Қазақстандық кино күндері Бразилияда өтуде

БРАЗИЛИА, 2019 жылғы 20 маусым - «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Федералдық округі әкімшілігінің қолдауымен Бразилия астанасының ең ірі «Cine Brasilia» кинотеатрында Қазақстандық кино күндерінің ашылуы өтті. Іс-шараға Ұлттық Конгресс, Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары қатысты.

Еліміздің Елшісі Қайрат Саржанов қонақтарға қазақстандық киноға деген шынайы қызығушылықтарына ризашылық білдіріп, іс-шара бразилиялықтарға Қазақстан халқымен, оның тарихы мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді және Қазақстан мен Бразилия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға қолғабыс көрсетеді деген пікірімен бөлісті.

Бразилиялық көрермендерге португал тіліне аударылған Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 4 фильмі ұсынылатын болады. Алғашқы күні А.Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Ана махаббатының күші туралы фильм көрермендердің ең жоғары бағаларына ие болды. Көрсетілімдер 21 маусымда Р.Әбдірашовтың «Алмас Қылыш», 22 маусымда А.Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» және 23 маусымда С.Құрманбековтың «Оралман» фильмдерімен жалғастыратын болады.

Қосылған : 24.06.2019, 09:55, Өзгертілген : 24.06.2019, 09:55