Берлинде Қазақстан мен Германия арасындағы «Жол картасын» талқылады

БЕРЛИН, 2019 жылғы 2 шілде - Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кəріпов сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық жұмыс тобының (ҮЖТ) тең төрағасы, ГФР экономика және энергетика Федералды министрі Экхард Францпен кездесті.

Кездесу барысында 2019 жылғы 11 сəуірде Берлинде өткен ҮЖТ отырысында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің жүзеге асырылуының қазіргі жағдайы жəне алдағы уақыттағы ынтымақтастықтың перспективалары қарастырылды. Сұхбаттасушылар сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастық салаларын жəне экономиканың түрлі секторында жүзеге асырылуға бағытталған жобаларды жүйелендіретін «Жол картасы» жобасын дайындау мәселелерін талқылады. Қазіргі уақытта «Жол картасы» жобасын тараптар қарастыруда. Оған жыл соңына дейін қол қою жоспарлануда.

Э.Франц Елшіні жыл сайын 2 шілдеде Қазақстанда атап өтілетін Дипломатиялық қызметкер күнімен құттықтап, еліміздің сыртқы саяси белсенділігін атап өтіп, сондай-ақ халықаралық сауда жүйесіндегі шиеленіскен жағдайды ескере отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жан-жақты тереңдетуді қолдайтындығын білдірді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Германия ынтымақтастығы жөніндегі жақында болатын іс-шараларды талқылады. 2019 жылғы 15 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында ГФР делегациясы өкілдерінің қатысуымен өткен Берлин Еуразиялық Клубы отырысының оң нәтижелерін ескере келе, Д.Кəріпов экономика тақырыбына арналған бірлескен іс-шараларды өткізуді жалғастыруды ұсынып, неміс тарапын Клубтың алдағы қазан айында Брюссельде, желтоқсан айында Берлинде өтетін отырыстарына қатысуға шақырды. Клубтың кезекті отырыстарының тақырыптары - Орталық Азия аймағындағы экономикалық интеграция жəне Қазақстан экономикасын цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жоғары технологиялық жобаларға неміс инвестициясын тарту.

Қосылған : 2.07.2019, 19:00, Өзгертілген : 2.07.2019, 19:00