Қазақстан делегациясы ИСЕСКО Атқарушы кеңесінің 38-ші сессиясына қатысты

2017 жылғы 3 қазанда Марокконың астанасы Рабат қаласында Білім, ғылым және мәдениет істері жөніндегі Ислам ұйымы (ИСЕСКО) Атқарушы кеңесінің 38-ші сессиясына Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев бастаған Қазақстан делегациясы қатысты.

Іс-шараға Марокко Үкіметінің мүшелері, ИСЕСКО-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, халықаралық ұйымдардың делегациялары және аталған ислам ұйымның басшылығы мен сарапшылары қатысты. Кездесуде ұйымның 2016 жылғы атқарған жұмысы туралы есеп және алдағы жоспарлары, атап айтқанда 2019-2027 стратегиясы талқыланды. Ұйымның бас директоры Абдулазиз ат-Туйэджри ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жуырда Астана қаласында өткен ғылым және технологиялар жөніндегі Ислам Саммитінің нәтижелеріне жоғары баға берді.

Өзінің баяндамасында Қазақстан делегациясының басшысы ИСЕСКО-ның жұмыс жоспарына Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің бұрынғы аумағындағы ғылыми технологиялық жобаларға қатысуын, Қазақстан бастаған «Жаһандық энергия жәнеэкологиялықстратегиясы» және БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында бекітілген «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасына атсалысуын қосу туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар, форумда Астана қаласында үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне ИСЕСКО-ның қатысуы және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы шеңберінде ынтымақтастық орнату мәселелері көтерілді.

Іс-шара аясында Елші ИСЕСКО-ның бас директор мен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастық мәселелері, Қазақстанда іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша әріптестік құрып, бірлескен жобаларды іске асыру жолдары қарастырылды.

Қосылған : 4.10.2017, 13:30, Өзгертілген : 4.10.2017, 13:30