Ержан Қазыханов. Экономикалық дипломатияны нығайту – Америка тәжірибесі

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Экономикалық дипломатияны нығайту – Америка тәжірибесі

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпан айындағы Шағын алқасы экономикалық дипломатия тақырыбына арналды. Министрліктің, экономикалық ведомстволардың және ұлттық компаниялардың басшылығымен, әріптес елшілермен кездесулер осы саладағы шетелдік озық тәжірибені зерделеу және оны Қазақстан жағдайында пайдалануға қатысты ой түйіндеу үшін жақсы мүмкіндік болды.

Еліміздің алдында тұрған сыртқы экономикалық міндеттерді іске асыруға АҚШ экономикалық дипломатиясының, тәсілдемелерінің сәтті қолданылуына жүргізілген кейбір қадағалау нәтижелерімен, сондай-ақ оны Қазақстанның дипломатиялық қызметінің сауда-экономикалық бағытының дамуымен салыстыру қорытындыларымен бөлісу пайдалы болуы мүмкін.

* * *

Бүгінде Қазақстан бастан кешіп отырған экономикалық дипломатияны ілгерілету қажеттілігі халықаралық қатынастардың осы заманғы жағдайларында қандай да бір бірегей құбылыс болып табылмайды. Айталық, мысалы, экономикалық дамуға бағдар ұстанған Әкімшілікке Дональд Трамптың келуі нәтижесінде Құрама Штаттардыңэкономикалық дипломатиясын жетілдіруді мақсат ететін процестерді дәйектілікпен күшейту байқалуда.

Мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның 2018 жылғы 7 қарашадағы циркулярында барлық дипломатиялық және консулдық мекемелерді АҚШ-тың коммерциялық мүдделерін белсенді түрде ілгерілетуге тарту үшін оларды ағымдағы міндеттерді іске асыруға ғана емес (transactional), сонымен бірге америкалық бизнесті шет елдерде дамыту мақсаты деңгейінде жұмыс әдістерін өзгертуге де (transformational) шақыруы кездейсоқтық емес.

Мемлекеттік департаменттің және америкалық дипломатиялық қызмет қауымдастығының экономикалық дипломатиясы жөніндегі The Foreign Service Journal кәсіби басылымының жарияланымдарын талдау, сондай-ақ Американың осы саладағы сарапшыларының ұсынымдарын зерделеу табысты экономикалық дипломатия жүргізу үшін қажетті бірқатар маңызды элементтерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:

Біріншіден, халықаралық сауда-экономикалық қатынастар сыртқы саясаттың басты басымдығына айналуға тиіс.

Экономикалық (коммерциялық) дипломатия дипломатиялық әлемде ешқандай жағдайда да жаңа немесе қосалқы құбылысты білдірмейді. Тарихи құжаттар барлық елдердің ежелден бері сауда жасау және өз тауарларының қауіпсіз транзиті үшін ең болмағанда тең құқықты жағдайлар туралы уағдаласуға ұмтылып отырғанын куәландырады.

Қазіргі заманғы тарихта қырғи-қабақ соғыс кезеңінде коммерциялық дипломатия негізінен Шығыс пен Батыстың арасындағы бақталастық көріністерімен айқындалды және қосалқы мәселе ретінде қарастырылды. Блокаралық текетірестің тоқтауы мен жаһандану халықаралық қатынастарда экономикалық құрауыш ықпалының қайтадан жедел түрде күш алуына әкелді.

Дипломатияны халықаралық қауіпсіздіктің жоғары саясатына және маңыздылығы төмен коммерциялық келіссөздерге бұрынғыдай бөлу қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін өз маңызын жоғалтты. 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысы, нарықтардың тоқтаусыз құбылмалылығы мен әлемдік экономиканың көп бағыттылығы халықаралық қоғамдастықтың сауда-экономикалық саладағы үйлесімді іс-қимылдарының өспелі маңыздылығына қатысты күмән тудырмады және мысалы, G20 сияқты барынша инклюзивтік механизмдердің пайда болуына әкелді.

