Қайрат Әбдірахмановтың мақаласы "«Дипломатия жаршысы» жаңа маусымда"

Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі


«Дипломатия жаршысы» жаңа маусымда

2018 жылдың басы Қазақстанның сыртқы саясатындағы оқиғаларға толы болды. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің халықаралық позицияларын ілгерілету, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту, әлем елдерімен сауда және экономикалық байланыстарды арттыружөніндегі белсенді қызметіне байланысты.

Осындай қызу оқиғаларға толы сыртқы саяси жағдайда Сыртқы істер министрлігі бүгінде жаңа тұжырымдамаға, форматқа және дизайнға ие болған «Дипломатия жаршысы» журналын шығаруды жалғастырып отыр. 1996 жылы негізі қаланған журнал Қазақстанның сыртқы саясаты мәселелері бойынша өзекті және құзыретті публицистиканы беруге негізделген өзінің негізгі мақсатына адал болып қала береді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басылымы Астананың ресми пікірі бар публицистиканы ғана емес, сонымен бірге біздің еліміздің де, сондай-ақшет елдердің де саясаткерлерінің, дипломаттарының және сарапшыларының мақалаларын қамтитын болады. Біз журнал Қазақстандағы сыртқы саяси ой-пікірді дамытуға арналған маңызды алаңға айналады деп үміттенеміз.

***

Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында Президент біздің еліміздің болашағын құрлықтың және бүкіл әлемнің болашағымен тығыз байланыстырады. «Сыртқы саясаттағы бейбітшілік пен татулық идеясын алға ұстауымыз – бұл бағыттың ішкі саясатта да салтанат құруының көрінісі... Мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы қызметі бір ғана басты мақсатқа бағындырылған, ол – елдің дамуы және Қазақстан халықтарының әл-ауқатының жақсаруы. Осыған сәйкес, мен жаңа жағдайға орай, «Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясат тәрізді жаңғыртылуы тиіс», – деген мақсат ұстандым», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы жаңа кезеңдегі сыртқы саясатты прагматикалық және ескертпелі, яғни ұлттық мүдделер мен уақыттан озуға дәйекті түрде бағдарланған саясат ретінде айқындайды. Нұрсұлтан Әбішұлының пікірі бойынша нақ осындай белсенді және бастамашыл дипломатия «Қазақстан-2050» стратегиясының табысқа жетуінің және әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кірудің маңызды шарты болып табылады.

Сыртқы істер министрлігі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Президенттің жыл сайынғы Жолдауының тапсырмаларын іске асырудағы өз рөлін нақ осы тұрғыдан көреді. Аталған құжаттың міндеттері Қазақстанның жаңа кезеңдегі экономикалық дипломатиясының негізіне айналады. Бұл жерде сөз экономиканың басым салаларына шетелдік инвестициялар мен инновациялық технологиялар тарту, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың өнімдерін шетелдік нарықтарға ілгерілету туралы болып отыр. Өнеркәсіпті, көлік және логистикалық секторды цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту салаларындағы халықаралық ынтымақтастыққа басымдық берілетін болады.

Министрлік электрондық құжат айналымын жетілдіруді, консулдық қызметті, электрондық визаларды ресімдеуге көшуді қоса алғанда, Қазақстанның дипломатиялық қызметінің жұмысына цифрлық технологиялар енгізуді жалғастыратын болады. Сыртқы саясат ведомствосы, сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен өнерді және сахна шығармашылығын ілгерілетуде мультимедиялық технологиялар пайдаланылатын жобаларды да жүзеге асырады.

«Дипломатия жаршысының» назарларыңызғы ұсынылып отырған және кейінгі нөмірлерінде осы сияқты бірқатар бастамалар туралы сөз болады.

2018 жылғы 5 наурызда Елбасының Парламентте ұсынған Бес әлеуметтік бастамасы халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Бастама қатарына ипотекалық несиенің жаңа үлгісі, жалақысы төмен азаматтарға салықтық жеңілдік жасалуы, жоғары білімнің қол жетімділігі мен сапасы, шағын несие көлемін ұлғайтып, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру сияқты жаңалықтар кіреді.

