Қазақстан Елшісі МАР жоғары білім және ғылыми зерттеу министрі Х.Абдель-Ғаффармен кездесті

13 тамызда Қазақстан мен Мысыр арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылау мақсатында, Елші Арман Исағалиев Мысырдың жоғары білім және ғылыми зерттеу министрі Халид Абдель-Ғаффармен кездесті.

Кездесу барысында елші министрге 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін ИЫҰ ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне дайындық шеңберінде ұйымдастырылатын министрлер жиналысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Инвестициялар және даму министрі Женіс Қасымбектің бірлескен шақыруын табыстады. А. Исағалиев Мысырдың мұсылман әлеміндегі жоғары беделін және Астана мен Каирдің ИЫҰ шеңберіндегі өзара іс-әрекетінің биік деңгейін назарға ала отырып, аталған іс-шараға Мысырдың қатысуы аса маңызды екенін басып айтты. Өз кезегінде, Х. Абдель-Ғаффар ҚР Президентінің ИЫҰ ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өткізу туралы бастамасын жоғары бағалап, министрлер жиналысына қатысатынын растады.

Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жолдары талқыланды. Елші екі ел жоғары білім орындары студенттерімен және оқытушыларымен алмасу жөнінде Қазақстан тарапының қызығушылығын атап өтті. Министр мысырлық университеттердің Қазақстаннан түрлі мамандықтарға студенттерді қабылдауға, сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарына студенттерді жолдауға дайын екенін жеткізді. Бұған қоса, Х. Абдель-Ғаффар ғылыми-зерттеу саласында тәжірибемен алмасу, семинарлар ұйымдастыру және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру арқылы әріптестікті белсендетуге қызығушылық танытты.

Қосылған : 14.08.2017, 14:40, Өзгертілген : 14.08.2017, 14:40