Жәнібек Бектемісов. Әлеуметтік желілердің заманауи дипломатиядағы маңыздылығы туралы

Жәнібек БЕКТЕМІСОВ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ ЗАМАНАУИ ДИПЛОМАТИЯДАҒЫ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

«Цифрландыру – бұл мақсат емес,

алайда бұл Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа

қол жеткізу құралы»

Қазақстан Республикасының

Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Қазіргі уақытта цифрландыру адам қызметінің барлық салаларына еніп үлгерді. Сарапшылардың пікірінше, аталған тренд алдағы онжылдықта күшейе түседі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарасына байланысты елде цифрландыру мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілді. 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Осыған байланысты қазақстандық дипломатия әлемдік трендтерден тыс қалмады.

Сарапшылар «цифрлық дипломатия» ұғымына нақты анықтама бермеген. Жалпы алғанда, оны Интернет, әлеуметтік желілер және электронды байланыс арқылы жүзеге асырылатын дипломатиялық қызметтің қосымша құралы ретінде сипаттайды. https://www.statista.com неміс порталының мәліметі бойынша, әлемде 4.17 миллиард белсенді интернет пайдаланушылары және әлеуметтік желілердің 3.39 миллиард жазылмандары бар.

Көптеген адамдар, әсіресе жастар теледидар мен газеттер сияқты дәстүрлі ақпарат көздерінен бас тартып, ақпаратты онлайн режимде алады. World Index мәліметтері бойынша, жаңалықты күнделікті тек Интернетте әлеуметтік желілер арқылы оқитын 30 жасқа дейінгі жас аралығындағы азаматтар саны Оңтүстік Кореяда – 90%, Ұлыбританияда – 74%, АҚШ-та – 69%, Ресей Федерациясында - 55% құрайды.

Осыған байланысты, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің әлеуметтік желілерде болуының маңыздылығын атап өткім келеді.

Әлеуметтік желілер цифрлық дипломатияның ажырамас бөлігі және әр бір заманауи дипломат қолдануы қажет құрал болып табылады. Олар тиісті ұсыну арқылы пікіріңізді халықтың ауқымды бөлігіне тегін жеткізуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілердің мониторингі қабылдаушы елдің қоғамындағы нақты көріністі алу мен көзқарас қалыптастыру, сарапшылар, саясаткерлер қауымдастығының пікірлерін және т.б. алу мүмкіндігін береді.

Дипломатияда түрлі әлеуметтік желілердің ішінде Твиттер және Фейсбук жетекші желілер болып табылады. Белгілі бір Twiplomacy термині (Twitter және Diplomacy ағылшын сөздерінен алынған) және осы қызметті зерттейтін аттас ұйым қалыптасқан. https://twiplomacy.com мәліметтері бойынша БҰҰ-ға мүше 193 елдің 97% Twitter-де ресми аккаунттарын тіркеген. Аталған платформада тек 6 елдің (Лаос, Мавритания, Никарагуа, Солтүстік Корея, Свазиленд және Түркіменстан) үкіметтері ресми түрде тіркелмеген. 2018 жылы https://twiplomacy.com мәліметтеріне сәйкес әлемнің 187 елінің мемлекет, үкімет, сыртқы саяси ведомство басшыларына тиесілі 951 жеке және институционалды Twitter аккаунттары тіркелген. Әрбір халықаралық ұйым бірқатар танымал әлеуметтік желілерде тіркелген. БҰҰ-ның тек Twitter-дегі аккаунтында 10 миллионнан астам жазылмандар бар.

Фейсбук БҰҰ-ға мүше елдердің қамтуы 93%-ды құрайтын саясаткерлер мен сыртқы саяси ведомстволар арасында екінші танымал әлеуметтік желі болып табылады. Кейінгі орында Instagram, қамтуы 81%.

Желі пайдаланушылары бірінші басшылардың жеке парақшаларына көбірек назар аударатындығын атап өту қажет.

АҚШ президенті Дональд Трамптың Твиттердегі жеке парақшасында Ақ үйдің ресми парақшасымен салыстырғанда жазылмандар саны 39 миллион адамға көп. Қазақстанда да осындай үрдіс орын алды. Осылайша, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Твиттердегі жазылмандарының саны Қазақстан Сенатының ресми парақшасына қарағанда он есе көп.