Құрама Штаттарда бастапқыда дипломатиялық қызмет құрудың негізгі себебі шет елдердегі америкалық бизнесті қолдау қажеттілігі болды деп есептеді. 1790 жылдың өзінде Мемлекеттік хатшы Томас Джефферсон өзінің негізгі міндеті Жерорта теңізіндегі америкалық сауданы қорғау болып табылатындығын жазған еді.

Либералдық демократиялық модельді ілгерілету тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етудің қиындықтарына тап болып отырған, ал әлемдік экономикадағы АҚШ-тың үлесі ұдайы төмендеп отырған қазіргі кезде біз америкалық дипломатияның өз бастауына қайтып оралғанын байқаймыз.

Мәселен, Президент Трамптың стратегиясында экономикалық қауіпсіздіктің ұлттық қауіпсіздікпен теңдігіне назар аударылған. Осы қағиданы негізге алғанда, АҚШ-тың қазіргі Әкімшілігі коммерциялық дипломатияны Американың сыртқы саясатының басымдығы ретінде айқындады. АҚШ-тың пайымдауынша, дипломатияның міндеті – экономикалық реформаларға жәрдемдесу және ірі келісімшарттарға қол қою болып табылады.

Екіншіден, экономикалық дипломатия барлық деңгейдегі басшылықтың жеке қатысуын талап етеді. Құрама Штаттарда Президент, Вице-президент, кабинет министрлері америкалық компаниялардың бүкіл әлем бойынша ірі мәмілелер жасасу және оларды іске асыру жөніндегі мүдделерін тұрақты түрде ілгерілетуге, сауда миссиялары мен экономикалық келіссөздерге басшылық жасауға тиіс.

АҚШ-та айтылатындай, кез келген пәрменді коммерциялық/экономикалық дипломатияның «май жағылған наны» ол – бизнеске жоғары деңгейде қолдау көрсету. Оның шет елдердегі отандық бизнестің нақты жобаларына да, сондай-ақ болу елінде саяси деңгейдегі жалпы қолдауды (project and policy advocacy) қамтамасыз етуге де қатысы бар. Ол үшін, америкалықтардың пікірі бойынша, елшілерге экономикада сарапшы болу, экономикалық саясат пен келісімшарттардың бүге-шегесіне үңілу міндетті емес. Оның өз елі экономикасының стратегиялық аспектілерін терең түсінуі, өзінің жеке көшбасшылығын көрсете білуі, тиімді дипломат болып қалуы және қарқынды жұмыс істеуі жеткілікті.

Практикалық тұрғыдан алғанда, әлеуетті келісімшарт айқындалғаннан кейін іс-шаралар жоспары әзірленеді, хаттар жолданады, қоңыраулар шалынады, елші кездесулері, жоғары лауазымды тұлғалардың, үкімет мүшелерінің, вице-президенттің және президенттің сапарлары ұйымдастырылады.

Елшілердің экономикалық кездесулерге жеке қатысуы қажеттігіне ерекше назар аударылады, бұл жағдай әріптестерге нақты бір жобаның маңыздылығына және оған мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетіндігіне қатысты белгі беретінін көрсетеді. Өзімнің таяудағы тәжірибемнен ет өңдеу кешенін құру перспективаларын зерттеу үшін жақында Қазақстанға сапармен келген АҚШ-тың мал шаруашылығы өнімдерін аса ірі қайта өңдеуші Tyson Foods компаниясының жұмысынан мысал келтірейін. Ашығын айтқанда, біз осы ірі трансұлттық компаниясы тарапынан қызығушылыққа көптеген кездесулердің – әуелі Tyson Foods жеткізушілерімен, содан соң компанияның өзінің басшылығымен жеке кездесулердің серияларынан кейін ғана қол жеткіздік, осы мақсатта осы компанияның штаб-пәтеріне және кәсіпорындарына бірнеше рет сапарлар жасау қажет болды.

