Еркін Тукумов. Татарстан Республикасы Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің маңызды бөлігі

Еркін ТУКУМОВ

ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІГІНІҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен қатынастарының жүйесінде Татарстан Республикасы ерекше орын алады. 2013 жылғы 5 маусымда Қазан қаласының орталығындағы тарихи «Ремизова үйінде» Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы кездейсоқтық емес. Қазан қаласында Бас консулдықтан басқа, Қазақстан сауда өкілдігінің бөлімшесі, «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілдігі жұмыс істейді, ал 2018 жылдан бастап «ҚазақЭкспорт» ұлттық компаниясының шетелдегі алғашқы өкілдігі өз жұмысын бастады. Нәтижесінде, бүгінгі таңда Татарстанның астанасында Қазақстанның Ресейдегі саны бойынша Мәскеуден кейінгі екінші өкілдігі орналасқан.

Қазақстанның Татарстандағы осындай белсенді саясаты мүлде кездейсоқ емес және осы заманның сын-тегеуріндеріне де, сонымен бірге ортақ бай тарихтың жасампаздық рухына да жауап береді. Қазақстанның Татарстанмен арадағы қатынастарының қалыптасқан спектрінің кең және әр алуандығы соншалық, ол үшін тұтас кітап жазып шығуға болар еді, сондықтан

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазан қаласына сапары шеңберінде Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуі.

2018 жылғы 15 маусым

Қазақстан мен Татарстанның тарихшылары осы іспен айналысуды жоспарлап отыр. Егер қысқаша айтар болсақ, қазіргі қарым-қатынастарды мынадай түрде сипаттауға болады.

Сауда-экономикалық салада тауар айналымының тұрақты және сапалы өсімі байқалады. Айталық, 2017 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан мен Татарстанның арасындағы екі жақты сыртқы сауда айналымы 702,9 млн. долл. құрады (2016 жылмен салыстырғанда ұлғаюы 1,7 есе): соның ішінде экспорттық операциялар – 598,3 млн. долл. (ұлғаюы 1,4 есе), импорттық операциялар 104,6 млн. долларды (ұлғаюы 10 есе) құрады. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығы ішінде айналым шамамен 400 млн. долларды құрады. Татарстаннан келетін импорттың құрамында: минералдық отын, мұнай, жерүсті көлігі құралдары, пластмасса және одан жасалған бұйымдар басым. Татарстан Республикасына экспорттың құрылымы минералдық отын, қара металдар, мыс және олардан жасалатын бұйымдар сияқты тауарлардың негізгі топтарынан тұрады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы маусымдағы Қазан қаласына жұмыс сапары Татарстанмен арадағы қатынастарды дамытудағы жаңа маңызды кезеңге айналды. Қазақстан Президенті орта мерзімді перспективада Татарстанмен арадағы сауда-экономикалық айналымды 1 млрд. долларға жеткізу міндетін қойды. Мұндай міндетті екі елдің әлеуеті мен аса зор мүдделілігін ескеретін болсақ, толығымен жүзеге асыруға болады.

Сапар барысында Қазақстан Президенті Қазақстан мен Татарстанның арасында ең жақын және өзара сенімгерлік қатынастардың қалыптасқанын атап өтті. Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың халықтар арасындағы достықты,өзара түсіністікті және сенімді нығайтуға қосқан үлесін атай келіп, Мемлекет басшысы Татарстан Президентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығына назар аударды. Осы мақсатта мұнай-химия, машина жасау, қорғаныс және ғарыш өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен кәсіпорындар ашудың қолда бар мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың бірқатар басым бағыттары бар, оларды іске асыру ҚР Президенті алға қойған міндеттерді сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да іске асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан экономикасын әртараптандыру стратегиялық міндетін ескеретін болсақ, мұнай-химия саласындағы ынтымақтастықты дамыту аса маңызды бағыт болатыны анық. Татарстан мұнай-химия өнеркәсібінде көшбасшы өңір болып табылады.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанның Бас консулдығы Сауда өкілдігінің бөлімшесімен бірлесіп сауда-экономикалық миссиялар өткізуде, саясаткерлер мен бизнес топтар өкілдерінің ресми, жұмыс және іскерлік сапарларының саны ұлғаюда, өнімдер таныстырылуда, Қазақстанның және Татарстанның кәсіпорындары көрмелер мен форумдарға тартылуда. «Қазмұнайгазсервистің» жыл сайынғы конференциясы, Татарстан мұнайгазхимия форумы сияқты ірі алаңдар әріптестердің кездесу орындары болып табылады.

