызметкерлер» – ЕурАзЭҚ органдарында олармен жасасылған келiсiм-шарттар негiзiнде мамандар ретiнде жұмыс iстейтiн тұлғалар;
«ЕурАзЭҚ өкiлдiгі» –ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінің Тараптар аумағында орналасқан өкiлдiгi;
«ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл (Тұрақты өкiл)» – жiберушi мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес және халықаралық құқық нормаларына сәйкес Қоғамдастық мәселелері жөніндегі қызмет үшін және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарттың 6-бабының 2-тармағына сәйкес құрылған ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдер комиссиясындағы жұмысы үшін қажетті өкілеттіктер берілетін ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің басшысы тағайындайтын өкіл;
«ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдік (Тұрақты өкілдік)» – Тарап ЕурАзЭҚ-та оның мүдделерін білдіру үшін жіберген ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкіл басқаратын бірқалыпты сипаттағы миссия;
«Тұрақты өкiлдiктiң қызметкерлерi» – ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкіл және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдік персоналының мүшелері (Тұрақты өкілдік аппараты);
«ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдік персоналының (Тұрақты өкілдік аппаратының)мүшелері» – Тұрақты өкілдіктің дипломатиялық персоналының, әкімшілік-техникалық персоналының және қызмет көрсетуші персоналының мүшелері;
«дипломатиялық персонал мүшелері» – ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдік (Тұрақты өкілдік аппараты) персоналының дипломатиялық рангы бар мүшелері;
«әкімшілік-техникалық персонал мүшелері» – ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдік (Тұрақты өкілдік аппараты) персоналының Тұрақты өкілдікке әкімшілік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын мүшелері;
«қызмет көрсетуші персонал мүшелері» – ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдік (Тұрақты өкілдік аппараты) персоналының Тұрақты өкілдікке қызмет көрсетуі жөніндегі міндеттерді орындайтын мүшелері;
«Тараптардың өкiлдерi» – Тараптардың ЕурАзЭҚ органдарындағы өкiлдерi, осы органдардың отырыстарына және Қоғамдастық шеңберiнде өткiзiлетiн iс-шараларға Тараптар жiберетiн делегациялардың басшылары және мүшелерi;
«ЕурАзЭҚ органдарының үй-жайлары» – ресми мақсаттарға, сондай-ақ Бас хатшы мен лауазымды тұлғалардың тұруы үшiн пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бөлiктepi;
«Тұрақты өкiлдiктiң үй-жайлары» – Тұрақты өкiлдiктiң ресми мақсаттарына, сондай-ақ ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің және Тұрақты өкілдік қызметкерлерiнiң тұруы үшiн пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бөлiктерi;
«отбасы мүшелерi» – Бас хатшының, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiң, Тұрақты өкілдік қызметкерлерiнiң ерi (зайыбы), олардың кәмелетке толмаған балалары мен асырауындағы адамдар.

2-бап

1. Бас хатшы, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер халықаралық қызметшілер болып табылады. Қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде олар Тараптардың билік органдарынан немесе ресми тұлғаларынан, сондай-ақ Қоғамдастық үшiн бөгде биліктен нұсқаулар сұратуға немесе алуға тиiстi емес.
2. Әрбір Тарап лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер функцияларының халықаралық сипатын бұлжытпай құрметтеуге және бұлар өз қызметтік мiндеттерiн атқарған кезде оларға ықпал жасамауға мiндеттенедi.