Үшіншіден, СІМ мен экономикалық министрліктердің арасындағы тығыз әріптестік.

АҚШ-та сыртқы экономикалық саясатпен Сауда департаменті және Мемлекеттік департамент бірлесіп айналысады. 1939 жылы АҚШ Президенті Франклин Рузвельт халықаралық экономикалық/коммерциялық дипломатия үшін жауапкершілікті толығымен сыртқы саясат ведомствосына жүктеді. Уақыт өте келе Мемлекеттік департамент коммерциялық мәселелерді дәйекті әрі тиімді жүргізуге және шет елдердегі америкалық бизнескеқолдау көрсетуге қабілетті емес деген ұғым қалыптасты. Соның нәтижесінде 1980 жылғы Дипломатиялық қызмет туралы АҚШ Заңы осы бағыт үшін жауапкершілікті Сауда департаментіне берді және ол ведомствоның шеңберінде Шетелдік коммерциялық қызмет (Foreign Commercial Service) құруға әкелді.

Бұл ретте сарапшылар осындай бөлу АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Сауда департаментінің арасындағы кадрлық деңгейдегі де (дипломаттар мен сауда өкілдерінің арасында), тұжырымдамалық деңгейдегі де (нақты жобалардың ведомстволық тиістілігіне қатысты) қажетсіз бақталастыққа әкеп соқтырды деп есептейді.

Қазіргі кезде АҚШ-тың экспорттық нарықтарының 90%-ын білдіретін 76 елде АҚШ-тың Шетелдік коммерциялық қызметі Мемлекеттік департаментпен өзара тығыз іс-қимыл жасайды. 60 елде Сауда департаменті өкілдерінің посттары жоқ, сондықтан барлық жұмысты жақын жердегі посттармен және АҚШ-тың 106 қаласында орналасқан Экспортты қолдау жөніндегі орталықтардың ұлттық желісімен үйлесімде экономикалық дипломаттар жүргізеді.

Қазақстандық тәжірибе тұрғысынан алғанда, инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру функцияларын, Инвестициялар жөніндегі комитетті ҚР СІМ-ге бекіту, сөз жоқ, инвестициялар саласындағы бірлескен жұмысты үйлестіру проблемаларын шешуге мүмкіндік берді. Алайда АҚШ-тағы сияқты ҚР сыртқы істер және ұлттық экономика министрліктерінің қарауында тұрған экспорт бағытындағы бірлескен жұмысты ұйымдастыру кезінде америкалық тәжірибе әлі де пайдалы болар еді.

Бұл тұрғыда, болу еліндегі америкалық экспорттаушыларды қолдау мақсатында креативтік бастамаларды қаржыландыру үшін шетелдегі мекемелерге шағын гранттар бөлу мүмкіндігін ұсынатын Мемлекеттік департаменттің Бизнесті ынталандыру қоры (Business Facilitation Incentive Fund) бағдарламасын жасау жөніндегі инновациясы назар аударуға тұрарлық.

Сарапшылардың пікірі бойынша экономикалық дипломатияны дамытуға бағытталған тағы бір пайдалы бастама – жергілікті персоналды қоса алғанда, экономикалық/коммерциялық дипломаттардың командаларына шет елдердегі шағын және орта бизнеске қолдау көрсеткені үшін берілетін жыл сайынғы Бенджамин Джой (Американың Үндістандағы алғашқы консулы және коммерциялық агенті) наградасының белгіленуі.

Төртіншіден, барлық министрліктер мен ведомстволардың сыртқы экономикалық қызметін үйлестіру.

Бұл жұмыс сыртқы экономикалық саясат мандаттарын бірлесіп іске асыратын негізгі қатысушылардың арасындағы үйлесімді нығайтумен шектелмейді. Табысқа қол жеткізу үшін барлық үкіметтердің, халықаралық экономикалық бағдарламалары бар барлық ведомстволардың жақсы үйлестірілген күш-жігері талап етіледі.