Қазіргі кезде Қазақстанда ұлттық маңызы бар инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық әріптес іздестіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Татарстан Республикасының мұнай-химия кәсіпорындарымен, атап айтқанда, Қазақстан энергетика саласының өңдеу секторын индустрияландыру мақсатында «ТАНЕКО» АҚ-мен, «Татнефть» ЖАҚ, «Казаньоргсинтез» ЖАҚ, «Нижнекамскнефтехим» ЖАҚ-мен ынтымақтастық қарастырылуда. Қазақстанда «Біріккен химия компаниясы» ЖШС-мен («Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық қорының еншілес ұйымы) бірлесіп мұнай-химия саласындағы жобаны іске асыру үшін инвестор іздестіру жүргізілуде.

Жобада полипропилен өндірісі (қуаты жылына 500 мың тонна), метанол өндірісі (қуаты жылына 1, 6 млн. тонна), полибутадиен өндірісі (қуаты жылына 245 мың тонна) өндірісі көзделеді. Полипропилен өндіру жөніндегі жоба белсенді фазасында тұр, құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Метанол және полибутадиен өндіру жобалары бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.

Қазақстанда қуаты жылына 75 мың тонна барит концентратын өндіру жөніндегі кен байыту комбинатын салу, калий сульфатын өндіретін, метанол мен аммиакты, сондай-ақ карбамидті құрамдастырып өндіретін, полиэфирполиолдар өндіретін зауыттар салу сияқты жобалар да аз қызығушылық тудырып отырған жоқ.

Қазақстанның таңдап алынған жобаларға қатысты негізгі артықшылықтары арзан шикізатқа қол жетімділік, операциялық шығындардың төмен деңгейі, біліктілігі жоғары кадрлардың және инвесторлар үшін преференциялардың болуы болып табылады.

Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық та мол перспективаға ие. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының жетекші салалары болып табылады. Татарстанның ауыл шаруашылығы Ресей Федерациясы өңірлерінің арасында жетекші орындардың бірін алады. Республика Ресей ауыл шаруашылығы алқаптарының 2% астамына ие бола отырып, жалпы астық өнімінің 8 % өндіреді, және ет, сүт және жұмыртқа өнімдерінің аса ірі өндірушісі болып табылады. Республикада осы өнімдерді өндіру бойынша автоматтандырылған заманауи жабдықтармен жарақтандырылған Еуропадағы аса ірі мегафермалар құрылған. Татарстан сондай-ақ астық дақылдарын, қант қызылшасын және картоп өсіруге де маманданған.

Қазақтар қадірлейтін жылқы еті, қымыз және шұбат сияқты дәстүрлі тағамдардың татар халқында да танымалдылыққа ие екендігін ескере отырып, Қазақстанның осындай өніммен жергілікті нарыққа да белсенді түрде шығуына болады.

Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі міндеттер тұрғысынан алғанда, Татарстанмен ауыл шаруашылығы техникасы және ауыл шаруашылығы авиациясы саласындағы ынтымақтастық туралы ұсыныстар аса өзекті. Осы тұрғыда Қазанның «МВЕН» фирмасы» кәсіпорнының «МВ-500» а/ш мақсатындағы ұшағы өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру перспективалы болып көрінеді.

Аумақтық және мәдени жақындықты ескергенде, Қазақстанда Татарстанмен туризмді дамыту ісінде жақсы әлеует бар.

Бүгінгі таңда Қазан Ресейде Мәскеу мен Санкт-Петербургтан кейін адамдар ең көп келетін қалалардың үштігіне кірді. 6 матчы Қазан-Аренасында өткен Футболдан әлем чемпионатынан кейін, 2018 жылдың қорытындылары бойынша Татарстанға туристер ағыны 3,4 млн. адамды құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 9,6% көп.

Татарстанның аумағында Ресейдің ЮНЕСКО мәдени мұрасына кірген 29 объектісінің үшеуі орналасқан, олар: Қазан кремлі, Успен соборы мен Свияжск қала-аралы монастыры, Булгар архитектуралық-тарихи кешені. Осындай мәртебелік деңгейге маңызды мәдени объектілерді қалпына келтіру және туристік орталықтарды абаттандыру жөніндегі жұмысқа жетекшелік ететін Минтимер Шаймиев төрағалық ететін «Возрождение» республикалық қорының қызметі ықпал етеді. Татарстанның мәдени-тарихи маңызы бар объектілерді қалпына келтіру жөніндегі тәжірибесі Қазақстанда іске асырылып жатқан Рухани жаңғыру ауқымды ұлттық жобасы үшін пайдалы болары даусыз. Әсіресе, Қасиетті Қазақстан жобасының және Түркі әлемінің генезисін зерделеу жобасының бөлігіндегі мәні ерекше, өйткені ежелгі Булгар бізге ортақ Түркі тарихының маңызды орталықтарының бірі емес пе.