I. ЕурАзЭҚ артықшылықтары мен иммунитеттерi

3-бап

1. ЕурАзЭҚ органдарының мүлкi мен активтерi, Қоғамдастықтың өзi иммунитеттен бас тартатын жағдайларды қоспағанда, кез келген нысандағы әкiмшiлiк немесе соттық араласудан иммунитеттi пайдаланады.
2. ЕурАзЭҚ органдарының үй-жайлары, сондай-ақ олардың мұрағаттары мен құжаттары, соның iшiнде қызметтік хат-хабарлары олардың орналасқан жеріне қарамастан, тiнтуден, реквизициялаудан, тәркiленуден немесе оның бірқалыпты қызметiне кедергi келтiретiн араласудың кез келген басқа нысанынан босатылады. 
3. Болу мемлекетiнiң тиiстi билiк және басқару органдарының өкiлдерi, өрт немесе тоқтаусыз қорғау шаралары талап етілетiн басқа да жағдайларды қоспағанда, Бас хатшының, ЕурАзЭҚ органы басшысының немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалардың келiсiмiнсiз және олардың мақұлдауынсыз ЕурАзЭҚ органдарының үй-жайларына кiре алмайды.
4. Болу мемлекетiнiң тиiстi билiк және басқару органдарының шешiмi бойынша кез келген iс-әрекеттi орындау Бас хатшының немесе міндетін атқарушы тұлғалардың келiсiмiмен ғана ЕурАзЭҚ органдарының үй-жайларында орын алуы мүмкiн.
5. ЕурАзЭҚ органдарының үй-жайлары кез келген Тараптың заңдары бойынша қудаланған немесе Тарапқа не үшiншi мемлекетке берiлуге тиiс адамдар үшiн баспана бола алмайды.
6. ЕурАзЭҚ органдарының үй-жайларына тиіспеушілік оларды ЕурАзЭҚ-тың функцияларына немесе мiндеттерiне үйлеспейтін немесе Тараптардың жеке немесе заңды тұлғаларының қауiпсiздiгiне, мүдделерiне зиян келетін мақсаттарда пайдалануға құқық бермейдi.
7. Болу мемлекетi ЕурАзЭҚ үй жайларын кез келген басып кiруден немесе зиян келтiруден қорғау үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.

4-бап

1. ЕурАзЭҚ органдары мен ЕурАзЭҚ өкілдіктері, қызмет көрсетудiң (қызметтердiң) нақты түрлерi бойынша төлемдерді және осы Конвенцияның 46 және 47-баптарына сәйкес төленетін төлемдерді (аударымдар мен жарналарды) қоспағанда, болу мемлекетiнде төленетін салықтардың, алымдардан, баждар мен басқа да төлемдерден босатылады. 
2. ЕурАзЭҚ органдарының және олардың өкiлдiктерiнiң ресми пайдалануына арналған заттар мен өзге де мүлiктер Тараптар аумағында кедендiк баждардан, салықтар мен кеден алымдарынан босатылады.

5-бап

ЕурАзЭҚ органдары мен олардың өкiлдiктерi өздерiнiң ресми байланыс құралдарына қатысты болу мемлекетi дипломатиялық өкілдіктерге ұсынған жағдайлардың қолайлылығы кем емес жағдайларды пайдаланады.

6-бап

ЕурАзЭҚ органдары мен олардың өкілдері өздерi тұрған үй-жайларға және өздерiне тиесiлi автокөлiк құралдарына Қоғамдастықтың жалауын, эмблемасын немесе басқа да рәмiздерiн орналастыра алады.

7-бап

Қоғамдастық Тараптардың заңнамаларын сақтаған жағдайда, жариялануы ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiмен көзделген баспа өнiмдерiн өзiнiң мақсаттары мен функцияларына сәйкес шығарып, тарата алады.

8-бап

Болу мемлекетi ЕурАзЭҚ-қа Қоғамдастықтың өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн қажеттi үй-жайларды сатып алуына немесе алуына жәрдемдеседі.

9-бап

ЕурАзЭҚ сот төрелігін тиiстi түрде іскe асыру және құқық қорғау органдарының ұйғарымдарын орындау, сондай-ақ осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге байланысты кез келген теріс пайдаланушылықтың алдын алу мақсатында Тараптардың тиiстi мемлекеттік билік және басқару органдарымен ынтымақтаса жұмыс істейді.


II. Бас хатшының, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң артықшылықтары және иммунитеттерi

10-бап

Бас хатшы және онымен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, егер олар болу мемлекетiнiң азаматтары болып табылмаса, дипломатиялық агент үшiн 1961 жылғы 18 сәуiрдегi Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген көлемде артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.

