​Джордж А. КРОЛ "Инновация арқылы жетістіктер: АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік"


Джордж А. КРОЛ

Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы

Төтенше және Өкілетті Елшісі

Инновация арқылы жетістіктер: АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Трамптың арасында өткен 16 қаңтардағы тарихи кездесу АҚШ пен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің жолын айқындады. Екі ел президенттері де өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, технологиялық инновацияларды ынталандыру, сауда мен кәсіпкерліктің өсуін жеделдету, сондай-ақ жоғары білімге, оның ішінде ағылшын тіліндегі білімге қол жеткізуді кеңейту үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға бағытталған екі елдің ынтымақтастығы туралы келешегі аса зор күн тәртібін қолдады. Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы қатарынан үшінші жыл өкілі болып келе жатқан адам ретінде, мен үшін бұл сапар Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы тығыз байланыстардың айғағы, сонымен қатар, ең бастысы қазіргі ұлттық ортақ мүдделер мен өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытудың дәлелі болып табылады.

Вашингтонға шеккен осы ресми сапар барысында, мен біздің екі ел басшыларының арасындағы жылы қарым-қатынасқа куә болдым. Президент Назарбаев пен Президент Трамп арасындағы сұхбат жоспарланған уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылды. Мен, Вашингтонның атақты әскери-теңіз обсерваториясы аумағындағы вице-президенттің ресми резиденциясында орны өте орынды таңдалып, ұйымдастырылған таңғы ас кезінде вице-президент М.Пенс пен Президент Назарбаев арасындағы жылы және қарқынды қарым-қатынастың да куәсі болдым. Сол жерде, инновация және технологиялар саласындағы Америка Құрама Штаттарының әлемдік көшбасшы ретінде қалыптасуының куәсі болған, шамамен екі жүз жылдық тарихы бар ғылыми мекемеде, Қазақстан Президенті біздің елдеріміз арасындағы инновация және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өз көзқарасын баяндады.

Жоғары деңгейдегі кездесулердің бір де бірі сахнадан тыс жүргізілетін елеулі күш-жігерсіз өткізілмейтінін дипломаттар жақсы біледі. Біздің екі ел президенттері арасында өткізілген осы кездесу, көптеген жылдар бойы жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша жұмыс істеген американдық және қазақстандық дипломаттардың арқасында жүзеге асып отыр. Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және толеранттылық сияқты мәселелер бойынша біздің арамыздағы кәсіби ынтымақтастық қазіргі таңда өте өзекті болып отыр.

Президент Трамп бірінші кезекте американдықтарды, одақтастарымыз бен әріптестерімізді қорғауға бағытталған сыртқы саясатты атап өтті. Ол біздің әріптестерімізді АҚШ-тың олардың егемендіктері мен тәуелсіздіктерін қолдайтынына, сондай-ақ экстремистік идеология мен тұрақсыздыққа қарсы қорған ретінде әрекет ететіндерге қолдау көрсететіне сендіруді АҚШ үкіметіне тапсырды. Сапар барысында біздің президенттеріміздің атап өткен нығайтылған стратегиялық әріптестік тақырыбы жоғарыда атап өткен тұжырымдаманы қамтиды.

Президент Назарбаевтың сапары кезінде Президент Трамп, Орталық Азиядағы жетекші рөлі, соның ішінде C5 + 1 форматындағы белсенділігі үшін, Америка Құрама Штаттарының Қазақстанға деген ризашылығын білдірді.Екі ел президенті сондай-ақ Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастыру жөніндегі одан арғы іс-қимылдарды талқылау үшін айтарлықтай уақыт бөлді. Олар өздеріне, қауіпсіздік секторы мен гуманитарлық көмек көрсету салалары бойынша ауған үкіметіне қолдау көрсету бойынша міндеттеме қабылдады. Біздің осы саладағы бірлескен күш-жігеріміз Ауғанстанды тұрақтандыруға және оның Орталық Азиядағы лаңкестік пен тұрақсыздық көзіне айналуына жол бермей, оның неғұрлым ауқымды өңірге интеграциялауына көмегін тигізеді.