Татарстанның астанасында болуға қызығушылық білдірген қазақстандықтардың саны жыл сайын артуда. 2018 жылғы Футболдан әлем чемпионаты кезінде 6 мыңнан астам қазақстандық Қазанда болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2018 жылғы қазан айында Қазан қаласындағы Назарбаев көшесіне «Тайқазан» композициясын (Түркістандағы Яссауи кесенесіндегі Тайқазанның көшірмесін) салтанатты түрде орнатқаны Қазанға барған қазақстандықтар үшін қызықты болатыны анық. Оның тұғырының астыңғы жағына жарқырап тұратын табличка орнатылған, онда «Гүлдене бер Қазан! Шығыс Қазақстан облысынан» деген (қазақ тіліндегі) жазу бар.

Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері татарстандықтардың үлкен қызғушылығын тудырады, оның үстіне Қазақстан мен Татарстанның арасында саяхат жасау үшін жақсы жағдайлар жасалған: Астанадан Қазанға «AirAstana» компаниясының жүйелі рейстері ұйымдастырылған, Алматы – Қазан поезы бар. Менің ойымша, қазақстандық Fly Arystan лоукостері іске қосылған кезде бұдан да мол перспективалар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда жұма күні ұшып шығып, жексенбі күні қайта оралатын «демалыс күн пакеті» арқылы Ресей тұрғындары Астананың, Бурабайдың көрнекті жерлерін және Қазақстан елордасына жақын орналасқан басқа да көркем табиғатын тамашалай алар еді.

Бүгінде Татарстанмен дәстүрлі сауда қатынастары ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жобалармен толықтырылуда. Татарстан РФ өңірлерінің арасында АТ сектор мен жоғары технологияларды дамыту бойынша жетекші орын алады. Мәселен, атап айтқанда, нақ осы Татарстанның аумағында, Қазаннан 30 км жерде 2015 жылдан бастап «Иннополис» қаласы – университет пен жоғары технологиялар қаласы – ерекше экономикалық аймағы өз жұмысын бастады. Қазіргі кезде «Иннополис» ЕЭА аумағында 150 компания тіркелді, олардың 76-сы «Иннополис» ЕЭА-ның резиденттері мен әріптестері. «Иннополисті» құру тәжірибесі мен оның табысты жұмыс істеуі Astana Hub International Technology Park of IT Startups үшін де қызықты болуы мүмкін. «Иннополис» ЕЭА резиденттері тобы Қазақстанның Бас консулдығының және Астанадағы Татарстан өкілдігінің жәрдемімен ШҚО, БҚО және Алматы облыстарында «ақылды қала» технологияларын енгізу саласындағы жобаларды іске асыруда.

Иннополисте ақпараттық технологиялар және робот техникасы саласында білім беруге және ғылыми зерттеулер жүргізуге маманданған, бакалавриат, магистратура және аспирантура бағыттары бойынша оқытатын «Иннополис университеті» жұмыс істейді. 2018 жылы Иннополис университетінде шетелдік студенттердің ішіндегі ең саны көп және ең үлгірімді топ саналған қазақстандық 49 студент білім алды.

Екі жақты экономикалық байланыстарды дамытуда автомобиль жасау, кеме және авиа өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық зор әлеуетті иеленеді. Мәселен, «КАМАЗ» сияқты автомобиль өнеркәсібінің алыбы үшін (Набережные Челны, Татарстан) Қазақстан маңыздылығы жағынан Ресейден кейінгі екінші нарық болып табылады. Өндірістік қуаты жылына 1,5 мың машина болатын «КАМАЗ-Инжиниринг» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны Қазақстанда 2005 жылғы маусымнан бері жұмыс істейді. Қазақстанда оның 27 дилер орталығы табысты жұмыс істеуде және концерн осы бағытқа инвестиция салуды жалғастыруда.

Тікұшақтар зауыттарының: Алматы қаласындағы №405 авиажөндеу зауыты мен Қазан тікұшақ зауытының арасында, оның ішінде МИ-8, МИ-17 желісі тікұшақтарын жаңғырту және жөндеу саласында, сондай-ақ «Ақ барыс» кеме жасау корпорациясы мен «Зенит» кеме жасау зауыты арасындағы ынтымақтастық бойынша және өндірісті Қазақстанда ықтимал жергіліктілендіру бойынша да келіссөздер жалғасуда.

* * *

Бізді Татарстанмен қызу даму үстіндегі сауда ғана емес, сонымен бірге ортақ тарих, тіл, дін және мәдениет те байланыстырады. Қазақстан Президенті 2018 жылғы 15 маусымда Қазан Федералдық университетінде сөз сөйлей отырып, «қазақтар мен татарлар бір-біріне жақын, бізге әңгімелесу кезінде аудармашы қажет емес, Бәрімізді біртұтас түркі мұрасы біріктіреді» деп дәл атап өткен болатын.

