Ерлан Әлімбаев. ШЫҰ Астанадан кейін: дамудың жаңа деңгейіне шығу

Ерлан ӘЛІМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші

ШЫҰ Астанадан кейін: дамудың жаңа деңгейіне шығу

«…Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық деңгейде мойындалды және көп салалы ынтымақтастық үшін тиімді алаңға айналды …».

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев

(2017 жылғы 9 маусым)


Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ШЫҰ Астанадағы саммитінің алдында және оның аясында өткізген екіжақты кездесулер. 8-10 маусым 2017 ж. (Akorda.kz)

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 1996 жылы Қазақстанның, Қырғызстанның, Қытайдың, Ресейдің және Тәжікстанның әскери саладағы сенімді нығайту және шекаралас аудандардағы қарулы күштерді қысқарту туралы өзара келісімге қол қоюдың нәтижесінде қалыптасқан «Шанхай бестігінің» тікелей мұрагері болып табылады. Бірте-бірте ол сыртқы саясаттың, экономика мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мәселелерін қамтып, жұмыс өрісін кеңейтті. Жоғарыда айтылған келісімдерге қол қоюға орайластырылған саммиттер кейіннен көпсалалы және көпжақты ынтымақтастықтың толыққанды ұйымына айналған құрылымның түп бейнесі болды. 2001 жылы Өзбекстанды мүшесі ретінде қабылданғаннан кейін оның атауы Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып өзгерді.

17 жыл бойы ШЫҰ-дағы ынтымақтастық одан әрі кеңейіп, ал нақты нәтижелері арта түсуде. Сонымен бірге, Ұйымның халықаралық ықпалы да өсіп келеді. Оның негізгі қағидалары – бастамалар ұсыну және өзара сенім, өзара тиімділік, теңдік, кеңес беру, әртүрлі өркениеттерге деген құрмет және халықаралық қатынастардың жаңа үлгісін құруға деген ұмтылыс қағидаттарын нақты орындау.

2017 жылы 9 маусымда Ұйымның Астанадағы саммитінде Үндістан мен Пәкстанға толық мүше мәртебесін беру туралы ШЫҰ үшін тарихи шешімдер қабылданды. Бұл қадам Ұйымның ашықтығын және оның артып келе жатқан халықаралық беделін көрсетті.

Жалпы Ұйымның одан әрі дамуының бағыттары, параметрлері мен міндеттері қызметінің әртүрлі аспектілері бойынша нақты кезеңдерге сараланып, бірлескен нормативтік-құқықтық құжаттардың, сондай-ақ ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясының негізін қалады.

Қабылданған құжаттарға сәйкес ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерге қарсы тұру, ШЫҰ аясында сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың орнықты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, ШЫҰ-ның халықаралық беделін арттыру бойынша іс-жүзіндегі ынтымақтастыққа бағытталған өзара іс-қимылды одан әрі іске асыратын болады.

«Үш жамандық күші» деп аталатын құбылысқа қарсы күрестегі және психотроптық заттардың таралуына қарсы тұрудағы ынтымақтастықтың маңыздылығы ерекше болып табылады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта тиісті бағдарламалық құжаттарға қол қою қарастырылуда.

Сонымен бірге, Даму банкі мен ШЫҰ-ның арнайы шоты сияқты бірлескен жобаларды қаржыландыру тетіктерін жасауда өзара іс-қимылдың экономикалық бағыты одан әрі жандандыруды талап етеді.

Ұйымның транзиттік әлеуетін жүзеге асыру, өңірдегі көлік және транзиттік дәліздерді қалыптастыру мәселелерінің болашағы зор болып көрінеді. Жаңғырту саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде ШЫҰ кеңістігінде халықаралық логистикалық орталықтар желісін кеңейту бірлескен жұмыстың маңызды бағыты болуы мүмкін.

Сонымен бірге, бірлескен ынтымақтастықтың негізгі аспектілерінің бірі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Осы бағытта біз ШЫҰ мүше-мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ынтымақтастық бағдарламасын одан әрі ілгерілетуге жәрдем ете аламыз. Бұл бағдарлама елдеріміздің азық-түлік тәуекелдерін қысқартуға көмектесетін болады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық деңгейде көпжақты қауымдастықтармен кооперацияны нығайту бойынша үлкен жұмыс атқарғанын атап өту керек.