11-бап

1. Лауазымды тұлғалар және олармен болу мемлекетінде бiрге тұратын отбасы мүшелерi:
а) лауазымды тұлғалар ретiнде айтқан немесе жазған және жасаған барлық iс-әрекеттерi үшiн қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылмайды;
б) ЕурАзЭҚ органдары төлейтiн еңбекақысына және өзге де сыйақыларына салық салудан босатылады;
в) мемлекеттiк міндетті борыштан босатылады;
г) болу мемлекетіне кіру және одан шығу бойынша шектеулерден, шетелдiктер ретiнде тiркелуден және уақытша тұруға рұқсат алудан босатылады; 
д) Қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде бастапқы жайғасуға арналған заттар мен өзге де мүлік үшін кедендiк баждар төлеуден, салықтар мен кеден алымдарынан босатылады;
е) дипломатиялық өкiлдiктер халықаралық дағдарыстар кезiнде қандай жеңiлдiктердi пайдаланса, репатриация бойынша сондай жеңілдіктерді пайдаланады.
2. Егер лауазымды тұлғалар және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері болу мемлекетiнiң азаматы болып табылса немесе оның аумағында тұрақты тұратын болса, оларға осы баптың 1-тармағының «б», «г», «д» және «е» тармақшалары қолданылмайды.
3. Болу мемлекетiнiң азаматы болып табылмайтын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ болу мемлекетінде олармен бірге тұратын отбасы мүшелері аккредиттелуге тиісті.

12-бап

Бас хатшының, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтi қоспағанда, жеке пайда мүддесіне немесе өзге тұлғалардың пайдасына кәсіпкерлік немесе кез келген басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
Ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтен табыс алынған жағдайда, бұл табыстарға салық салынуға тиісті.

13-бап

Бас хатшы, лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелері кез келген көлiк құралдарын пайдалануға байланысты үшiншi адамдарға келтiрiлуi мүмкiн залалдан сақтандырылуға қатысты болу мемлекетiнiң заңнамасында көзделген талаптарды сақтауға тиiс.

14-бап

1. Қызметкерлер өздерiнiң қызметтік функцияларын тікелей орындау кезінде жасалатын іс-әрекеттеріне қатысты болу мемлекетінің сот немесе әкiмшiлiк органдарының заңдық құзырына жатпайды, бұған:
1) оларға тиесiлi не олар жүргізетін көлiк құралы арқылы болған жол-көлiк оқиғасына байланысты залалды өтеу туралы талаптар қою;
2) олардың iс-әрекеттері тудырған өлім немесе дене жарақатына байланысты талаптар қою қосылмайды. 
2. Қызметкерлер болу мемлекетіне кіру және одан шығу бойынша шектеулерден, шетелдiктер ретiнде тiркелуден және уақытша тұруға рұқсат алудан босатылады.
3. Осы баптың ережелері сол мемлекеттің азаматтығы бар қызметкерлер мен мемлекет биліктері арасындағы өзара қарым-қатынасқа қолданылмайды.

15-бап

Бас хатшы, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке пайдасы үшін емес, олар өздерінің ресми функцияларын ЕурАзЭҚ мүдделеріне орай тиiмдi, тәуелсiз орындауы үшiн берiледi.

16-бап

1. Бас хатшы, лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерi белгіленген жерге бара жатқан кезде болу мемлекетiнiң аумағына келген сәтінен бастап немесе егер олар осы аумаққа келіп болған болса, Бас хатшы немесе лауазымды тұлғалар өздерiнiң мiндеттерiн орындауға кiрiскен сәтінен бастап осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
2. Бас хатшының немесе лауазымды тұлғаның функциялары тоқтатылған кезде олардың артықшылықтары мен иммунитеттерi, сондай-ақ олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң артықшылықтары мен иммунитеттерi, әдетте, осындай тұлғаның болу мемлекетiн қалдырып кеткен сәтінен немесе мұны iстеу үшiн осы сәттердің қайсысы бұрын басталатынына байланысты, ақылға қонымды болатын мерзімнің өтуіне қарай тоқтатылады. Отбасы мүшелерiне қатысты артықшылықтар мен иммунитеттер, олардың Бас хатшының немесе лауазымды тұлғаның отбасы мүшелерi болудан қалған кезінде тоқтатылады, алайда егер осындай тұлғалар болу мемлекетiн ақылға қонымды мерзiм iшiнде қалдыруын кетуге ниеттенiп отырса, онда артықшылықтар мен иммунитеттер олар кететiн сәтке дейiн сақталатындығы ескерiледi.
3. Бас хатшы немесе лауазымды тұлға қайтыс болған жағдайда, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi болу мемлекетiн қалдырып кеткен сәтке дейiн немесе осы сәттердің қайсысы бұрын басталатынына байланысты болу мемлекетiн қалдырудың ақылға қонымды мерзiмі өткенге дейiн өздерiне берiлген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануды жалғастырады.

