Ерлік Әли. Қазақстанның Африка елдеріне экспорттық мүмкіндіктері туралы

Ерлік ӘЛИ

Қазақстанның Африка елдеріне

экспорттық мүмкіндіктері туралы

Соңғы 15 жыл ішінде Африка елдерінің экономикасы теңдессіз қарқынмен өсті. Құрлық тұтастай алғанда өз дамуында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Африканың экономикалық даму серпіні экономикалық және саяси басқарудың жақсаруымен, іскерлік ахуалдың жасалуымен, шетелдік капитал ағынының ұлғаюымен түсіндіріледі.

Өткен екі онжылдықтар ішіндегі өсу нәтижелерінің бірі Африканың орташа класы санының айтарлықтай ұлғаюы болды. Талдаушылардың бағалауы бойынша, қара құрлықтың жиынтық орташа класы бұдан әрі де өсе беретін болады және оның арақатынасы 2060 жылға қарай 40-42% жетеді. Бұл ретте кедейшілік деңгейінің төмендеуі күтілуде және күніне 1,25 доллар табыспен өмір сүретін халықтың үлесі 2060 жылы 30-33% дейін азаяды (2010 жылы – 44%).

Алайда, экономикалық өсім бір қалыпты емес және ол құрлықтың барлық елдерінде бірдей байқала бермейді. Елеулі табиғи ресурстары бар, саяси жағынан тұрақты елдер ғана барынша табысқа қол жеткізе алды және экономикалық реформалардың реалистік бағдарламаларын әзірлеу мүмкіндігіне ие болды. Осындай елдердің арасынан бірінші кезекте Сахарадан төмен орналасқан мемлекеттерді бөліп көрсетуге болады.

Африка экономикасының басты қозғаушы күштері деп Египетті, Нигерияны және ОАР атауға болады. Серпінді дамушы елдердің қатарына Ангола, Буркина-Фасо, Гана, Кот де Ивуар, Кения, Мавритания, Мозамбик, Малави, Нигер, Руанда, Сенегал, Уганда, Чад және Эфиопия кіреді. Экономикасы жеткілікті қалыптаспаған елдердің қатарына Бурунди, Зимбабве, Конго Республикасы, Сомали, Оңтүстік Судан жатады.

Тұтастай алғанда, БҰҰ сарапшылары атап өткендей, Африка өндірісінің көлемі бүтіндей де, халықтың жан басына шаққанда да 2050-2060 жылдарға дейін орнықты дамитын болады. Сол уақытқа дейін халқының саны 2,7 млрд адамға жетеді (2010 жылы – 1 млрд адам) деп күтілетінАфрика елдерінің көпшілігі кірісі орташадан жоғары елдердің санатына кіреді.

Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) одан да жақсырақ оптимистік болжам жасайды – Африка елдерінің көпшілігі, егер ағымдағы өсуқарқыны сақталса, 2025 жылға қарай «орташа кірісі бар елдер» мәртебесін (жылына бір адамға кемінде 1000 АҚШ доллары ретінде айқындалатын)алады.

2013 жылы Африка әлемдегі ең жедел дамушы құрлық болды – жылына 5,6%. Африка даму банкінің бағалауы бойынша жиынтық ІЖӨ 2023 жылға дейін орта есеппен 6% өседі. Мәселен, 2007 жылы ІЖӨ өсу көрсеткіштері бойынша Африка Шығыс Азияны басып озды және осы артықшылықты тұрақты ұстап отыр.

Африка аса мол табиғи ресурстарды иеленеді және халық санындағы жастардың үлесі бойынша ең жас құрлық болып табылады.

Африканың 54 елі шикізат нарығы және қарқынды өсу үстіндегі тұтынушылық нарығы бар елдер ретінде халықаралық инвесторлар үшін зор қызығушылық тудыруда. Құрлықта жаппай жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар қайтарымсыз сипатқа ие болды. Елдер бастапқы индустрияландырылу және инфрақұрылымдану сатысында тұр.