Мәселен, АҚШ-та шет елдердегі ауыл шаруашылығы экспорты мен инвестицияларды қолдау мәселелерімен Ауыл шаруашылығы департаменті; банк секторын, сақтандыру және қаржылық компанияларды – Қаржы департаменті; әскери-өнеркәсіптік кешен өнімдерін – Қорғаныс департаменті; инфрақұрылымдық және басқа да капиталды қажетсінетін жобаларды қолдаумен – ЮСАИД, ЭксимБанк, АҚШ сауда және даму агенттігі; кеден мәселелерімен – Кеден қызметі айналысады.

Бұл тұрғыдан алғанда, 2018 жылғы қазанда ОПИК (АҚШ жеке меншік шетелдік инвестициялар корпорациясы) базасында құрылған Халықаралық даму жөніндегі қаржы корпорациясына (U.S. International Development Finance Corporation,USIDFC) зор үміт артылады. АҚШ-тың сыртқы саяси мүдделерін ілгерілетуге арналған тиімді механизм құру, шетелдік жобаларды іске асыру кезіндегі қаржылық тәуекелдерді азайту жаңа ведомствоның негізгі міндеттері болды. Ол үшін USIDFC-ке тікелей кредит беру, кредиттерге кепілдік беру және дамушы елдердегі тәуекелдерді сақтандыру үшін қол жетімді қаражаттың ауқымды мөлшері (29 млрд. доллардың орнына 60 млрд. доллар) және қолдау көрсетілетін жобалардағы үлесті сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Сарапшылар USIDFC құру – бұл Пекиннің «Белдеу және жол» бастамасы арқылы Азия, Шығыс Еуропа және Африка елдерінде жасап отырған экономикалық үстемдігіне қарсы Вашингтонның ұмтылысы деп бірауыздан бағалайды. Қытай тарапының дамушы елдердегі шағын және орта бизнесті кредиттеуге белсенділік танытпай отырғанын ескере отырып, АҚШ-тың жаңа Агенттігі осы тауашаны толтыруға ниеттенуде.

Құрама Штаттардағы инвестициялар тарту жөніндегі федералдық агенттіктердің қызметін үйлестіру мәселелерімен 2011 жылы АҚШ Сауда департаментінің жанынан құрылған SelectUSA бағдарламасы айналысады, оның функциялары Инвестициялар жөніндегі комитеттің және Kazakh Invest мандаттарына ұқсас. Бұл құрылым SelectUSA жыл сайынғы саммитін өткізеді, Инвестициялар жөніндегі федералдық ведомствоаралық жұмыс тобының (барлық 15 федералдық департаменттерді, ЭксимБанкті, шағын бизнес жөніндегі АҚШ Әкімшілігін, Сауда өкілі офисін, Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі агенттікті қамтиды) қызметін жүргізеді, сондай-ақ инвестициялық омбудсмен болып табылады.

Ұйымның кең функционалының арасында SelectUSA-ға экономикалық дамуды қолдаудың өңірлік құрылымдарына олардың өңірін/қаласын тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) үшін тартымды бағыт ретінде ілгерілетуі үшін ақылы қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретін жеке жарнамалық іс-шаралар (Customized Promotion Events) барынша қызығушылық тудырады. Әдетте іс-шаралар бағдарламасына нақты елге сапар ұйымдастыру, жергілікті бизнеспен және мемлекеттік органдармен кездесулер, арнайы семинарлар, форумдар, қабылдаулар, перспективалық компанияларға бару кіреді.

