Әмірліктер Қазақстан Президентінің ядросыз әлем жөніндегі бастамасын қолдауда

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Атом энергиясы жөніндегі корпорациясы (ENEC) 29 тамызға жоспарланған Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің (АҚХА) Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) Қазақстанда ашу рәсімінде ТБУБ-тің негізгі донор елдерінің бірі болып табылатын БАӘ-ге өкілдік етеді. Бұл туралы Emirates Nuclear Energy Corporation (ENEC) бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Хаммади Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Қайрат Лама Шарифпен 21 тамызда Әбу-Дабиде болған кездесуде мәлімдеді.

Сонымен қатар ENEC делегациясы ү.ж. 4-7 қыркүйекте Астанада өтетін жыл сайынғы ICMCI кездесуіне және CMC-2017 5-ші халықаралық конференциясына қатысады.

Сұхбат барысында Мұхаммед әл-Хаммади Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан зор үлесін атап өтті. Әмірліктер тарапы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтулы бастамаларын – көлемі жағынан әлемдегі төртінші орынға ие ядролық арсеналдан бас тарту, Семей ядролық полигонын жабу, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтуді ұсыну, АҚХА-нің Төмен байытылған уран банкін Қазақстан аумағында ашу, Ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі жалпыға ортақ декларация туралы БҰҰ Бас ассамблеясының қарарын қабылдау, сондай-ақ дүние жүзінде еркін ерігі бар барлық адамдарды ядролық сынақтарды тоқтату туралы халықаралық петицияға қол қоюға шақыратын АТОМ халықаралық жобасының іске асырылуын әрдайым қолдайтынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат өз кезегінде ТБУБ - атом энергиясын бейбіт мақсатта дамыту игілігі үшін қызмет атқаратын және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосатын бірегей тетік - құру жөніндегі жобаны қаржыландыруға қатысқаны үшін БАӘ Үкіметіне ризашылық білдірді.

Анықтама: БАӘ Атом энергиясы жөніндегі корпорациясы (ENEC) – БАӘ-де атом энергиясын дамыту үшін 2009 жылғы 23 желтоқсанда құрылған ұлттық мемлекеттік мекеме болып табылады.

ENEC құзыреті елдің электр қуатына өсіп бара жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бейбіт ядролық бағдарламаларды дамытуға бағытталған қызмет атқаруды қамтиды. Бұл өз кезегінде болашақта Әмірліктердің экономикалық даму қарқындарын жалғастыруға мол мүмкіндік беруі тиіс.

ENEC қызметтер тізбесі айтарлықтай кең:

- энергоблоктардың құрылысын жалпы үйлестіруін жүргізу, жабдықтау мен іске қосу;

- бас мердігердің нысандарды жобалауда, пайдалануда және олардың құрылысындағы жұмысына бақылау жүргізу;

- болашақ АЭС іргелес аумағының инфрақұрылымын, соның ішінде жолдарды, инженерлік және телекоммуникациялық жобаларды дамыту жөніндегі жұмысты бақылау;

- ядролық отынды тексеру, оны тасымалдау, пайдалану, сақтау және жою процесін бақылау және т.б.

- БАӘ білім беру секторымен үйлестіре отырып, ядролық энергетикалық бағдарлама үшін кадр әлеуетін қалыптастыру.

ENEC компаниясы атом саласына, соның ішінде халықаралық деңгейде стратегиялық инвестиция жасауға жауапты.

Қазіргі уақытта БАӘ-нің әл-Руайс (Al Ruwais) қаласынан шамамен 50 шақырым және Әбу-Даби қаласынан 330 шақырым жерде «Барака» атом электр станциясының (Barakah Nuclear Power Plant –BNPP) құрылысы жүруде.

«Барака» АЭС құрылысы әлемдегі ең ірі және APR-1400 төрт агрегаты бір уақытта салынып жатқан жалғыз ядролық энергетикалық жоба. АЭС-тің төрт энергоблогының толық қуаты көміртектерді пайдаланбай БАӘ энергия тұтынуының 25%-на дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаның бас мердігері мен бас операторы – халықаралық тендерді ұтып алған «Korea Electric Power Corporation, (KEPCO)» электр энергетикалық корпорациясы бастаған Оңтүстік Кореялық консорциум. «Барака» АЭС төрт энергоблогының құрылысына шарт 20 млрд. АҚШ долл. сомасына 2009 жылғы желтоқсанда жасалды.

2017 жылғы 5 мамырда БАӘ атом энергиясы жөніндегі корпорациясы «Барака» атом электр станциясы бірінші блогының алғашқы құрылыс жұмыстарын кореялық KEPCO корпорациясымен бірлесіп аяқтағанын жариялады.

ENEC Директорлар кеңесі бірінші энергоблокты пайдалануға беру мерзімдері туралы жаңартылған ақпаратты бекітті. Осы ақпаратқа сәйкес халықаралық бағалауға және ядролық өнеркәсіп қауіпсіздігі стандарттарын сақтауға жеткілікті уақыт қалдыру, сондай-ақ станция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру үшін 1-ші блокты іске қосу мерзімдері 2017-ден 2018-ші жылға жылжытылды.

Қосылған : 21.08.2017, 16:00, Өзгертілген : 21.08.2017, 16:00