Қара құрлықты батыстан шығысқа және солтүстіктен оңтүстікке дейін байланыстырып жатқан ауқымды транзит-көлік, су-энергетикалық жобаларды іске асырудың басталғанын жариялауға болады. Африка одағы, көшбасшыларының еркімен, капитал салымдарының жедел қайтарылуына ықпал ететін «жалпыафрикалық» қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша күш салуда (сарапшылар инвестицияларды қайтару мерзімі әлемдегі ең қысқа мерзім болып табылады деп атап өтуде). Ең өршіл, алайда іске асыруға боларлық құрлықтық және жалпыны қамтитын – Африка-2063 күн тәртібі бағдарламасы қабылданды. Африканың өңірлік экономикалық ұйымдарының (COMESA, EAC, ECCAS, ECOWAS) экономикалық, сауда және инвестициялық ұштастырылуы жедел серпінмен жүргізілуде.

Халықаралық инвесторлар Африкаға жарыса қаражат құйып жатыр. Құрлыққа бұрыннан инвестиция салып, сауданы дамытып отырған әлемнің ҚХР, АҚШ, ЕО, Корея, Түркия, Үндістан сияқты ірі елдермен қатарАфрикадан өз орнын табуға асыққан орташа елдерді де барған сайын көп байқауға болады.

Өңірдің көп жылғы проблемаларына, атап айтқанда, аштыққа, инфляцияға, кедейшілікке, сыбайлас жемқорлыққа және авторитарлық саяси режимдерге қарамастан, құрлықтың әлеуеті оптимизммен қабылдануда. Алайда, Африка елдерінің көпшілігінде демократиялық процестердің дамуы және экономикалық саясатты жақсарту жағына жасалған батыл қадамдар айқын көрінеді.

* * *

Қазақстанның Африкаға экспорттық мүмкіндіктері туралы мәселеге тікелей көшетін болсақ, құрлықта қазақстандық бизнес толтыруы және елеулі пайда әкелуі мүмкін тауашалардың бар екенін атап өту қажет. Бұл салаларға ең алдымен фармацевтикалық және химиялық индустрия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тау-кен саласы жатады. Қазақстандық құрылыс компанияларының жол инфрақұрылымы объектілерінің құрылысына қатысуға қолайлы мүмкіндіктері, Африка нарығына қару-жарақ пен әскери техника жеткізу перспективалары, африкалық студенттерді ҚР оқу орындарында оқыту мүмкіндіктері бар.

Африканың фармацевтика өнеркәсібі бүгінгі таңда лайықты дамуға ие болмады және іс жүзінде толығымен импортқа бағдарланған. Нарық дамымаған, ал әлеует миллиондап саналады.

Тропикалық климаттың, жаппай кедейшіліктің және жеткіліксіз тамақтанудың, азық-түліктің жетіспеуінің, вакцинацияға және сапалы медициналық қызметтерге шектеулі қол жетімдіктің салдарынан Африка халқы әртүрлі ауруларға ұшырағыш. ДДҰ-ның бағалауы бойынша, барлық әлемдік аурулардың 24%-ы нақ осы Африкаға келеді. Бұған гигиена мен қарапайым санитариялық нормалардың мүлде дерлік жоқтығын қосуға болады. Бұл ретте, фармацевтикалық индустрияның өндірістік секторларының іс жүзінде болмауын атап өту қажет. Осыларға байланысты Африка елдері дәрілер мен медикаменттердің импортына қатты тәуелді. Біздің ойымызша нарықтың осы сегменті қазақстандық өнім өндіруші үшін перспективалы болуға тиіс.

Қазақстан химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты да қолайлы бағыт болып көрінеді. Африкада өзіндік өндірістің іс жүзінде жоқ екенін, ал өскелең агроөнеркәсіп кешені осы өнімді қажетсінетінін ескеретін болсақ, қазақстандық бизнесшілер Африка нарығына тыңайтқыштар мен минералдық шикізат жеткізілімдерін жолға қоюға болады.

Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін де мүмкіндіктер жеткілікті. Бұл санатқа ұнды, жарманы, тоң майлар мен майларды, кондитер өнімдерін жатқызуға болады. Біздің бизнесшілердің бұл салада қалыптасқан тәжірибесі бар, мысалы, Қазақстан 2018 жылы қайта өңделген өнімді әлемнің 48 еліне экспорттады. Бұл ретте халық санының тұрақты өсуі, дамымаған индустрия мен өнеркәсіптік инфрақұрылым, ауыл шаруашылығының тиімді басқарылмауы және агроөнеркәсіптік кешеннің жоқтығы сияқты факторлар көрсетілген өнімнің импортымен байланысты мүмкіндіктерді күшейте түседі.

Ауыл шаруашылығы қара құрлық елдері экономикасының негізі. Егістік жерлердің игерілу дәрежесі төменгі деңгейде қалып отыр. Бұл елдер аграрлық ғылыми зерттеулер жүргізуді қажетсінеді.

Африка нарығы Қазақстанның машина жасау өнімдерінің барлық номенклатурасының – трансформаторлардың, аккумуляторлар мен подшипниктердің, сондай-ақ металлургия кешенінің өнімдері – ферроқұймалар мен болат құбырлардың экспорты үшін өте тартымды. Африка елдері басым көпшілігінің экономикаларындағы ауыл шаруашылығының үлесі негізгі болып табылатынын ескерсек, ауыл шаруашылығы техникасы мен олардың бөлшектеріне деген сұраныс үнемі өсіп отырады. Бұл жағдайда Павлодар трактор зауытының және басқа да қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін толық іске қосуға болады.

Әскери-техникалық кешен өнімдерінің жеткізілімдері бойынша АҚШ, ҚХР және Ресей сияқты ірі ойыншылармен бәсекелесу қиынға соғады. Алайда, құрлықтың қару-жарақтарға, әскери техникаға және құрауыш материалдарға, әсіресе ресейлік үлгілеріне тұрақты өсіп отырған сұранысын ескеретін болсақ, 20 астам әскери кәсіпорындарды қамтитын және ҚР Қорғаныс және авиағарыш өнеркәсібі министрлігінің сенімгерлікпен басқаруындағы «Қазақстан Инжиниринг» АҚ-ныңАфрика нарығына кіру мүмкіндігін қарастыруға болады. Бұл тұрғыдан алғанда, Африка елдерін Қазақстанда жыл сайын өткізілетін KADEX халықаралық көрмесіне шақыру перспективалы болып көрінеді.

Африкалық кадрларды ҚР оқу орындарында даярлауға жәрдемдесу Қазақстан-Африка ынтымақтастығының маңызды бағытына айналар еді. Бұл жерде Қазақстан 1980-1990 жылдары Африка елдері үшін білікті кадрлар даярлағанын атап өту қажет. Бізге өткен кезеңнің жақсы дәстүрін қалпына келтіру және африкалық студенттерге Қазақстанда оқу мүмкіндігін беру қажет.

Серпінді сауда-экономикалық қатынастар дамып отырған Африка елдерінің қатарына Египет, Алжир, Марокко, Тунис, ОАР, Кения, Руанда, Гана, Сенегал, Кот де Ивуар, Конг Демократяиылқ Республикасы жатады.

Соңғы үш жыл ішінде Солтүстік Африка елдерімен тауар айналымдары көлемінің ұлғаюымен байланысты оң тенденциялар байқалуда, олар орта есеппен 2 есе ұлғайды және ақша эквивалентінде бірнеше ондаған миллион долларды құрады. Мысалы, 2018 жылы Мароккомен тауар айналымының көлемі 145 млн. долларды құрап 67% ұлғайды, Туниспен – на 66% және 42,2 млн. долларды, Алжирмен – 51,5 % ұлғайып 146,7 млн. доллар сомасына жетті, Египетпен – 83,9 млн. долларды құрап 25,6% ұлғайды. Египетті қоспағанда, көрсетілген барлық елдердеқазақстандық экспорттың көлемі импорттан асады. Аса маңызды экспорттық позициялардың қатарына күкірт (барлық түрлері), газ, мұнай өнімдері, ұн өнімдері, металл өнімдері жатады.

