Британ экономикасының ағымдағы ахуалы

Сандық жеңілдету бағдарламасы. Англия банкінің Монетарлық саясат комитетінің қорытынды отырысының шешіміне сәйкес Комитеттің 9 мүшесінің 8-і бағдарламаның кеңейтілуіне қарсы дауыс берген.

Қазіргі таңда сандық жеңілдету бағдарламасының шеңберінде мемлекеттік облигацияларды сатып алу арқылы ел экономикасының қалпына келтірілуін ынталандыруға 375 млрд. фунт құйылған. Бұл елдің жалпы мемлекеттік қарызының үштен бірі және жиынтық ішкі өнімнің 25 пайызын құрайды. Аталмыш бағдарлама британ орталық банкінің ел экономикасын қолдауға бағытталған баламасы жоқ ең ауқымды шарасы. Ұлттық статистика агенттігінің қазан айында жариялаған мемлекеттік қарыз көлемінің болжанған деңгейден әлдеқайда жоғары келуінен кейін Монетарлық саясат комитетінің мүшелері аталмыш бағдарламаны кезекті 50 мрлд. фунтқа кеңейту жоспарын іске асырмағаны да кезінде хабарланған болатын.

Бағдарламаның әрі қарай кеңейтілуіне қазан айында инфляцияның 2,7 пайыз деңгейінде тіркелуі және қараша айында да осы қалыпта сақталуы өз әсерін тигізіп, жалпы бағдарламаның тиімділігіне күмән келтірілген болатын. Комитет мүшелерінің ақпаратына сәйкес желтоқсандағы халықаралық экономикалық ахуалдың салыстырмалы түрде жағымды болуына қарамастан, Ұлыбританияның дәстүрлі түрде салыстырмалы басымдылықтары саналатын қаржы және бизнес саласына халықаралық сұраныс төмен деңгейде сақталуда.

Англия банкі ұсынған «Несиелеуді қаржыландыру» шарасы (Funding for Lending Scheme, FLS) коммерциялық банктердің арзан несие беруі арқылы тұрғын үй шаруашылықтары мен бизнестің қарыз алу бағасының кішігірім төмендеуіне әкелгенімен, тәуелсіз сарапшылар аталмыш шараның іс жүзінде ұсынылатын кредиттер көлемінің көбейтілуіне әкелуіне күмән келтіруде. Осыған орай, теория жүзінде сандық жеңілдету бағдарламасының қажеттілігін азайтуы тиіс «Несиелеуді қаржыландыру» шарасының да экономиканы қолдаудағы ролі қаншалықты маңызды болатындығы белгісіз.

The Economist тобының сарапшылары, өз кезегінде, Англия банкінің сандық жеңілдету бағдарламасының ел экономикасын қолдаудағы тиімділігіне күмән келтіргенімен, Банктің экономиканың одан әрі әлсіздей түсуін жалғастыруын жариялауына орай, 2013 жылдың басында сандық жеңілдету бағдарламасын жоспарланған 50 млрд. фунтқа кеңейтеді деп болжауда.

Инфляция. Қазан айында Ұлттық статистикалық агенттік тұтынушылар бағасы индексінің негізінде өлшенетін инфляция деңгейі 2,7 пайызды құраған. Қараша айында аталмыш көрсеткіш сақталуда. Тұтынушылар бағасы қарашада айлық межеде 0,2 пайызға өскен. Англия банкінің нысаны 2 пайызды құрайды.

Тұтынушар бағасы индексіне тіркелген жылдық инфляция 2011 жылғы қыркүйектегі ең жоғары көрсеткіш 5,2 пайыздан айтарлықтай төмендеп, 2012 жылғы қыркүйекте 2,2 пайызды құраған. Қазандағы инфляция көрсеткішінің 2,7 пайызға күрт өсуін жоғары оқу орындарындағы төлемақының көтерілуі, және азық-түлік тауарлары мен алкоголь ішімдіктеріне бағаның жылдық межеде қазанда 1.1%, қарашада 3,9 пайызға өсуі әсер еткен. Электр энергиясы бойынша есепшоттардың өзгеруіне әкелетін тұрғын үй шаруашылықтары мен осы саладағы қызмет көрсету айлық межеде 0,6%, және жылдық межеде 2 пайызға өскен.

Жалпы тауарлар инфляциясы жылдық межеде қарашада 1,5 пайыз құраса, қызмет көрсету саласындағы инфляция қыркүйектегі 3,2% көрсеткішпен салыстырғанда  4,1-4,2 пайызға дейін өскен. Осыған орай, тұтынушылар бағасы индексінің жылдық инфляциясы 2,6 пайызды құрауда. Бөлшек сауда индексінің инфляциясы қазандағы 3,2 пайыздан кішігірім 3 пайызға төмендеген. 

Тәуелсіз сарапшылар инфляция деңгейінің Англия банкінің нысанынан жоғары болуын 2013 жылы және алдағы бесжылдық кезеңде де жалғасатындығын болжауда. Бұған басты себеп ретінде 2012 жылы электр энергиясы, газға тарифтердің өсірілуі, жаһандық егіннің аз болуына орай азық-түлік тауарларына бағалардың жоғары сақталатындығы көрсетілуде.

Жұмыссыздық. Ұлттық статистика агенттігінің дерегіне сәйкес қазанда аяқталатын үш айлық кезеңде жұмыспен қамтамасыз етілген адамдар саны 40 000-ға ғана өскен. Бұл 2011 жылғы қаңтардан бергі ең төмен көрсеткіш. Тоқсандық межеде жұмыссыздық 82 000-ға қысқарып, 2,51 миллионды құраған. Бұл, Халықаралық еңбек ұйымының талаптарына сәйкес, 7,8 пайызды құрайды.

16-64 жас аралығындағы адамдардың жұмыспен қамтамасыз етілуі жылдық межеде дағдарысқа дейінгі көрсеткіш 73 пайызбен салыстырғанда 71,2 пайыз деңгейінде төмен сақталуда.

Мемлекеттік сектордағы жұмыспен қамтамасыз ету қыркүйекте аяқталатын үшайлық кезеңде 2002 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш 24 000-ға қысқарса, керісінше жеке сектордағы жұмыспен қамтамасыз ету 65 000-ға өсіп, 1999 жылдан бергі ең жоғары деңгейді көрсетуде.

Бонустарды қосқандағы орташа кіріс деңгейі де қазанда аяқталатын үшайлық кезеңде өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызды құрап, тұтынушылар бағасы индексінің орташа инфляциясы көрсеткіші 2,4 пайыздан әлдеқайда төмен болып келуде. 

Тәуелсіз сарапшылар 2013 жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі 2012 жылы көзделген 8 пайызбен салыстырғанда 8,2 пайыз деңгейінде болады деп болжауда. Жүргізілген сауалнамалар нәтижелері келесі жылы экономиканың барлық саласында жұмыс күшіне сұраныстың төмен болатындығын көрсетсе, ел экономикасындағы жағымсыз жағдай мен 2013 жылға болжамдардың үміттендірмеуі алдағы жылы жұмыссыздық деңгейінің өсетіндігіне меңзеуде.

ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия

Құрама Корольдігіндегі Елшілігі

Қосылған : 20.11.2013, 11:53, Өзгертілген : 8.05.2014, 02:02