Британ өнеркәсібі конфедерациясының жыл сайынғы конференциясы жөнінде

Ү.ж. 19 қарашада Лондонда Британ өнеркәсібі конфедерациясының (Confederation of British Industry, CBI) жыл сайынғы конференциясы өтті. Құрамына 240 000-нан астам ірі, орта және кіші бизнес өкілдері кіретін ұйым британ экономикасының маңызды құрамдас бөлігі, негізгі жұмыспен қамтамасыз етуші, ел экономикасының дамуына баға беретін беделді құрылым.

Бұл жылғы жиында баяндама жасағандар қатарында елдің Премьер-министрі Д.Камерон, оппозициялық лейбористік партия жетекшісі Э.Миллибанд, Лондон қаласының мэрі Б.Джонсон, Бизнес, инновация және кәсіби біліктілік министрі В.Кэйбл, Конфедерация мүшелері болды.

Британ үкіметінің басшысы Д.Камерон өз баяндамасында 2012 жылы Ұлыбританияның экспорттық әлеуетін ілгерілету және инвестициялар тарту мақсатында Конфедерация басшылығы және мүше-компаниялары жетекшілерімен бірге Африка, Қытай, Индия, Бразилия, Сауд Арабиясы, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Норвегия сияқты елдерге жасалған сауда миссияларына жоғары баға беріп, елдің жаңа бағыттарда экономикалық белсенділігін арттыратындығын атап көрсетті.

Баяндамада, сонымен бірге, Премьер-министр Жазғы Олимпиада және Параолимпиада ойындарының экономика дамуына тигізген оң әсерін, сонымен бірге, Сочиде өткізілетін Қысқы олимпиадада Ұлыбританияның 60 жоба бойынша, соның ішінде,  стадион дизайны, мұз айдының беткі қабатын жасақтау, заңгерлік қызмет көрсету т.б. бойынша тендерлерді ұтып алғанын атап өтті. Бразилияда өткізілетін Олимпиадада Ұлыбритания 70 миллион фунт көлеміндегі келісім-шарттарды бекіткен.

Конфедерация мүшелерімен кездесуінде үкімет басшысы бизнесті ынталандырудағы үкімет тарапынан қолға алынған шараларға тоқталды. Атап айтқанда, Д.Камерон қазіргі коалициялық үкіметтің бұрынғы үкіметтен мұра болып қалған ауқымды мемлекеттік қарыз көлемінің салдарынан қатаң үнемдеу саясатын басшылыққа алуға мәжбүр болғандығын айтып, әләуқат, балаға қарау бойынша жәрдемақының қысқаруы, зейнетке шығу жасының ұзартылуы іспеттес жағымсыз шараларға баруға тура келсесек те, ғылымның дамуы және кәсіби дайындыққа бөлінетін қаржыны сақтап қалдық деп атап өтті.   

Қатаң үнемдеу саясатының ең сынға алынатын құрамдасының бірі – салықтарды өсіру болғанымен, Д.Камерон бизнесті қолдау мақсатында корпоративтік салық көлемінің «Үлкен жетілік» елдерінің ішінде ең төмен деңгейге дейін қысқартылғанын атап өтті. Үкіметтің екі жылдық басқаруы кезеңінде маңызды жетістіктері қатарында үкімет басшысы бюджет дефицитінің 25 пайызға қысқаруы, есептік ставкалардың төмен деңгейде ұдайы сақталуы, жеке секторда миллиондаған жаңа жұмыс орындарының жасақталуын алға тартты.

Д.Камерон баяндамасында ерекше сызылып айтылған мәселелер қатарында елдің білім беру саласындағы жағдай болды. Соның ішінде, мектептердегі білім беру сапасының төмендігі, мектеп сандарының жетіспеушілігі, және, ең маңыздысы техникалық және кәсіби дайындық мектептерінің сапасының да нашарлауы аталып өтті. Осы салада үкімет тарапынан 2000 ақысыз оқыту мектептері мен академиялары ашылғанын және осы жылдың аяғына дейін білім беру сапасы төмен 200 мектептің академияларға айналдыратындығын, ал келесі жылы бұл көрсеткіштің 400-ге дейін өсірілу, жаңа техникалық колледждердің ашылу жоспарымен бөлісті.     

