Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Мысырдағы Бүкіләлемдік жастар форумында талқыланды

Қазақстан Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов Мысырдың Шарм әш-Шейх қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік жастар форумына қатысты. Мысыр Президенті Абдель-Фаттах әс-Сисидің бастамасы және қамқорлығымен ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 125 мемлекетінен 70-тен астам ресми делегациялар мен жастар қозғалыстарының өкілдері қатысты. Форумның құрметті қонағы ретінде Палестина, Мауритания, Габон, Чад президенттері, Шарджа Әмірлігінің билеушісі және Меккенің губернаторы қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президент А. әс-Сиси Бүкіләлемдік жастар форумы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жастар үшін қазіргі әлемнің өзекті мәселелерін, білім, ғылым және технология салаларында жастарға қатысты бағдарламаларды іске асыру перспективаларын, кедергілері мен қатерлерін талқылауға, сондай-ақ түрлі мемлекеттердің жастар саясаты бойынша сәтті тәжірибелерді ұсынуға керемет мүмкіндік беретінін атап өтті.

А. Нүкенов Мысыр Президентінің қатысуымен өткен «Мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы айырмашылық» атты бірінші панельдік сессияда қатысушыларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі тезистерімен таныстырды. Елбасы бастамаларының мазмұны тыңдаушылардың едәуір қызығушылығын тудырды.

Форум аясында Қазақстан делегациясы басшысы Мысыр Президентімен, сыртқы істер, жастар және спорт, туризм министрлерімен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жолдарын, атап айтқанда жастар саласында ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. А. Нүкенов Форумның ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, өтіп жатқан форумның маңыздылығын атап өтті. Іс-шараға Қазақстан жастарының өкілдері де қатысып, оның жұмысына белсенді түрде атсалысуда.

Қосылған : 6.11.2017, 11:45, Өзгертілген : 6.11.2017, 11:45