Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық таратпау және қарусыздандыру саласындағы халықаралық бастамалары Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша министрлік жиналыс кезінде ұсынылды

СТОКГОЛЬМ, 2019 жылғы 11 маусым - Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық таратпау және қарусыздандыру саласындағы халықаралық бастамалары Швеция астанасында Ядролық қарусыздануға қатысты дипломатиялық күш салуды ілгерілету және Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша министрлік жиналыс кезінде ұсынылды.

Швед үкіметімен ұйымдастырылған іс-шараға Германия, Жапония, Иордания, Норвегия, Финляндия мен Швецияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және Аргентина, Индонезия, Испания, Канада, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Корей Республикасы, Швейцария және Эфиопияның жоғары саяси дәрежедегі тұлғалары қатысты.

Қазақстан тарапын Швециядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов ұсынды. Елші сайлаудың қорытындылары бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғаны туралы хабарлап, оның дипломатиялық қызметтегі, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры, сонымен қатар, Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі лауазымдарындағы үлкен тәжірибесін атап өтті.

Кейбір мемлекеттер арасындағы және жаһандық деңгейдегі өзара сенімді арттыру жылдан жылға өзекті болып келуде және бұл істегі прогресс 2020 жылғы ЯҚТШ-ның Шолу Конференциясының сәтті өтуін қамтамасыз етуге өте қажет. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы сенім шараларын нығайтудың дәл өзі 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазақстандық төрағалықтың бастапқы тақырыбы болды.

Елші Қ.Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстанда құрылған МАГАТЭ-нің азбайытылған уран Банкінің өзара сенім мен таратпау режимі және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға салынған үлестің мысалы екенін атап өтті. Ол сонымен қатар іс-шараның барлық қатысушыларын 2019 жылы 28-29 тамызда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі бөлімімен бірлесе ұйымдастыратын барлық ядросыз аймақтың өкілдері қатысатын семинарға шақырды.

Іс-шараның қатысушылары ЯҚТШ ядролық қарусызданудың және таратпаудың жаһандық режимінің іргетасы екендігіне келісті. Алайда, оның ядролық қаруды таратуды болдырмаудағы, халықаралық кепілдік жүйесін құрудағы және ядросыз аймақты құруға жәрдемдесудегі талассыз сәттілігіне қарамастан, соңғы кезде халықаралық қауіпсіздік саласындағы нашарлап жатқан жағдайдың аясында ядролық қарудың рөлі өсуде.

Осы ретте, делегациялар дүниежүзінің түрлі аймақтарындағы, соның ішінде Корей жарты аралындағы және Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы ЯҚТШ Шолу Конференциясының сәтті өтуі және ядролық қарудан азат әлемді құру мақсатында дүниежүзілік қауымдастықпен ары қарайғы бірлескен жұмысқа дайындығын растады.

Осы және басқа да мәселелер жиналыстың қорытынды декларациясында көрсетілді https://www.government.se/statements/2019/06/the-stockholm-ministerial-meeting-on-nuclear-disarmament-and-the-non-proliferation-treaty/

Қосылған : 14.06.2019, 14:00, Өзгертілген : 14.06.2019, 14:00