ОАР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастық құрылымында да экспорттық құрауыш басым. 2018 жылы бұл көрсеткіш 46,9 млн доллар тауар айналымының жалпы көлемінің 24,6 млн. долларын құрады. Қазақстандық экспорттың негізгі тауар позициясы ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылатын күкірт болып табылады.

Шығыс және Батыс Африка елдерінің ішінен Қазақстан экспортының көрсеткіштерін ұлғайту бөлінісінде ең қолайлысы Сенегал болып табылады. 2018 жылдың қорытындылары бойынша осы елге экспорттың көлемі 13,19 млн. доллар болатын жалпы тауар айналымы көлемінің 13,18 млн. долларын құрады. Аса маңызды экспорт позицияларының қатарына күкірт (барлық түрлері) және полифосфаттар жатады. Ал Кенияға, Ганаға, Кот де Ивуар мен Руандаға келетін болсақ, осы елдермен сауда-экономикалық қатынастар құрылымында импорттың айтарлықтай үстемдігі байқалады, осы елдер үшін дәстүрлі экспорттық позициялар – шәй, кофе, какао.

Қазақстан мен Эфиопияның арасында да экономикалық қатынастар дамуда. 2019 жылдың соңында қазақстандық инвестициялардың жәрдемімен осы елдің солтүстігінде құрылыс материалдары өндірісі іске қосылатын болады. Қазақстан инвестицияларының артуы Конго Демократиялық Республикасында да байқалады.

Тұтастай алғанда, Африка елдері бойынша 2018 жылы ҚР экспорты 582 млн долларға жетті, бұл ретте жиынтық экспорт импорттан екі есеге жуық артық. Ең қарапайым деген есептер таяудағы екі-үш жылда отандық экспорттың еселеп ұлғаюы мүмкіндігін көрсетіп отыр.

* * *

Қазақстандық экспортты арттырудан басқа, Африка елдерімен инвестициялық ынтымақтастықты да дамыту қажет. Бұл тұрғыдағы байланыстарды «экспорттың ұлғаюына айырбас ретінде қазақстандық инвестициялар»қағидаты бойынша дамытуға болар еді. Бұл механизмді шетелдік инвестицияларды тартуға қатты мұқтаждықты бастан кешіріп отырған және «жаңа әріптестер» іздестіру үстіндегі Африка құрлығы елдерінде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлар кезінде толығымен қолдануға болады.

Осы міндеттер үшін Африка елдерінде қолайлы инвестициялық мүмкіндіктер жасалған, оларға сәйкес шетелдік инвесторлардың құқықтары қорғалады, мемлекет олардың істеріне араласпайды. Елдердің ішінде де, олардан тысқары жерлерде де капиталдың еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасалған. Африка мемлекеттерінің экономикасы жеткілікті дәрежедегі ашықтықпен сипатталады.

Африканың дамушы экономикаларында бизнес жүргізудегі артықшылықтардың ішінен мыналарды бөліп көрсетуге болады: әртүрлі перспективалы секторлардағы мүмкіндіктердің кең спектрі (жеңілдіктер, преференциялар, салық каникулдары); нарықтың ауқымды көлемі мен әлеуеті және шектелген бәсекелестік; бизнесті ашу кезіндегі оңайлатылған рәсімдер; бизнес жүргізу аймақтарындағы салыстырмалы түрдегі қауіпсіз және тұрақты жағдай; жергілікті халықтың жеткілікті білім деңгейі және ағылшын тілін меңгеруі.

