Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай коммюнике

2017 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толды.

Тарихи өлшемдегі салыстырмалы қысқа кезеңде жемісті саяси диалог орнатылып, берік шарттық-құқықтық база құрылды, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамыды.

Швейцария Федералдық Президенті Д.Буркхальтердің Қазақстанға 2014 ж. қарашадағы және Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың Швейцарияға 2015 ж. шілдедегі сапарлары соңғы жылдардағы маңызды оқиғалар болды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның және «Қазақстан-Швейцария» Іскер кеңесінің белсенді қызметтері экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге септігін тигізуде.

Швейцария екіжақты сауда айналымы және жалпы тікелей инвестициялар бойынша Қазақстанның ірі әріптестерінің бірі болып табылады. Елдеріміз іскерлік байланыстарды қолдап, дамытуға тұрақты мүдделілік танытуда.

Швейцария – баламалы және жаңғырамалы энергия көздерін пайдалану бойынша дамыған елдердің бірі. Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі алаңы Швейцарияға аталған саладағы бай тәжірибесін көрсетуге бірегей мүмкіндік туғызады.

Швейцариямен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа да ерекше мән беріледі. Екі ел университеттері, ғылыми және мәдени орталықтары арасындағы байланыстар белсенді дамуда. Медициналық мекемелер арасындағы байланыстар кеңеюде. Швейцарияда отандастарымыз бен Қазақстанның достарын біріктіретін «Керуен» Қазақстан-Швейцария қауымдастығы және Қазақ мәдениет орталығы құрылды.

Қазақстан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қоса алғанда басым бағыттардағы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ниетті.

Қосылған : 1.06.2017, 17:15, Өзгертілген : 1.06.2017, 17:15