Әлеуметтік шаралар экономикалық даму үшін жаңа ынталандырулар тудырумен қатар, орта тапты күшейтіп, еліміздің адами әлеуетін арттырады. Ал газ құбырын өткізу жөніндегі ауқым­ды инфрақұрылымдық бастама Орта­лық Қазақстанда тұрақты энергетика мен экологияны дамытуға септігін тигізетін болады. Бұл – еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану барысында ілгерілеткен бастамаларының бірі әрі энергетикалық қауіпсіздік бас­тамасына сай келеді. Елбасы бастамаларының 2015 жылғы қыркүйектегі БҰҰ-ның тарихи мерейтойлы саммитінде әлемдік лидерлер қабылдаған 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібіне толықтай сәйкес келетіні де маңызды болып табылады. Жаңа жобалар халықаралық тәжірибе, инвестиция­лар, сараптама мен технологиялар тартуды талап етеді. Сондықтан сыртқы саясат ведомствосы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға белсенді түрде араласатын болады.

***

Егер журналдың 2018 жылғы бірінші нөмірінің мазмұны туралы айтар болсақ, ол Қазақстанның сыртқы саясатының жыл басындағы серпінін айтарлықтай дәрежеде көрсетеді. Бұл кезең, сөзсіз, Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына табысты ресми сапарымен есте қалады. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың бірлескен мәлімдемесі Қазақстан-Америка қатынастарының саяси лексиконына сапалық жағынан жаңа ұғым – «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» ұғымын енгізді. Ақ үйдегі мазмұнды келіссөздер біздің өзара қатынастарымыздың сенімгерлік және прагматикалық сипатын нығайтты, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті.

Қаңтарда ел тарихында бірінші рет Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етті және БҰҰ мүшелері мен сарапшылардың бағалары бойынша осы аса маңызды органға өте жемісті және нәтижелі басшылықты қамтамасыз етті. Біз Орталық Азияның күн тәртібін белсенді түрде алға қойдық және Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аудардық. 18 қаңтарда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбында өткен жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг төрағалықтың басты іс-шарасына айналды.

Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуі 2018 жылдың маңызды оқиғасы болады, оның негізгі басымдықтары мен міндеттері туралы сөз жеке материалда қарастырылады.

Осы нөмірде біз Қазақстанның әлем елдерініңкөпшілігімен дипломатиялық қатынастар орнатуының 25 жылдығы тақырыбын айналып өте алмаймыз. Өткен және ағымдағы жылдар осы айтулы датаны мерекелеуге ерекше бай болды.Тәуелсіздік жылдары ішінде біздің еліміз 183 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатты. Осы таяуда ғана Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын Еуропа Одағымен дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығын атап өттік.

Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен және тікелей қатысуымен Сириядағы жағдайды реттеу әскери аспектісі бойынша «Астана процесі» шеңберіндегі сегіз раундты өткізу Қазақстанның халықаралық дипломатиясын дамытудағы маңызды қадамға айналды.Астана платформасының бір жыл ішіндегі жұмысын қорытындылайтын, оның одан арғы перспективаларын бағалайтын уақыт келді.

Нөмірдің жоғарыда аталған өзекті тақырыптарымен қатар, журналда біздің ядролық қауіпсіздік саласындағы саясатымыздың ағымдағы жай-күйін, Дипломатия институтының кәсіби кадрларды қалыптастырудағы рөлін, цифрлық дипломатияны дамытуды, «Қазақстан дипломаттары бірлестігінің» қызметін қамтитын басқа да маңызды әрі қызғылықты тақырыптар, сондай-ақ КСРО-ның Сауд Арабиясындағы алғашқы елшісі Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығына орайластырылған оның тарихи маңыздылығы мен мұрасы тақырыбы ашылады.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылатын жаңартылған журнал біздің замандастар үшін де, сонымен бірге оқырмандардың тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатымен танысқысы келетін болашақ ұрпақтары үшін де қызықты болады деп үміттенеміз.



Қосылған : 12.04.2018, 15:40, Өзгертілген : 12.04.2018, 15:40