17-бап

Осы Конвенцияға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын барлық тұлғалар, өздерiнiң артықшылықтары мен иммунитеттерiне нұқсан келтiрместен болу мемлекетінің заңнамасын құрметтеуге мiндеттi. Сондай-ақ олар осы мемлекеттiң iшкi iстерiне араласпауға мiндеттi.

18-бап

1. Қоғамдастықтың пікірінше иммунитет сот төрелігін жүзеге асыруға кедергi келтiредi және одан бас тарту берiлген иммунитетке байланысты мақсаттарға нұқсан келтiрмейдi деп табылған жағдайда, Қоғамдастық Бас хатшының және лауазымды тұлғаның иммунитетiнен бас тарта алады. Бас хатшыға, лауазымды тұлғаларға қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Мемлекетаралық кеңеске тиесілі.
2. ЕурАзЭҚ органдарының қызметкерлеріне қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Бас хатшыға тиесілі.
3. Иммунитеттен бас тарту айқын бiлдiрiлуге тиiс.

III. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер өкiлдерiнiң 
артықшылықтары мен иммунитеттерi

19-бап

Тараптардың өкiлдерi ресми iс-әрекеттердi атқаруы кезiнде және Тараптар аумағында Қоғамдастық ұйымдастыратын iс-шаралардың өткiзiлу орнына бара жатқан уақытта мынадай артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады:
1) жеке басын қамауға алудан немесе ұстаудан, сондай-ақ осындай тұлғалар ретінде жасауы мүмкiн барлық iс-әрекеттерге қатысты сот және әкiмшiлiк билiктердiң заңдық құзырының қарауынан иммунитетi болады;
2) тұрғын үйiне қол сұғылмайды;
3) егер ресми немесе жеке пайдалануға арналмаған заттар мен өзге де мүлкі бap деп болжамдауға маңызды негiздер болмаса, іс-шара өткізілетін аумақ Тарабының заңнамасымен шеттен әкелуге не әкетуге тыйым салынған немесе шектелген заттар мен өзге де мүлкі болмаса, бiрге алып жүретін багажы мен қол жүгi кедендiк тексеруден босатылады; 
4) болу мемлекетіне кіру және одан шығу бойынша шектеулерден, шетелдiктер ретiнде тiркелуден және уақытша тұруға рұқсат алудан босатылады.
2. Осы баптың ережелері ол азаматы немесе өкілі болған немесе болып таыблатын өкіл мен мемлекет биліктері арасындағы өзара қарым-қатынастарға қолданылмайды.

20-бап

Тараптардың өкiлдерi пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке пайдасы үшін емес, олар ресми функцияларын өз Тарапының мүдделері мақсатында тиiмдi, тәуелсiз түрде орындауы үшiн берiледi.

21-бап

Тараптар өкiлдерi орналасатын үй-жайлар, жиhаз-саймандар мен басқа да мүлік, сондай-ақ олардың қызметтік қажеттiлiк үшiн пайдаланатын көлiк құралдары тiнтуден, реквизициялаудан, тыйым салудан және атқарушылық ic-әрекеттерден иммунитеттi пайдаланады.

22-бап

Тараптар өкiлдерiнiң мұрағаттары мен құжаттарына олардың ақпарат иеленуіне және орналасқан жерiне қарамастан кез келген уақытта қол сұғылмайды.