Екі ел президенті АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда және инвестиция саласындағы ұзақ мерзімді екіжақты ынтымақтастықты да жоғары бағалады. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап, оның әлеуетін байқаған американдық компаниялардың жобаларға салған миллиардтаған долларлық инвестициялары Қазақстанның Орталық Азиядағы ең мықты экономикасы бар елге айналуына пайдасын тигізді. Қазақстан өз экономикасын әртараптандыруға және инновациялық жол арқылы цифрлы болашақты құруға ұмтылатындықтан, АҚШ осы салада ынтымақтастыққа дайын және қабілетті компанияларды ұсыну мүмкіндігіне ие. Осы сапардың қорытындылары бойынша, мен әріптестеріммен бірге екі ел президенттерінің кездесуі нәтижесінде қазақстандық нарыққа тартылған америкалық компанияларды қолдау үшін жұмыс істейтін боламын. Біз сондай-ақ америкалық компанияларды нарыққа тарту жөніндегі экономикалық саясат шараларын қолдау үшін қазақстандық әріптестерімізбен бірге жұмыс істейтін боламыз. Бұл ретте, америкалық компаниялар ең әлеуетті және аз тәуекелі бар жерлерге инвестиция салу туралы өз шешімдерін қабылдау құқығына ие. Америкалық және қазақстандық көрегендік қасиеттерінің арқасында Қазақстан өзінің ілгері даму мақсаттарына қол жеткізе алады.

Біз инновацияны, АҚШ-тың білім саласын ортақ пайдалану және білім алу мүмкіндігімен бірегей түрде бөлісе алатын сала ретінде қарастырамыз. Президент Трамп Қазақстан Президентінің «Digital Kazakhstan» көзқарасына үлкен қызығушылық танытты және көшбасшылар денсаулық сақтау, авиация, қаржы және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындардың тиімділігі мен пайдалылығын арттыру үшін америкалық технологияларды пайдалану жолдарын талқылады. Мұнда, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдықта, біз қазақстандық жаңашылдар мен кәсіпкерлердің жаңа ұрпағын оқытуға арналған бағдарламаларды насихаттаймыз. Мысалы, Арнайы Американдық Іскерлік Тағлымдамалар Бағдарламасы (SABIT) арқылы Қазақстандағы бизнес басшылары техникалық көмек алады және АҚШ-тың іскерлік тәжірибесін үйренеді. 1992 жылдан бастап осы бірегей бағдарламаға қатысу үшін АҚШ-қа 450-ден астам қазақстандық маман сапар шекті. Мұнда, Қазақстанда он бір «Американдық бұрыштан» (American Corner) тұратын біздің желі, соның ішінде Алматыда өткен күзде ғана ашылған ең заманауи кешен, компьютерлік бағдарламалау, 3D модельдеу мен басып шығару және робототехника бойынша тегін сабақтар мен клубтық іс-шараларды ұсынады. Мен, Алматыдағы біздің «Америкалық кеңістігімізде» (American Space) мобильді қосымшаны әзірлеген және өткен жылы Кремний алқабындағы «Technovation Challenge» байқауының жеңімпазы атанып, сол жерде «Google»-дың бас директорымен бетпе-бет кездескен қазақстандық қыздарды әлі күнге дейін ерекше мақтаныш етемін.

Биылғы жылы біз инновацияларға бағытталған бірнеше іс-шараларға демеушілік көрсетеміз. Сәуір айында, Орталық Азияда бірінші рет өткізілетін «Maker FAIRE» фестивалі өңірдегі барлық инженерлерге, ғалымдарға, бағдарламашылар мен әуесқой әзірлеушілерге өз жұмыстарын ұсынып, жаңа бірлескен жобаларды жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сәуір айында біз, тек екі күнде қысқа фильм жасау, түсіру және өңдеу шарттары қойылатын «48 Hour Film Race» атты жыл сайынғы үшінші байқауды өткіземіз. Биыл алғаш рет, барлық Орталық Азия елдерінің қатысушылары байқауда өздерінің дарындарын көрсету мүмкіндігіне ие болады. Одан кейін, маусым айында, біздің жыл сайынғы екінші «Go Viral» фестиваліміз үш күн бойы Орталық Азия және АҚШ-тың ең жоғары білікті мамандары өткізетін семинарлар, мастер-кластар мен тұсаукесерлер кезінде бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, технология және бизнес сияқты шығармашылық салаларындағы мыңнан астам көшбасшылардың басын қосатын болады.