44 елді біріктіретін және Жалпы африкалық бірыңғай нарық құру жолындағы алғашқы қадам болып табылатын Африка еркін сауда аймағының күшіне енуі елеулі перспективалар ашады. Бүгінгі таңда тиісті келісімді 21 елдің парламенттері ратификациялап та үлгірді. Құжатты 22 ел ратификациялаған жағдайда келісім күшіне енеді.

Қазақстанның Африка елдерімен қатынастарды одан әрі дамыту және нығайту үшін белгілі бір тарихи негіздемелер мен мүмкіндіктер бар.

Біріншіден, біздің еліміз жас әрі тәуелсіз мемлекет бола отырып ешқашан отарлаушы ел болған емес, ал бұл құрлық елдерімен өзара қатынастар кезінде аса маңызды артықшылық, сондықтан ол соңғы уақыт ішінде бірқатар Африка елдеріне материалдық-техникалық көмек көрсетіп те үлгірді. Бұдан басқа, көптеген Африка елдерінің халықтарында КСРО-ның көмектері туралы жағымды естеліктер әлі ұмытылған жоқ, біздің еліміз сол үлкен мемлекеттің бір бөлігі болғаны оларға белгілі.

Екіншіден, біздің еліміздің халықаралық бейбіт бастамаларын, БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесін реформалауын, халықаралық терроризмге қарсы күресін, ядролық қаруға қарсы бастамаларын және т.б. қоса алғанда, ҚР-ның халықаралық істердегі ұстанымы Африка елдерінің көпшілігіне жақын. Осыған байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясының сессияларындағы жағдайлардың 70%-ында африкалық мемлекеттер біздің БҰҰ ҚК мүшелігіміз кезінде Қазақстанмен ниеттестікте дауыс бергенін атап өтпеуге болмайды.

Үшіншіден, Қазақстан бірқатар елдер үшін бизнесті дамыту, инвестициялар тарту және импорттың өсуі үшін жаңа әріптес ретінде қарастырылады.

* * *

2019 жылдың басынан бастап Қазақстанда жалпы сомасы 500 млрд теңге болатын жеткізілімдер географиясы мен тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі шаралар кешенінің іске қосылғаны белгілі. Қазақстан Даму банкінің құралдары арқылы экспорттаушыларды қаржыландырудың 80 млрд теңгеге артуы күтілуде. 102 млрд теңге сомасына мемлекеттік кепілдіктің жаңа түрлері енгізілетін және отандық экспорттаушылардың көлік шығыстарының бір бөлігін өтеу механизмдері іске асырылатын болады. Шет елдерде сауда-экономикалық миссиялар, ұлттық көрмелер, өнімдерді маркетингтік ілгерілету, өткізу нарықтарын кешенді талдау, экспорттаушылардың өнімді сертификаттауға жұмсайтын шығындарының бір бөлігін өтеу және т.б. сияқты қолдау шаралары көзделеді. Экспортты қолдаудың осы құралдары жаңа нарықтарға, оның ішінде Африка нарықтарына шығуды ынталандыратын болады.

Қазақстанда Ұлттық экспорттық стратегия іске асырылуда, соның нәтижесінде 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорттың бір жарым есе ұлғаюы күтілуде. Бұл ретте аграрлық сектор экономиканың қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Африканың бірқатар елдері үшін біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда, одан әрі Еуропа және Америка елдеріне экспортталатын экологиялық жағынан таза өнімдер өндіру бойынша экспорттаушы бола аламыз. Бұл тұрғыдан алғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың субсидиялар бөлу саясатын қайта қарау және өнімдерді сақтандыруға көшу қажеттігі туралы айтқандары өзекті болып отыр. Азия мен Еуропаның барлық шетелдік компаниялары осы бағытта, яғниафрикалық әріптестермен өз өнімдерін сақтандыра отырып жұмыс істейді.