23-бап

Егер бұл тыйым салынған немесе мемлекеттiк қауiпсiздiк мақсатында реттелетiн аймақтар туралы заңдар мен ережелерге қайшы келмесе, болу мемлекетi өз аумағында барлық Тараптар өкiлдерiне олардың функцияларын орындауына қажет мөлшерде ерікті жүрiп-тұруды және сапарлар жасауды қамтамасыз етедi.

IV. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктердiң және олардың қызметкерлерiнiң артықшылықтары мен иммунитеттерi

24-бап

1. Тараптар болу мемлекетінің аумағында ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктерді құра алады.
Тұрақты өкілдік болу мемлекетінің аумағында заңды тұлға құқықтарын пайдаланады және өз мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін, соның ішінде:
шарт жасасуға;
жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, жалға алуға, иелігінен шығаруға және оларға иелік етуге;
кез келген валютада банктік шотқа ие болуға;
өзінің ақшалай қаражатын шет мемлекетке аударуға және шет мемлекеттен ақшалай аударымдар алуға;
сотта талапкер немесе жауапкер ретінде бой көрсетуге, сондай-ақ үшінші тарап болуға құқылы.
Айтылған құқықтар болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы бапта көзделген құқықтарды Тұрақты өкілдіктің атынан ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл не оны алмастырушы тұлға жүзеге асырады.

25-бап

Тұрақты өкiлдiкке оның басшысы мiндетiн жүзеге асыратын ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлден басқа ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері де кіреді.

26-бап

1. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктiң үй-жайларына, соның iшiнде ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiң жеке резиденциясына қол сұғылмайды.
2. Болу мемлекетінің билігі бұл үй-жайларға ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiң келiсiмiмен ғана кiре алады, бұған өрт немесе тоқтаусыз қорғау шаралары талап етілетiн басқа да жағдайлар қосылмайды.
3. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдіктiң үй-жайы, сондай-ақ ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктiң қозғалыс құралдары тiнтуден, реквизициялаудан, тыйым салудан және атқарушылық iс-әрекеттерден иммунитеттi пайдаланады.

27-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктiң мұрағаттары мен құжаттарына олардың ақпарат иеленуіне және орналасқан жеріне қарамастан кез келген уақытта қол сұғылмайды.

28-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдiктiң өз үй-жайларына жiберушi мемлекеттiң жалауы мен эмблемасын орналастыруға құқығы бар.

29-бап

Болу мемлекетi жiберушi мемлекеттiң ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк үшiн қажеттi үй-жайларды алуына немесе сатып алуына көмек көрсетедi.

30-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк өзiнің ресми байланыс құралдарына қатысты болу мемлекетi дипломатиялық өкілдіктерге ұсынған жағдайлардан қолайлылығы кем емес жағдайларды пайдаланады.

31-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк, коммуналдық болып табылатын және басқа да қызмет көрсетулер үшін төленетін төлемдерді қоспағанда, өз мақсаттары мен міндеттерін орындауға байланысты болу мемлекетiнiң аумағында алынатын барлық салықтар мен алымдардан, баждар мен басқа да төлемдерден босатылады.

32-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдіктер, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдер, дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналдың мүшелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері және болу мемлекетінің азаматы болып табылмайтын, қызмет көрсетуші персоналдың мүшелері 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріне, дипломатиялық агенттеріне және әкімшілік-техникалық персоналға, олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктерге қызмет көрсетуші персоналға тиісінше берілетін көлемде артықшылықтарды, иммунитеттер мен жеңілдіктерді пайдаланады.
Осы баптың күші болу мемлекетінің ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдігіне қолданылмайды.

33-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi, егер олар болу мемлекетiнiң азаматтары болып табылмаса немесе онда тұрақты тұрмайтын болса, болу мемлекетiндегi мемлекеттiк борыштардан босатылады.