Президент Назарбаевтың Вашингтонға жасаған сапары барысында, біз білім беру саласындағы ұзақ мерзімді әріптестігімізді кеңейту туралы мәселені талқыладық. Америкалық университеттерде «Болашақ» бағдарламасы, АҚШ үкіметі демеушілік жасайтын тәжірибе алмасу бағдарламалары сияқты әртүрлі бағдарламалар бойынша ғылыми дәрежелер алған немесе өз қаржыларының күшімен білім алып жатқан жас қазақстандықтардың біліктіліктері мені әрдайым таңдандырып келді. Бір жағынан, Қазақстан үкіметінің жоғары білімге ерекше назар аударғандығына байланысты, бүгінгі күні АҚШ-та оқып жатқан Қазақстандық студенттердің саны Орталық Азияның басқа елдерінен барған студенттерден әлдеқайда көп, ол осы оқу жылында шамамен 1800 студентті құрап отыр. Сол студенттердің жетістіктерін атай отырып, біз америкалық университеттерде оқи алатын басқа да дарынды қазақстандықтардың бар екенін білеміз және одан да көп қазақстандық студенттерді Құрама Штаттарда білім алуға үгіттеу жұмыстарын жалғастырамыз.

Студенттердің санын көбейту жолдарының бірі - қазақстандық және америкалық университеттер арасындағы әріптестікті орнату болып табылады. Назарбаев Университеті бизнес, білім беру, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы инновациялық бағдарламаларды әзірлеу үшін АҚШ-тың Дьюк Университетін, Пенсильвания Университетін және Висконсин-Мэдисон Университетін қоса есептегенде, АҚШ-тың үздік университеттерімен жұмыс істейді. Қазақстанның басқа да университеттері ынтымақтастық үшін осындай мүмкіндіктерді пайдалана алады және біздің елшілік олармен бірге ұсыныстар жасап, әріптестер табу үшін жұмыс істейді.

Жас ұрпақты жаһандық экономикаға дайындау шарасы сонымен қатар Қазақстанда ағылшын тілін білуді кеңейтуді талап етеді. Кездесу барысында Президент Трамп, Президент Назарбаевтың Қазақстанды үш тілді қоғамға айналдыру жөніндегі мақсатын жоғары бағалады және осы бағытта көмек беруге уәде берді. АҚШ Елшілігінің осы салада бірнеше тамаша бағдарламалары бар және біз биылғы жылы ағылшын тілін үйрету үшін көбірек жұмыс жасайтын боламыз. «ACCESS English Microscholarship» бағдарламасы бойынша 2007 жылдан бері Қазақстанда 2000-нан астам жастар мен жасөспірімдер білім алды, олардың көбі осындай қарқынды тіл үйренуге мүмкіндіктері жоқ отбасылардан шығып отыр. АҚШ Мемлекеттік департаменті ағылшын тілі мұғалімдеріне тұрақты түрде вебинарлар өткізеді және Қазақстанның осы құнды оқу бағдарламаларына қатысатын әлемнің бес елінің қатарына кіріп отырғанын қуана қабылдаймын. АҚШ үкіметтік бағдарламаларымен қаржыландырылған америкалықтар бүгінгі таңда Қазақстанның төрт қаласындағы университеттер мен мектептерде ағылшын тілін үйретуде, ал осы жылдың күзінде одан да көп мұғалім жұмысқа кірісетін болады. Көптеген қазақстандықтар ағылшын тілінде сөйлесуге үйренетіндіктен, олар ағылшын тіліндегі мол білімге қол жеткізіп және зерттеу жұмыстарын пайдаланып қана қоймай, сонымен қатар әлемге Қазақстанның ежелгі өркениеті, мәдениеті мен қазіргі заманғы жарқын дәурені туралы баяндап бере алады.

Мен Вашингтоннан АҚШ пен Қазақстанды күтіп тұрған мүмкіндіктерден шабыт алып оралдым. Екі елдің президенттері біздің стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға пайдасын тигізетін бірқатар ортақ мүдделер мен мақсаттарды ұсынды. Құрама Штаттар мен Қазақстан тығыз ынтымақтастық аясында Орталық Азиядағы және әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін болады, екі жақты сауда мен инвестицияны кеңейту және заң үстемдігін қолдану арқылы терроризмді жеңуге және жалпы өркендеуге қол жеткізуге жәрдем беретін болады. Мен біздің арамыздағы қарым-қатынасымызды осы маңызды кезеңге жеткізген Құрама Штаттар мен Қазақстанның арасында атқарылған дипломатиялық жұмыстарды мақтан тұтамын. Мен екі ел президенттері анықтаған ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іске асыру үшін, біздің қазақстандық әріптестерімізбен жұмыс істеу мүмкіндігін асыға күтемін.



Қосылған : 12.04.2018, 19:00, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:00