Ержан Қазыханов "Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарының нәтижелері"

Ержан ҚАЗЫХАНОВ,

Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы

Төтенше және Өкілетті Елшісі

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарының нәтижелері

Елбасының Вашингтонға ресми сапар барысында. 2018 ж. 16 қантар. (Akorda.kz)

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 16-17 қаңтардағы Вашингтонға ресми сапары Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы екіжақты қатынастардың жаңа дәуірінің басталғанын паш етті. Біздің еліміздің басшысы – Елбасы Президент Дональд Трамптың жеке шақыруы бойынша АҚШ-қа барған шет мемлекеттің алғашқы көшбасшысы болды.

Ресми сапардың Қазақстан мен АҚШ-тың саяси және экономикалық дамуының перспективалық жаңа бағыттарын әзірлеумен байланысты екі елде жүріп жатқан маңызды ішкі саяси кезеңге тұспа-тұс келгенінің өзі ерекше атап айтуға тұрарлық.

Сапарға дейін – 10 қаңтарда Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаны белгілі, ал сапардан кейін – 30 қаңтарда Президент Д.Трамп «Елдегі істердің жағдайы туралы» (State of the Union Address) өзінің ұлтқа арнаған алғашқы мәлімдемесін жасады.

Екі бағдарламалық құжат та жаһандық саяси және экономикалық трендтерді айқын ұғынуға негізделген және олар жаңа технологиялар енгізуді, өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібін, энергетика және қаржы секторларын дамытуды, көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруды және т.б. қоса алғанда, екі елдің одан арғы экономикалық өсуі мен жедел дамуының магистралдық бағыттарын айқындайды.

Осы және көптеген басқа да басым салалардың қос көшбасшының Ақ үйдегі «тет-а-тет» және кеңейтілген форматтағы кездесу барысындағы жылы және өзара сенімділік атмосферасында өткен келіссөздердің арқауына айналғанын атап өту қажет.

Президент Д.Трамп біздің еліміздің халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сындарлы рөлі мен миссиясын, сондай-ақ оның жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) таратпаудың жаһандық режимін нығайтудағы даусыз көшбасшылығын ерекше атап көрсетті.

Дональд Трамп Қазақстанды өңірдің жетекші елі және маңызды сыртқы саяси әріптес ретінде сипаттай келіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің елімізде ауқымды институционалдық өзгерістер мен экономикалық реформалар жүргізудегі жеке үлесін жоғары бағалады.

Екі мемлекет басшысының «Қазақстан және АҚШ: ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік» атты Бірлескен мәлімдемесін қабылдауы Ақ үйде өткен келіссөздердің аса маңызды қорытындысына айналды.

Вашингтонның Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін қолдауы осы негізгі құжаттың өзегі болды. Екі елдің көшбасшылары саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге, тереңдетуге және оған жан-жақты ықпал етуге, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылды, «С5+1» диалогы (Орталық Азия елдері және АҚШ) шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің көптеген мәселелерін шешу бойынша бірлескен шаралар қабылдауға келісті.

Корей түбегін денуклеаризациялау, Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимыл жоспарын имплементациялау, Украина мен Сирия дағдарыстарын реттеу, терроризмге және халықаралық қауіпсіздіктің басқа да сын-тегеуріндеріне қарсы іс-қимыл бойынша өткен ашық диалог Астананың көрсетілген проблемаларға қатысты тәсілдемелері мен көзқарасын сенімгерлік тұрғысында жеткізуге мүмкіндік берді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда әр тараптандырылған және инновациялық экономика құру жөніндегі жоспарларды іске асыру тұрғысында Дональд Трамппен жүргізген тиімді келіссөздері америкалық бизнес-қоғамдастыққа Қазақстанмен толық форматты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту Ақ үйдің басымдықтарына сәйкес келеді деген саяси сенімділік берді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ресми сапарының шеңберінде АҚШ Вице-Президенті және Сенат Төрағасы Майк Пенспен, Энергетика министрі Рик Перримен, АҚШ Үкіметінің жанындағы Шетелдік жеке меншік инвестициялар корпорациясының, «Goldman Sachs», «Nasdaq», «ExxonMobil» компанияларының басшыларымен кездесті және АҚШ Сауда Палатасында америкалық өнеркәсіптік және технологиялық компаниялардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелдің жұмысына қатысты.

Тараптардың стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға дайындығын растау және бірқатар халықаралық, өңірлік және сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі ынтымақтастықты тереңдету бойынша нақты қадамдарды талқылау Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Вице-Президенті және Сенат Төрағасы Майк Пенспен кездесуінің маңызды қорытындысына айналды.