34-бап

Егер бұл болу Тарапының заңнамасында көзделсе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл мен ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің:
1) ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктiң ресми пайдалануына арналған заттар мен өзге де мүлiктерді;
2) ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiң және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен өзге де мүлiктерді кеден баждарынан, салықтардан және осыған байланысты алымдардан босатыла отырып әкелуіне рұқсат етіледі.
ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл мен ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің өздерiмен бiрге алып жүретiн багажы мен қол жүгi, егер олардың ішінде осы баптың 1-абзацында көрсетiлген алып қоюға жатпайтын заттар мен өзге де мүлiктер немесе әкелiнуi мен әкетiлуi болу мемлекетiнiң заңымен тыйым салынған немесе заңнамасымен реттелетiн заттар мен өзге де мүлiктер бар деп болжамдауға маңызды негiздер болмаса, кедендiк тексеруден босатылады. Мұндай жағдайларда тексеру одан босатылуға жататын тұлғаның немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қатысуымен ғана жүргiзiледi.
Егер ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері болу мемлекетiнiң азаматтары болып табылса немесе онда тұрақты тұратын болса, оларға осы баптың күші қолданылмайды.

35-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл мен ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері болу мемлекетiнде ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтердi қоспағанда, жеке пайдасы үшiн кәсіпкерлік немесе кез келген басқа да қызметпен айналыспауға тиiс.
Ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтерден табыс алған жағдайда, бұл табыстарға болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес салық салынады.

36-бап

Жiберушi мемлекет дипломатиялық немесе өзге де келісілген арналар бойынша ЕурАзЭҚ жанындағы Интеграциялық Комитет пен болу мемлекетiн:
а) ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктің персоналы мүшелерінің тағайындалғаны туралы, олардың лауазымы мен атағы, олардың келуi мен біржолата кетуi туралы немесе олардың Тұрақты өкілдікте функцияларын тоқтатуы туралы, сондай-ақ Тұрақты өкiлдiктегi қызметi кезiнде олардың мәртебесiне өзі әсерін тигізуі мүмкiн басқа да өзгерiстер туралы;
б) ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің немесе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшесінің отбасы мүшесi болып табылатын және онымен бiрге тұратын кез келген адамның келуi мен біржолата кетуi және тиiстi жағдайларда сол немесе өзге адамның осындай отбасы мүшесi болатыны немесе болуын тоқтататыны туралы;
3) әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетушi персоналдың ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктегi жұмысының басталғаны мен тоқтатылғаны туралы;
4) осы Конвенцияның 26-бабына сәйкес қол сұғылмайтын үй-жайлардың орналасу жерi туралы, сондай-ақ осындай үй-жайларды сәйкестендіруге қажет болуы мүмкiн кез келген басқа деректер туралы хабардар етеді.

37-бап

1. Конвенцияның осы бөліміне сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерге құқығы бар әрбiр тұлға, оларды өзiнің қызмет орнына бара жатқан кезінде болу мемлекетiнiң аумағына кірген сәттен бастап немесе егер бұл тұлға сол аумаққа келіп болған болса, Қоғамдастық немесе жiберушi мемлекет болу мемлекетiне оның тағайындалуы туралы хабарлаған сәттен бастап пайдаланады.
Егер артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын тұлғаның функциялары аяқталса, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi әдетте сол адамның болу мемлекетiнің аумағын қалдырып кеткен сәтінен немесе мұны істеу үшін ақылға қонымды болатын мерзім өткеннен кейін тоқтатылады. Алайда өзінің ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшесі функциясын орындауы кезiнде осындай тұлға жасаған iс-әрекеттерге қатысты иммунитет қолданылуы жалғасады.
2. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл немесе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшесі қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелерi болу мемлекетiнің аумағын қалдырып кетудің ақылға қонымды мерзiмі өткенге дейiн өздерінің артықшылықтар мен иммунитеттерге құқығын пайдаланады.
3. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл немесе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшесі немесе онымен бiрге тұратын отбасы мүшесi қайтыс болған жағдайда, болу мемлекетi өз аумағы шегiнде сатып алынған және адам қайтыс болған уақытта алып кетуге тыйым салынған басқа барлық мүлiктi қоспағанда, қайтыс болған адамның жылжымалы мүлкiн алып кетуге рұқсат бередi. Қайтыс болған адамның болу мемлекетіне ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл лауазымында, Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшесі немесе оның отбасы мүшесi ретінде келген, айрықша күшіне байланысты оның сол мемлекетте орналасқан жылжымалы мүлкiне әр түрлі мұра салықтары салынбайды.