Соңғы жылдар ішінде ҚР жалпы экспортындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 32% жетті. Мемлекет экспорттаушыларға қаржылық және сервистік қолдау көрсетуде, онымен 1800 астам тауар өндірушілер қамтылды. Бұл ретте жиынтығында экспорттың 65% беретін ҚХР, ЕАЭО және ЕО елдері негізгі өткізу нарықтары болып табылады. Жыл сайын сыртқы нарықтарға 7-8 жаңа тауар шығарудың белгілі бір тенденциясы байқалуда. Осындай ұлғайып отырған экспорттық әлеуетті Африка бағытына да бағдарлаған ұтымды болар еді. Алайда, қазіргі кезде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізудің перспективалық нарықтары ретінде 27 ел белгіленді, олардың арасында бір де бір қара құрлық елдері жоқ. Яғни барлық құрлықтарға экспортты дамытуға мүдделі болуға тиіс мемлекеттік органдардың назарынан Африка тыс қалып отыр. Бұл факт қазақ экспорттаушыларын тежейді, өйткені олар үшін бастапқы кезеңде мемлекеттің қолдауы мен қатысуы өте маңызды.

ҚР экспортын арттыру бағдарламасында 2021 жылға қарай азық-түлік тауарларының экспортын 40% ұлғайту туралы айтылады. Жыл сайынғы демографиялық өсім 2-2,5 % немесе 20-25 миллион адамды құрайтын нақ Африка елдері перспективалық бағыт болуы мүмкін.

2020 жылға қарай Қазақстанда шамамен 59 млрд доллар сомасындағы 658 жуық инвестициялық жобаны іске асыру басталады. Экспорттың өсуімен бір мезгілде тауарлар желісі де кеңейді – шетелдік нарықтарға тұрмыстық техника, автобустар, металл-прокат бұйымдарын, құрылыс материалдарын, өсімдік майларын, қант, қағаз және басқа да өнімдер беру көлемі ұлғайды. Осы тауарлардың экспорты 1,5 млрд долларды құрайды. Барлық өнімдер құнды және Африка нарығында бәсекелес болуы мүмкін.

Аталған мақсаттарды іске асыру үшін Қазақстанның Субсахаралық Африка елдерімен ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесін құру, сауда-экономикалық байланыстар дамып отырған елдерде «Қазақинвест» фронт-офистерін ашу, іскерлік топтар арасындағы байланыстарды жолға қою, бірлескен кәсіпорындар ашу орынды болар еді деп ойлаймыз.

Осылардан басқа, ЕАЭО мен құрлықтың барынша белсенді елдері арасында қазақстандық экспорттың көлемі басым бөлінісінде еркін сауда туралы келісімге қол қою аса пайдалы қадам болар еді. Осы құжатты жасасу осы елдердің нарықтарын ашу арқылы қазақстандық шикізаттық емес өнімдері экспортын арттыруға, саудадағы кедендік рәсімдерді оңайлатуға, тарифтік және тарифтік емес тосқауылдарды жоюға, сондай-ақ бірқатар экономикалық басым салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік берер еді.

* * *

Қорыта келгенде, ел экспортын дамытудың жалпы ұлттық бағдарламасы жасалды, енді оны жүзеге асыру міндеті тұр, осы тұрғыда африкалық вектор перспективалық бағыттардың біріне айналар еді. Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты дамытудағы өзінің қызығушылығы туралы енді ғана мәлімдеп отыр. Біз әлі осы перспективалы жолдың басында тұрмыз. Отандық бизнес барлап-бақылап отыр, тәуекелдерді, мүмкіндіктерді есептеуде, сондықтан оларға көмек және жәрдем көрсету қажет.

______________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Ерлік Әли – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Африка Одағындағы ҚР-ның Тұрақты өкілі. 2007 жылдан бастап Қазақстан мемлекеттік қызметінің жауапты лауазымдарында жұмыс істейді.

ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар. Ағылшын тілін меңгерген. «Құрмет» ордені (2012 ж.) және мерейтойлық медальдары мемлекеттік наградаларына ие.

Қосылған : 13.06.2019, 11:45, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:45