Энергетика министрі Рик Перримен өткен келіссөздерде Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытудағы АҚШ-тың ерекше рөлі ескеріле отырып, екі елдің стратегиялық энергетикалық диалог шеңберіндегі оң ынтымақтастығы сөз болды. Бұдан басқа, Қазақстанда өнімді қайта өңдеу жөніндегі қуаттарды арттыруға, Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жобаларға, жасыл энергетикаға, төмен байытылған уран банкін ашуға және т.б. ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысының «Шетелдік жеке меншік инвестициялар корпорациясы» агенттігінің президенті Рэем Уошбернмен келіссөздері барысында тараптар елімізде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін, оның базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруды, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын және т.б. қоса алғанда, еліміздің ірі экономикалық жобалары талқыланды. Агенттіктің «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ-пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюын қоса алғанда, инвестициялар саласындағы қатынастарды нығайту және өзара тиімді экономикалық жобаларды іске асыру туралы уағдаластық келіссөздердің қорытындысына айналды.

АҚШ-тың Сауда Палатасындағы америкалық ірі ТҰК алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасына құйылатын тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі бойынша Американың екінші орын алатынын атап өтті. Елімізде «Chevron Corporation», «ExxonMobil», «General Electric», «Halliburton» және т.б. компанияларды қоса алғанда, энергетика, көлік, инновациялар, медицина және басқа да салаларда америкалық капитал қатысатын 500 астам компания өз қызметін табысты жүзеге асыруда.

Авиация және ғарыш зерттеулері, мұнай-химия және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды, сондай-ақ инфрақұрылымдық даму саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған 7 миллиард АҚШ доллары сомасындағы 24 ірі келісімшарттар мен коммерциялық келісімдерге қол қою ресми сапардың сауда-экономикалық және инвестициялық күн тәртібінің негізгі қорытындысы болды.

Олардың арасынан бір тараптан The Boeing Company», «GE Transportation», «GE Digital», «Chevron Corporation» компаниялары мен екінші тараптан – «Air Astana», «Қазақстан темір жолы», «Scat Airlines» және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ арасындағы уағдаластықтарды ерекше атап өтуге болады.

Сонымен қатар, сапар қарсаңында: «Мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсеткендік үшін ақы алмау туралы», «ҚР аумағы арқылы коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы» және «Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы» үш үкіметаралық келісімдер жасалды.

Америкалық іскер топтар өкілдерінің Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары мүдделілік көрсеткенін және қол жеткізілген уағдаластықтардың жұмыс орындарын құруға және екі елде де экономикалық өсімді жеделдетуге ықпал ететіндігіне сенім білдіргенін атап өту қажет.

Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының Вашингтонға жасаған ресми сапары және жоғары деңгейдегі кездесулері біздің елдеріміздің арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге болашаққа арналған стратегиялық әріптестіктің басымдықтарын айқындауға да мүмкіндік берді. Сонымен бірге, Астананың ең алдымен, елдің ұлттық мүдделерінен туындайтын прагматикалық және теңгерімделген сыртқы саясатты жүргізу жөніндегі салмақты ұстанымын ескеретін болсақ, ол Қазақстан Республикасының басқа әріптестерімен және одақтастарымен қатынастарының маңызы мен мазмұнына дақ түсірмейді деуге сенім бар.

АҚШ-тың саяси және іскер топтары сапар шеңберінде өткен кездесулерге жоғары баға беруде, сонымен бірге, жайшылықта баға беруде сараңдық танытатын Құрама Штаттардың медиа кеңістігі сапарды Президент Дональд Трампты ұлықтау сәтінен бергі шетелдік көшбасшылардың өзара сенімділік, жылы және сындарлы жағдайда өткен ең сәтті сапарларының бірі ретінде атап өтті.

Екі көшбасшының арасында қол жеткізілген уағдаластықтар мен белгіленген жоспарларды – үлкен жолдың бастамасы ретінде қабылдау қажет және қазір біздің алдымызда Вашингтонда бастау алған өр жобалар мен бастамаларды сапалы іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу міндеті тұр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттерді ойдағыдай орындау біздің елдеріміздің арасындағы екіжақты қатынастардың серпінін арттырып қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі ауқымды сауда-экономикалық бағдарламалар мен ішкі реформаларды сапалы іске асыруға мүмкіндік береді.



Қосылған : 12.04.2018, 18:50, Өзгертілген : 12.04.2018, 18:50