38-бап

1. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл немесе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері әдетте жiберушi мемлекеттiң азаматтары болып табылады. 
2. Болу мемлекетінің азаматы болып табылатын немесе сонда тұрақты тұратын ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл заңдық құзырдағы иммунитеті мен қол сұғылмаушылығын өз функцияларын орындау кезінде жасайтын ресми іс-әрекеттеріне қатысты ғана пайдаланады.
3. Болу мемлекетінің азаматы болып табылатын немесе сонда тұрақты тұратын ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері артықшылықтар мен иммунитеттерді болу мемлекеті рұқсат ететін шамада ғана пайдаланады. Алайда болу мемлекеті осы тұлғаларға қатысты заңдық құзырын ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкілдіктің өз функцияларын атқаруына негізсіз араласпайтындай етіп, жүзеге асыруға тиіс.

39-бап

ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналының мүшелері және олардың отбасы мүшелерi осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтiрместен болу мемлекетiнiң заңнамасын құрметтеуге мiндеттi. 
Олар сондай-ақ осы мемлекеттiң iшкi iстерiне араласпауға мiндеттi.

40-бап

1. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi өздерi пайдаланатын немесе оларға тиесiлi барлық көлiк құралдарына қатысты үшiншi тұлғалардың алдындағы жауапкершiлiктi сақтандыру туралы болу мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес мiндеттемелердi орындауға тиiс.
2. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктiң үй-жайлары және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелері мен олардың отбасы мүшелерi орналасатын тұрғын үй-жайлар ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің өз ресми функцияларын орындауына сәйкес келмейтін мақсаттарда пайдаланылмауға тиiс.

41-бап

Болу мемлекетінің азаматы болып табылмайтын ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлге және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктің дипломатиялық персоналы мүшелеріне дипломатиялық карточкалар беріледі. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктің болу мемлекетінің азаматы болып табылмайтын әкімшілік-техникалық және қызмет көрсету персоналы мүшелеріне тиісті санаттағы аккредиттеу карточкалары беріледі.

42-бап

1. Жiберушi Тарап өз пікірінше, иммунитет сот төрелігін жүзеге асыруға кедергi келтiредi және одан бас тарту берiлген иммунитетке байланысты мақсаттарға нұқсан келтiрмейдi деп тапқан жағдайларда, ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің иммунитетiнен бас тарта алады.
2. Бас тарту жазбаша нысанда айқын бiлдiрiлуге тиiс.
3. Егер жiберушi Тарап азаматтық талап қоюға қатысты ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің немесе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің иммунитетiнен бас тартпайтын болса, iстiң әдiлеттi шешілуіне барлық күш-жігерін жұмсайды.
4. ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiл немесе ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелері берген талап қою oны негiзгi талап қоюмен тiкелей байланысты кез келген қарсы талап қоюға қатысты болу мемлекетінің заңдық құзырындағы иммунитетке сiлтеме жасау құқығынан айырады.

43-бап

Егер келу тыйым салынған немесе ол мемлекеттiк қауiпсiздiк мақсатында реттелетiн аймақтар туралы заңнамаға қайшы келмесе, бұл жағдайда болу мемлекетi өз аумағында ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдің және ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiк персоналы мүшелерінің функцияларын орындауына қажетті мөлшерде жүрiп-тұру және сапарлар жасау еркiндiгiн қамтамасыз етедi.

44-бап

Болу мемлекетi, ЕурАзЭҚ органдары ЕурАзЭҚ жанындағы Тұрақты өкiлдiктiң өз функцияларын орындауына жәрдемдеседі.

V. ЕурАзЭҚ органдарындағы еңбек қатынастары және 
әлеуметтiк қамсыздандыру

45-бап

1. Бас хатшының, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң еңбек қатынастарын Қоғамдастық реттейдi.
2. ЕурАзЭҚ органдарының техникалық және қызмет көрсетушi персоналының еңбек қатынастары болу мемлекетiнiң заңнамасымен реттеледi.