Д.Камерон өз сөзінде, сонымен бірге, экономика дамуын ынталандыру мақсатында қолға алынған шаралардың бірі мемлекеттік қызметкерлер санының тарихи баламасы жоқ деңгейге дейін қысқартылуын атап көрсетті. Соның ішінде, бірқатар министрліктер 30 пайызға дейін қысқартылса, квази мемлекеттік құрылымдар саны 20-ға дейін қысқартылған. Осы шараның нәтижесінде үкімет 2011 жылы 5 миллиард фунт үнемдесе, ағымдағы жылғы үнемдеу жоспары 8 миллиард фунт көлемін құрауда.

Үкімет тарпынан қолға алынатын шаралар қатарында Д.Камерон:

1.  Заңгерлік консультациялар санын қысқарту;

2.  Үкіметтік консультациялар санын қысқарту;

3.  Еуропалық заңнаманы реттеу;

4.  Еуропалық Одақ заңнамасын ішкі заңнамада қолдану барысындағы тыстан шығушылықты тоқтату (stop the gold-plating, Еуропалық заңнамаға қатысты Ұлыбританияда қолданылатын термин);

5.  Автокөлік және темір жолдарының құрылысын жақсарту және тездетуді атап өтті.

Жалпы алғанда, британ үкіметінің басшысы бизнес саласындағы жетекші құрылым жиынында сөйлеген сөзінде бизнеске қатысты бюрократиялық кедергілерді жоюды негізгі мақсат ретінде алға тартты.

Жуырда ғана парламентте Еуропалық Одақ бюджеті бойынша орын алған пікірталаста Одақ бюджетін қысқартуды талап еткен оппозиция басшысы Э.Миллибанд Конфедерация конференциясында сөйлеген сөзін Ұлыбританияның Еуропалық Одақтағы мүшелігін жалғастыру бағытында өрбітті. Одақтағы мүшеліктің жақтаушысы саналатын CBI жиынында оппозиция жетекшісі британ қоғамындағы еуроскептикалық үдерістердің белең алуын және үкімет мүшелерінің бұл үдерісті елдің Одақтан шығуын ынталандыруымен күшейтуін атап өтті. Еуроаймақтағы дағдарыстың британ халқының скептицизмін күшейткенімен, Ұлыбритания экономикасы үшін Еуропа қай кезде де маңызды болуына орай, ел Еуропалық Одақтың шешуші құрамдас бөлігі болып сақталуы және оның келешек дамуына барынша атсалысуы қажет деп атап өтті.     

Үкімет басшысы және оппозиция жетекшісінің баяндамалары саяси сипатта болса, елдің бизнес, инновация және кәсіби біліктілік министрі В.Кэйблдің сөзі бизнеске нақты қолдау көрсету шараларынан тұрды. Атап айтқанда, британ компанияларының басым көпшілігінің қазіргі таңда тәжірибелі инженерлердің жетіспеушілігін бастан кешіруіне орай, британ инженерлік секторындағы кәсіби дайындыққа қаржы бөлінетіндігін атлып көрсетілді.

Лондон қаласының әкімі Б.Джонсон өз баяндамасында Лондонның ірі бизнес орталығы ретінде дамуын барынша ілгерілететіндігін атап өтіп, Ұлыбританиядағы жоғары көлемдегі кіріс салығының жоғары жалақы алатын азаматтарға тартымды болатындай қысқартылуын алға тартып, Темза өзенінің сағасында жаңа Лондон әуежайының құрылысы жөніндегі ұсынысын қайталады.

Конфедерация жиынында британ үкіметінің басшысы алдағы 22-23 қарашада Брюсселде қарастырылатын ЕО бюджеті жобасының британ халқы, саяси партиялар жетекшілері және үкімет наразылығын тудыруда деп айтып, ЕО қаржы құрылымдарын сынға алуына қарамастан, Конфедерация басшысы Р.Карр: «популистер не деп айтса да, бизнесмендер мен саясаткерлер Еуропамен нық қатынастарды сақтауы қажет», деп атап өтті.

ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия

Құрама Корольдігіндегі Елшілігі

Қосылған : 20.11.2013, 11:50, Өзгертілген : 9.05.2014, 00:30