Бесіншіден, жергілікті биліктермен белсенді өзара іс-қимыл. Көбінесе, әсіресе ТШИ тартуда өңірлермен және қалалармен әріптестік мәмілелер жасасуда негізгі рөлді атқарады. Әлеуетті инвесторлар үшін өңірлік биліктердің қарауына жататын – жергілікті жұмыс күші, инфрақұрылым, жеңілдіктер мен преференциялар және т.б. мәселелер – инвестициялық шешім қабылдау кезінде айқындаушы факторлар болып табылады.

Алтыншыдан,жаһандық экономиканың бүгінгі және ертеңгі күн тәртібі мәселелерін шешу үшін экономикалық дипломатияны дамыту.

2016 жылы жарияланған Америка дипломатия академиясының «Америкалық жұмыс орындарын қолдау»атты баяндамасында атап өтілгендей, экономикалық дипломатия көбіне көп ХХ ғасырдың бас кезіне негізделеді және осы заманғы сын-тегеуріндерге жауап беретін сыртқы экономикалық жаңа бағдарламалар жасау мақсатында жүйені жетілдіруді талап етеді.

Заманауи компаниялар бизнесті он тіпті бес жыл бұрынғыға қарағанда өзге тәсілдермен жүргізеді. Америкалық бизнес әлемдік сауданы ырықтандыру мен сауда кедергілерін және инвестициялық тосқауылдарды жою жөніндегі дәстүрлі міндеттерді шешудегі дипломаттардың көмегіне ғана емес, сонымен бірге олардың жаһандық экономиканың дамуына байланысты туындаған проблемалардың жаңа тобын шеше алу қабілетіне де тәуелді. Бұл коммерциялық құпиялар мен зияткерлік меншік құқықтарын (АҚШ Нобель сыйлықтарының лауреаттары саны бойынша бірінші орынды иеленеді және өнертабыс патенттері бойынша көш бастап тұр) көрсетілетін қызметтер саудасы мен электрондық сауданы, ғарышты коммерцияландыруды және т.б. қорғау мәселелерін алдыңғы қатарға шығарады.

Біздің елімізге қатысты зияткерлік меншік құқықтарын қатаң сақтау – сөз жоқ, біздің нарыққа жоғары технологиялы компаниялардың келуі және Дональд Трамп Әкімшілігінің ерекше назарының мәні үшін аса маңызды алғышарт болып табылады. 2018 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрама Штаттарға және АҚШ Сауда министрі Уилбур Росстың Астанаға сапарларын дайындау барысында қазақстандық тарап Америка үкіметінің Қазақстандағы америкалықкомпаниялардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға қалай табанды түрде атсалысқанына көз жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Сөз реті келгенде, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жоспарлы түрде іске асыру және оны қазақстандық мемлекеттік органдардың лицензиялық бағдарламалық өнімі шеңберінде қамтамасыз ету жоғары технологиялар саласындағы екі жақты ынтымақтастықты қарқынды етудің бастамасына айналар еді, америкалық компанияларға жағымды сигнал болар еді және Сан-Францискода жақында ашылған ҚР Бас консулдығының Силикон алқабындағы тиісті қызметіне көрсетілген қолдау болар еді.

Жетіншіден, білікті персонал. Бұл фактордың маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес. Ежелгі заманнан бері дипломатияны кәсіп немесе өнер деп тануға байланысты пікірталастың жалғасып келе жатуы тегіннен тегін емес. Американың әйгілі дипломаты Джордж Кеннан (1904-2005 жылдар) дипломаттарды әріптестерді және мүмкіндіктерді мұқият өндіріп-өсіретін және туындаған проблемаларды жоюға әрқашан дайын болатын «бағбандармен» салыстырған болатын. Оны біздің замандасымыз АҚШ Мемлекеттік хатшысының бұрынғы орынбасары Уильям Бёрнс құптайды, ол Foreign Affairs мамыр айындағы нөмірінде дипломаттар ықтимал проблемалар мен мүмкіндіктер туралы ерте ескертетін өзіндік радарлар болып табыла отырып, әлемді өз еліне, өз елін әлемге паш етеді деп пайымдайды.

