Лондондық сити әкімдігінде қазақстан-британ инвестициялық форумы өтті

Ү.ж. 8 қарашада «Мэншн Хаус» лондондық Сити Лорд-мэрінің ғимаратында лондондық Сити Корпорациясының, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО), «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының және ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен «Қазақстан-Ұлыбритания» инвестициялық форумы өтті. Форум жұмысына лондондық Ситидің Лорд-мэрі Эндрю Пармли, Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстандағы сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Агрис Прейманис, аса ірі британдық компаниялардың басшылары мен жеке инвесторлар қатысты.

Форумда Қазақстан тарапынан ҚР Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға Қазақстандағы экономикалық жаңғыртудың барысы, еліміздің инвестициялық стратегиясы және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары жөнінде айтып берді.

Британдық бизнес және халықаралық қаржы институттарының өкілдері Қазақстандағы мемлекеттік компанияларды жекешелендіру бағдарламасымен, «Kazakh Invest» және АХҚО қызметтерімен жан-жақты танысты.

Форумда сөз алған Елші Е. Ыдырысов 25 жылдық тарихы бар ынтымақтастық кезеңінде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қатынастардың стратегиялық серіктестік мәртебесіне дейін өскендігін атап өтті. Еліміздің экономикасының алтыншы аса ірі инвесторы болып табылатын Британия Қазақстанның маңызды сауда және экономикалық серіктесіне айналды. Берік те, сенімді қатынастарға сүйене отырып, елдеріміз АХҚО-ны құру және дамыту, ҚР ұлттық компанияларын жекешелендіру, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық және т.б. басымды жобаларды іске асыру мәселелері жөнінде белсенді ынтымақтасуда.

АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов өз баяндамасында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы алаңында Қазақстанға инвестициялар тартуға арналған қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған инвесторларға арналған бірқатар жеңілдіктер қарастырылғандығын атап өтті.

«АХҚО-ның батыс және шығыс елдері арасында сауда-қаржы ағынын қамтамасыз ететін Еуразия қақпасына айналуға барлық мүмкіндіктері бар», - деді Қ. Келімбетов.

Өз кезегінде, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б. Қанешев инвестициялық форум қатысушыларын компанияның әлеуетті инвесторлармен жұмыста қолданылатын салалық және аймақтық жобаларды іске асыруға арналған жаңа тәсілдемелермен таныстырды. Ол Ұлыбританияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициялардың жинақталған көлемі 20 млрд АҚШ долларынан асқандығын атап өтті. Биылғы жылы қабылданған Ұлттық инвестициялық стратегияға сәйкес, Біріккен Корольдік инвестиция тарту тұрғысынан алғанда басымды мемлекеттер қатарына енді. Бұл елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Лондондық Ситидің Лорд-мэрі Э. Пармли Қазақстан мен Ұлыбританияның арасындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және АХҚО-ны дамыту аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудегі үлкен әлеуетті атап өтті. Атап айтқанда, Лондон Астанаға аймақтағы аса ірі қаржы орталығына айналуға көмек көрсетуге дайын. Сонымен қатар, Ұлыбритания Қазақстанның ұлттық компанияларын жекешелендіру бағларламасын іске асыруға белсене араласуға мүмкіндігі бар.

Жекелеген сессиялар аясында форумға қатысушылар «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алдағы қызметі мен оның АХҚО жанындағы сот, халықаралық арбитражды орталық, Астана биржа қоры және т.б. институттарын талқылады.

Форум қорытындысы бойынша «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ және Қазақстандағы Британ сауда палатасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов лондондық Ситимен және Лондон қор биржасымен Астана қор биржасына кадрлар дайындау және дамыту жөніндегі үшжақты келсімге қол қойды.

Форум аясында қазақстандық делегация өкілдері Қазақстанда жұмыс істейтін британдық компаниялармен және Aggreko, Metalysis, Sentinel, William Hare, ConnectIreland, International Development Ireland сияқты әлеуетті инвесторлармен кездесулер өткізді.

Қосылған : 8.11.2017, 18:35, Өзгертілген : 8.11.2017, 19:20