Қазақтар мен татарлардың, дәлірек айтқанда, біздің ата-бабаларымыздың өзара қарым-қатынасының бай тарихы бар, ол Ұлы Түрік қағанаты мен Алтын Орда дәуірінен бері жалғасып келеді. Татарстанның 2019 жылы Алтын Орданың 750 жылдығын салтанатты және ауқымды түрде атап өтетіні кездейсоқтық емес.

16-шы ғасырдағы Қазан хандығының билеушісі Сүйімбике атақты Едіге бидің ұрпағы болып табылатындығы белгілі. Ақын және философ Асан қайғының мұрасы (татарлар оны Хасан қайғы деп атайды) біздің халықтар үшін ортақ, ол 14-ғасырдың аяғында өмір сүрген болатын.

19-ғасырдың соңында 20-ғасырдың басында Татарстанда қазақ газеттері, журналдары және кітаптары шыға бастады. Татар жазушылары мен ғалымдары да қазақтардың өмірі туралы ғылыми еңбектер мен көркем шығармаларды белсенді түрде шығарып отырды. Октябрь революциясына дейін Қазанда араб графикасымен басылған қазақ тіліндегі кітаптардың 434 атауы басылып шықты. Олардың тиражы 2 миллионнан астам дананы құрады және соның ішінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармалары да болды. 20-ғасырдың басында қазақтың атақты журналы «Айқапты» шығаруға ағайынды Яушевтер көмектесті. Қазақстан өз кезегінде татар халқының музыка саласындағы интеллигенциясының Латиф Хамиди, Рашид Абдуллин, Фуат Мансуровсияқты көрнекті өкілдерінің отанына және олардың шығармашылығының өркендеу орнына айналды. Татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай өзінің шығармашылық қызметін Қазақстандағы Орал қаласында бастады.

Біздің халықтар арасындағы достықтың тарихи тамыры Қазақстан мен Татарстанның қазіргі заманғы кезеңдегі ынтымақтастығы үшін берік негізге айналды. Оған көп ұлтты Қазақстан халқының ажырамас бөлігіне айналған 200 мыңға жуық татар диаспорасы дәстүрлі түрде ықпал етуде. Қазақстанда, елдің татарлар тұрып жатқан әртүрлі түкпірлерінде жыл сайын Сабантойлар өтіп тұрады, оларға Татарстанның өкілдері де қатысады.

Қазақстан мен Татарстанның елордалары: Астана мен Қазан бауырлас қалалар, Алматы мен Қазан – әріптес қалалар болып табылады. Татарстанда Қазақстан қалаларының мәдени күндерін өткізу Қазандағы ҚР Бас консулдығының жоспарында бар.

2019 жылғы наурызда Қазан Кремлінде Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы жинағынан алынған көшпенділердің мәдениеті мен өнерін көрсететін «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары» атты бірегей көрме жоспарланып отыр. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы «Алтын адам» қойылатын болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстан мен Татарстан қатынастарының, қазақтар мен татарлар тарихының байлығы соншалық, тамыры тереңге – өте ежелгі дәуірлерге кетеді, сондықтан бүгінде Қазақстан тарихшылары және олардың татарстандық әріптестері, атап айтқанда, Марджани атындағы Тарих институты сақтар мен ғұндар кезеңінен бастап осы заманға дейінгі тарихқа ауқымды зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Қазан қаласы, оның ішінде Қазан федералдық университеті бүгінгі таңда Ресейдегі түркітану ілімінің ең маңызды орталықтарының біріне айналды, сондықтан 2020 жылы Астанада Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресінің өтетіні туралы хабар Татарстанда зор энтузиазммен қабылданды. Қазан түркітанушыларының пікірінше, бұл іс-шара бүкіл түркі әлемі үшін маңызды оқиғаға айналады және ол әлемдік ғылымда түркітану ілімін сапалық жағынан қайта қарауға қызмет етеді, Түркі өркениетін зерттеуде жаңа ірі жобаларды бастауға мұрындық болады.

____________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Еркін Тукумов – Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы (Татарстан Республикасы, РФ) Бас консулы.

Варшава университеті Халықаралық қатынастар институтының және Гарвард Университеті Мемлекеттік басқару мектебінің түлегі.

Әр жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде әр түрлі лауазымда, Қауіпсіздік Кеңесінде, ҚР СІМ Орталық Азия департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

І сыныпты кеңесші, саяси ғылымдардың кандидаты (2004 ж.)

Қосылған : 29.03.2019, 15:35, Өзгертілген : 29.03.2019, 15:35