Бүгінде Құрама Штаттардың алдыңғы қатарлы экономикалық дипломатиясында Мемлекеттік департаменттің Экономикалық бюросының 200 астам қызметкері, 1500 жуық экономикалық дипломаттар және шетелдегі мекемелердің жергілікті персоналының айтарлықтай саны, сондай-ақ АҚШ Сауда министрлігінің Шетелдік коммерциялық қызметі жұмыс істейді. Үміткерлер жазбаша емтихан (жүзден аса сұрақ) тапсыруы, олардың экономика және сауда мәселелері бойынша университеттік білімі болуы тиіс. Болашақ дипломаттарды жағдайда талдай білуіне, қандай да бір гипотетиялықкоммерциялық проблеманы шеше алуына, АҚШ мүдделерін қабылдаушы елдің экономикалық мүдделерімен үйлесетіндей түрде шешуіне күрделі тексеру жүргізіледі.

Америкалық сарапшылардың осы саладағы біздің еліміз үшін барынша өзекті ұсынымдарының ішінен мыналарды бөліп көрсетуге болады:

- экономикалық қызметтерге халықаралық экономикалық мамандықтар бойынша білімі бар үміткерлерді ғана айқындау;

- дипломатиялық қызметке экспортқа бағдарланған және бірлескен кәсіпорындарда мол жұмыс тәжірибесі бар адамдар тобын кеңейту;

- шетелдегі мекемелердің экономикалық бөлімдерін жергілікті персоналды тарта отырып толықтыру қолда бар бюджет қаражатының шегінде экономикалық қызметкерлер санын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік департамент бұрыннан-ақ жергілікті қызметкерлерді шетелдегі мекемелер командасының америкалық уақытша персонал үшін сабақтастықты қамтамасыз ететін құнды мүшелері және болу елінің экономикасына, тіліне және мәдениетіне қатысты сараптаманың баға жеткісіз көзі ретінде қарастырады;

-экономикалық дипломатияны іске асыру үшін күшті командаларды жалға алу, құру, сақтау және дамыту процестерін жетілдіруге бағытталған адами ресурстарды басқаруды қадағалауға арналған үйлестіру механизмін құру;

- экономикалық дипломаттар үшін білім беру бағдарламалары мен тренингтерді және оларды бизнеспен үйлестіру бойынша биресми механизмді енгізу. Бұл ұлттық экономика үшін барынша өзекті сыртқы экономикалық қызмет секторларындағы мемлекеттік қолдауға деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған жеке меншік компаниялармен әріптестік құру үшін маңызды. Мысалы, Қазақстан үшін осы кезеңде жоғары технологиялар, АӨК, кәсіби қызметтер және т.б. салаларында осындай механизм қажет;

- қажетті сыртқы экономикалық бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу және кейіннен олардың тиімділігін бағалау мақсатында жеке меншік сектормен тұрақты жұмыс істейтін консультациялық механизм құру.

* * *

АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастық тұрғысында коммерциялық дипломатияның жоғары белсенділігі және экономикалық қатынастардың үдемелі дамуы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың теңдессіз деңгейін қамтамасыз етуге ықпал еткендігі даусыз.

Мәселен, 2018 жылдың қорытындылары бойынша Американың Қазақстанға тікелей инвестициялары жаңа абсолюттік рекорд жасады 5,34 млрд. доллар. 2014 жылдан бері алғаш рет бұл көрсеткіш 4 млрд. доллардан асты, ол Қазақстанның америкалық ТШИ тартудағы өңірлік көшбасшылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге Түркия (4,3 млрд. доллар), Финляндия (3,3 млрд. доллар) және Португалия (2 млрд. доллар) сияқты дамыған елдерге АҚШ инвестицияларынан асып түседі.

Қазақстан-Америка бизнес форумы.