Осы тұрғыда Ұлыбритания мен Израильдің тәжірибесі үлгі болып табылады, олардың Елшілері мен Елші кеңесшілерінің Твиттерде жеке парақшаларының болуы өте маңызды. Әрбір қазақстандық дипломаттың әлеуметтік желіде парақшасы мінсіз түрде болуы қажет және ол Қазақстанды шетелге таныту керек.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жаһандық трендтерді қолданады, тіпті 2017 жылы Diplomacy Live цифрлық дипломатия рейтингінде 38-ші орынға ие болды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бес әлеуметтік желілерде (Твиттер, Facebook, Instagram, Youtube, Telegram) ұсынылған, жазылмандардың жалпы саны 40 мыңды құрайды.Сонымен қатар, Министрлік Твиттерде @Kazakhstan аккаунтын жүргізеді (6000 мыңнан астам жазылмандар). «Қазақстан – Ұлы Дала елі» және «SmartTravelKZ» екі тегін мобильді қосымшасы әзірленіп, сәтті дамуда. Іс жүзінде республиканың барлық шетелдік мекемелері қабылдаушы елдердің танымал әлеуметтік желілерінде тіркелген. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің Твиттер аккаунты (5 500 жазылмандар) және Қазақстанның Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілеттігі (4300 жазылмандар) ең табысты және белсенді болып табылады.

Әлеуметтік желілерде жұмыс істеудің табыстылығы неде? Ең алдымен, тұрақтылықта. Күнделікті қызықты және ақпаратты постарды жариялауда. Өкінішке орай, аккаунттардың белсенділігі негізінен, дипломатиялық миссиялардың жауапты қызметкерлерінің ынтасына байланысты және жоспарланған ауысу кезінде әрдайым жұмыс ырғағын сақтау мүмкін емес. Бірқатар елдерде ол тіпті толықтай тоқтатылды.

Өзіндік ерекшелік тағы бір маңызды табыстылық факторы болып табылады. Тек ресми ақпаратты ғана емес, қызықты мазмұнды жариялау. Осыған байланысты, шетелде танымал қазақстандық спортшылар мен әртістермен пост жасау ұсынылады.

Жазылмандармен өзара әрекеттесу қажет: мысалы қызықты посттарды қайта жазу (ретвит), лайк басу (тиісті шекте), әріптестерді ұлттық мерекелермен құттықтау, сұрақтарға жауап беру.

Қоғамдық оқиғаларды Фейсбуктегі қатысу әсерін қалыптастыратын онлайн трансляцияларда, сондай-ақ Елшілік ұйымдастырған іс-шаралардан Live-tweeting жүргізу оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Әлеуметтік желілердегі әр бір пост тиісті фотосурет немесе бейнематериалмен орналастырылуы керек. Мысалы, Израиль мен Польшадағы әріптестер бейнематериалдарға ерекше назар аударуды ұсынады.

Танымал хештегтерді және өзіндік хештегтерді қолдану маңызды. Мысалы: Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін #InvestInKazakhstan, Астанадағы Сириядағы бейбітшілік үдерісіне #AstanaProcess, республиканың туристік әлеуетін таныту бойынша #VisitKazakhstan және т.б. Сарапшылар бір басылымда тек 2-3 хэштегті пайдалануды ұсынады.

Әлеуметтік желілердегі елшіліктердің аккаунттарын тексеру міндетті шарт болуы қажет. «Көк белгінің» болуы осы парақшаның ресми екендігін растайды және көп жазылмандарды тартады.

Басқа елдердегі әріптестерден тұрақты түрде үлгі алып, әлеуметтік желілерде жұмыс жасаудың сәтті тәжірибесін үйренуді ұмытпауымыз қажет.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің шетелдік инвестицияларды тарту бойынша құрамдас қызметін күшейту аясында, жоғарыда айтылған барлық ұсынымдар маңызды болып табылады, себебі Қазақстанның тартымды имиджін қалыптастыру мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарының бірі болып табылады.

________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Жәнібек Бектемісов – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының магистранты. Қазақстан СІМ жүйесінде 2003 жылдан бастап, оның ішінде Вашингтонда (АҚШ) Қазақстанның Елшілігінде екі рет жұмыс істеді. 2012-2013 жылдар аралығында «Назарбаев орталығы» (Астана қ.) Директорының Кеңесшісі болды. Соңғы лауазымы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің бірінші хатшысы (2017 жылғы қыркүйектен 2018 жылғы қыркүйекке дейін). Бірінші сыныпты Бірінші хатшы дипломаттық дәрежесі бар.

Қосылған : 29.03.2019, 16:15, Өзгертілген : 29.03.2019, 16:15