Осылайша, БҰҰ-мен ынтымақтастық БҰҰ Бас Ассамблеясының ШЫҰ-ға Бас Ассамблеясында байқаушы мәртебесін беру туралы 2004 жылғы қарарының негізінде құрылды. 2010 жылы екі ұйымның хатшылықтары арасында ынтымақтастық туралы декларация қабылданды. Бұл құжат ШЫҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АТМЭӘК) және тағы басқалар сияқты БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерімен өзара іс-қимыл жасауына ықпал етеді. ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Өткен жылы ШЫҰ-ның Астанадағы саммитінде Ұйымның тарихында тұңғыш рет БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысқанын атап өту қажет, бұл ШЫҰ-ның халықаралық аренада өсіп келе жатқан беделін айғақтайды. Бұдан басқа, 2016 жылы қарашада БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Хатшылықтың және ШЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстанның бастамасымен Ұйымның әлемдік аренадағы ұстанымы мен ықпалын нығайту жөніндегі іс-шарасы өтті. Нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблеясы «БҰҰ мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастық» жөніндегі қарарын қабылдады.

Қазақстанның ШЫҰ-дағы рөліне келсек, Ұйым құрылған сәттен бастап Қазақстан Республикасы көптеген идеяларға, жобаларға, құжаттар мен бағдарламаларға бастамашылық еткен белсенді құрылтайшы мемлекеттердің бірі болғанын және болып қала беретінін атап өту қажет. ШЫҰ-ның басқа мүшелерімен бірлесіп, біз өзара сыйластықпен, сеніммен, теңдікпен және жалпы өркендеуге деген ұмтылыспен сипатталатын «Шанхай рухы» қалыптастырдық.

Еліміздің ШЫҰ аясындағы негізгі басымдықтары өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзиттік және көлік әлеуетін ашу, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету болып табылады.

Біздің республикамыз ШЫҰ құрылған сәттен бастап оған мүше барлық мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста ынтымақтасып, оны нығайтуға және дамуына қолдау көрсетіп, нормативтік-құқықтық негізді жетілдіруге және Ұйымның халықаралық имиджін нығайтуға жәрдем етіп келеді.

2016 жылдың маусымынан 2017 жылдың маусымына дейін Қазақстан ШЫҰ-да төрағалық міндеттерін атқарды. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде жаңа қауіп-қатерлерге қарсы күреске, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен мән берілді.

Осылайша, Қазақстанның бастамасы бойынша Астана Саммиті барысында халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы Мәлімдеме қабылдады, радикалды қозғалыстарды бейтараптандыруға, әлеуетті террористерді анықтауға және экстремистік идеялардың насихаты жедел әрекет етуге бағытталған экстремизмге қарсы тұру туралы конвенцияға қол қойды.

ШЫҰ-ның Астана саммиті «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының жұмысын жоғары деңгейде және кеңейтілген форматта қайта жандандыруға бастау берді. Осы топтың аясында есірткінің заңсыз айналымы, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстанға экономиканы қалпына келтіру және ұлттық татуластыққа қол жеткізу бойынша көмектесу негізгі тақырыптар болып табылады.

Қазақстанның бастамасы бойынша ШЫҰ күн тәртібінде ШЫҰ кеңістігінде сауданы дамыту және инвестицияларды тарту бойынша бірлескен ынтымақтастықты кеңейту және күшейту перспективаларын талқыланады. Халықаралық автокөлік тасымалы үшін қолайлы жағдай жасау туралы келісімді іс-жүзінде орындау жұмыстары басталды.

2018 жылдың 9-10 маусымында Циндаода (Шаньдун провинциясы, ҚХР) жоспарланған мемлекет басшыларының кездесуі алғаш рет «сегіз жақты форматта» өтетін болады. Біздің елдеріміздің көшбасшылары бір жылда атқарылған жұмыстың қорытындыларын шығарып, келесі жыл үшін жаңа жоспарларды айқындайтын болады.

2018 жылғы 24 сәуірде Бейжіңде өткен Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қорытындылары бойынша тараптар Саммиттің күн тәртібін мақұлдап, «Ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың» ережелерін жүзеге асыру жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қауіпсіздік, экономика, сауда, қоршаған ортаны қорғау және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар шешімдері мен құжаттарын қабылдау туралы мәселені пысықтай бастады.

Қорытындылай келе, Қазақстанның сыртқы саясатындағы ШЫҰ векторы мәселелердің барлық спектрі бойынша үздіксіз өсу серпінімен, көпқырлылығымен және перспективасымен ерекшеленетін ынтымақтастықтың біртұтас бағыты ретінде қалыптасқандығы туралы айтуға болады.

Қосылған : 7.06.2018, 16:15, Өзгертілген : 7.06.2018, 16:15