Астана қ., 2018 жылғы 25 қазан

Өткен жылы 2,3 млрд. долларға дейін жетіп, 37% өскен тауар айналымы да оң серпінді көрсетіп отыр. Бұл ретте Қазақстан экспорты қарқынды өсімді көрсетті (2,5 есе) және алғаш рет 1 млрд. долларға жақындады (Американың деректері бойынша шамамен 1,4 млрд. долларды құрап, тіпті одан асып түсті).

Бүгінгі таңда біз АҚШ-қа негізінен шикізат өнімдерін: көмірсутегілерін, органикалық емес химия өнімдерін, уран, астық және соя бұршақтарын экспорттаймыз. Бұл ретте АҚШ 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық экспорттық стратегияда белгіленген экспорттық мүдденің перспективалық нарықтарына кірмейді. Соған қарамастан, Америка нарығы ауқымдылығымен, әмбебаптығымен және жоғары сатып алу қабілетімен ерекшелене отырып, қазақстандық экспорт үшін жоғары перспективаларды иеленеді. Сондықтан Америка нарығына 4 мыңнан астам тауар позицияларын бажсыз әкелу мүмкіндігін беретін америкалық Преференциялардың бас жүйесі (GSP) бағдарламасына Қазақстанның 25 жылдық қатысуын жалғастыру аса маңызды болып табылады.

Тек 2017 жылдың өзінде ғана Қазақстан GSP бағдарламасының шеңберінде миллиондаған доллар кеден баждарын үнемдеп (баждар мөлшері 3-10%) АҚШ-қа 145 млн. доллар сомасына тауар жеткізді. Осы сәтті практика «Атамекен» ҰКП және басқа да арналар арқылы барлық қазақстандық экспорттаушыларды – GSP бағдарламасының әлеуетті қатысушыларын хабардар ету бойынша шамалы күш жұмсау жағдайында айтарлықтай кеңейтілуі мүмкін. 2019 жылғы 4 наурызда Президент Трамп Үндістан мен Түркияға дамушы елдер – GSP бағдарламасының бенефициарлары мәртебесін беруді тоқтату ниеті туралы жариялады. Осылайша, осы тауашаны толтырудың жақсы мүмкіндігі туып отыр.

Тұтастай алғанда, экспорттық өнімді ілгерілетуге жәрдемдесу жөніндегі шаралар кешенін экспорттаушы компаниялардың халықаралық ірі көрме іс-шараларына, сауда миссияларына, ресми сапарларға қатысуын тең қаржыландыру, шет елдерден офистер ашуға жәрдемдесу (қазір АҚШ-та ҚазАтомӨнеркәсіп қана ұсынылған) және «Қазақстанда жасалған» шатырлы брендін белсенді түрде дамыту сияқты халықаралық практиканы енгізу есебінен кеңейтуге болады.

* * *

Қорыта келгенде, елшіліктердің арасындағы жұмыс тәжірибесімен тұрақты алмасусыз табысты экономикалық дипломатияның мүмкін болмайтынына назар аударғым келеді. Білімдермен алмасуға осындай объективтік қажеттілік бар. Қызметтік хат жазысу форматында барлығы бірдей көрсетілуі мүмкін емес. Экономикалық дипломатия тәжірибесімен және инвесторлармен жүргізілетін жұмыспен «Дипломатия жаршысы» беттерінде де, неғұрлым интерактивтік форматтарда да бір-бірімізбен бөлісу аса пайдалы болар еді.

_____________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Ержан Қазыханов – Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Әр жылдары Қазақстан Президентінің көмекшісі және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі лауазымдарында болды. 1987 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде шығыстану бойынша бакалавр дәрежесін алды. Тарих бойынша ғылым докторы дәрежесі бар. Елші Қазыханов Қазақстанның сыртқы саясатына, көпжақты дипломатияға және Біріккен Ұлттар Ұйымының рөліне арналған көптеген жарияланымдардың авторы.

Қосылған : 13.06.2019, 11:50, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:50