46-бап

1. Бас хатшыны, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру олар азаматтары болып табылатын мемлекеттердің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақымен қамсыздандыру аударымдарын Қоғамдастық бюджетiнен Бас хатшы, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер азаматтары болып табылатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң тиiстi қорларына осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ЕурАзЭҚ органдары жүргiзедi.
2. Бас хатшыға, лауазымды тұлғаларға және ЕурАзЭҚ органдары хатшылықтарының қызметкерлерiне зейнетақы төлеу жөніндегі шығыстар олар азаматтары болып табылатын мемлекет есебінен жүргізіледі.

47-бап

1. Бас хатшыға, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге әлеуметтiк сақтандыру (қамсыздандыру) жөнiндегi жәрдемақы тағайындау және төлеу – аталған адамдар аумағында жұмыс iстейтiн мемлекеттiң заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Әлеуметтiк сақтандыру жәрдемақыларын төлеу жөніндегі шығыстар аумағында Бас хатшы, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер жұмыс iстейтiн мемлекет есебінен өзара есеп айырысу жүргізіледі. Бұл ретте әлеуметтiк және медициналық сақтандыру қорларына аударым жасау болу мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес Қоғамдастық бюджетiнен жүргiзiледi.

48-бап

Зейнетақы немесе әлеуметтiк сақтандыру (қамсыздандыру) бойынша жәрдемақы тағайындау кезiнде Бас хатшы, лауазымды тұлға немесе қызметкер ретiнде жұмыс iстеген кезең олар азаматтары болып табылатын мемлекеттiң заңнамасына сәйкес сақтандыру немесе еңбек стажына есептеледi.

VI. Қорытынды ережелер

49-бап

Егер осы Конвенцияға сәйкес осы Конвенцияның 1-бабында көрсетілген тұлғалар үшін үлкен көлемде артықшылықтар мен иммунитеттер берілетін болса, онда осы Конвенция ЕурАзЭҚ шеңберінде берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді реттейтін халықаралық шарттар алдында Тараптарға қатысты басымдықта болады.

50-бап

1. Осы Конвенцияның ережелері Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқа мүшелері мен департаменттері қызметкерлеріне де қолданылады.
2. Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқа мүшелері мен олардың отбасы мүшелері лауазымды тұлғалар және олардың отбасы мүшелері сияқты артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

51-бап

Осы Конвенцияны қолдануға немесе түсiндiруге байланысты туындаған даулар мүдделi Тараптардың консультациялар және келiссөздер жүргізуі арқылы шешiледi.
Тараптар алты ай ішінде келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, осы Конвенцияны қолдануға немесе түсiндiруге байланысты туындаған дауды кез келген мүдделі Тарап Қоғамдастық Сотының қарауына береді.

52-бап

1. Осы Конвенция ратификациялауға жатады. Ратификациялық грамоталар депозитарий болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетіне сақтауға тапсырылады.
2. Депозитарий соңғы ратификациялық грамотаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң осы Конвенция күшiне енедi.

53-бап

Осы Конвенция күшіне енген күннен бастап 2001 жылғы 31 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның қолданылуы тоқтатылады.

54-бап

Осы Конвенция 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарттың 9-бабына сәйкес ЕурАзЭҚ-қа мүше болып кіретін кез келген мемлекеттiң оған қосылуы үшiн ашық. Осы Конвенцияға қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылатын мемлекет үшiн осы Конвенция қосылу туралы құжат депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап күшiне енедi.

55-бап

Кез келген Тарап депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, осы Конвенциядан шыға алады.
Осы Конвенцияның бұл Тарапқа қатысты күшi депозитарий осындай хабарлама алған күннен бастап 6 ай өткеннен кейін тоқтатылады.


56-бап

Осы Конвенцияға осы Конвенцияның 52-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресiмделетін өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн. 
Осы Конвенция 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде күшiнде қала береді.
Конвенцияның түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол мұның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жібереді.
2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқалық дана етіп жасалды.


Беларусь Республикасы үшiн               Қазақстан Республикасы үшiн             Қырғыз Республикасы үшiн

                                  Ресей Федерациясы үшiн                      Тәжiкстан Республикасы үшiн

Қосылған : 3.02.2014, 10:54, Өзгертілген : 7.05.2014, 15:11