Берік Арын. Діни сенім бостандығы: Қазақстанның өркениеттік таңдауы

Берік АРЫН

ДІНИ СЕНІМ БОСТАНДЫҒЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ТАҢДАУЫ

Қазақстан бірегей тарихи-мәдени құндылықтарды, қоғамдық дамудың өзіндік сипатын және діни саланың ерекшеліктерін иелене отырып, бүгінде мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіне тән моделін іске асыруда.

Діни сенім бостандығы қағидаттары Азаматтық кодексте, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген. Елімізде діни сенім бостандығын қамтамасыз етудің барлық қажетті мемлекеттік-құқықтық кепілдіктері жасалған.

Мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізгі сипаттамасы мемлекеттің зайырлы сипаты туралы конституциялық норма болып табылады.

Қазақстанның ерекше сипаты елдің бірлік пен келісімнің арқасында өз мемлекеттілігін тарихи қалыптастырудың күрделі жолынан абыроймен өтіп, халықаралық қоғамдастықтың мойындауына ие болғанынан көрінеді.

Егемендік республикаға экономикалық және саяси процестерді ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіндік моделін әзірлей отырып, діни қатынастар сияқты нәзік және шетін саладағы процестерді де дербес басқару қажеттігін ұсынды.

Жас мемлекеттің діни салаға қадала назар аударуы ХХ ғасырдың аяғында КСРО-ның атеистік жүйесінің күйреуі жағдайында біздің өңірде дін феноменінің жандануымен түсіндіріледі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік таңында жария еткен конфессияаралық және этносаралық саясатты ілгерілетуге және нығайтуға жасалған бағыт қазіргі заманғы тарихтың бүкіл кезеңі ішінде Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі мағынасын қалыптастырды – олар даму, тұрақтылық және қауіпсіз болашақ жолындағы ұлттың бірлігі, қоғамның рухани жаңғыруының ұзақ мерзімді стратегиясының, діни саланы реттеу бойынша сыннан өткен мақсаттардың және оларға қол жеткізу жөніндегі нысаналы саясаттың болуы.

Елдің Негізгі заңы діни сенім бостандығын жүзеге асыру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін, өмірін, денсаулығын, адамгершілік қасиеттерін, құқықтары мен еркіндіктерін қорғау мақсатында діни сенімдер тарату саласын заңнамалық тұрғыда реттейді.

Қазақстан Конституциясының 14-бабына сәйкес «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды». Ал ҚР Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп нақты бекітілген.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы «Біздің бағдарымыз – бірігу, қоғамдық прогресс және әлеуметтік әріптестік» атты баяндамамен сөз сөйлеп, «Қазақстан – зайырлы мемлекет, бұл қағидат Конституцияда бекітілген» деп атап көрсеткен болатын. Бұл ретте ол «Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта діни қағидаттарға артықшылық беретін мемлекет болмайды және оған қоса, діни платформалар негізінде партиялар құру туралы сөз болуы мүмкін емес» деп ерекше атап өтті.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы заңнамалық актілердің бірі жас республиканың конфессиялық саясатының негізгі қағидаттары белгіленетін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң (1992 жыл) болды. Бұл Заң конфессияларға қызмет етудің кең мүмкіндіктерін ұсына отырып, олардың өз функцияларын іске асыру үшін тең және қолайлы жағдайлар жасады. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін, азаматтардың дінге қатынасын айқындау құқығын белгіледі.

Қазақстан қоғамында конфессияаралық қақтығыстардың болмауына, әлемдік қоғамдастықта еліміздің әлемдік ауқымдағы дінаралық бірегей диалог алаңдарының бастамашысы ретіндегі оң имиджінқалыптастыруға әкелетін тиімді заңнамалық негіздердің жасалуы Заң қолданысының басты нәтижесіне айналды.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Конституцияға діни төзбеушілікті уағыздайтын немесе оны практикада іске асыратын қоғамдық және діниұйымдардың қызметіне тыйым салатын ереже енгізілді.

Осы ереже 1995 жылғы Конституцияның 53-бабында неғұрлым кеңірек тұжырыммен көрініс тапты. Сондай-ақ жаңа Конституцияның мәтініне діни артықшылықты насихаттау мен үгіттеуге қарсы бағытталған бап енгізілді.

Азаматтық кодекске миссионерлердің, діни бірлестіктер мен діни оқу орындарының шетелдік басшыларының республиканың мемлекеттік органдарымен келісілуге тиіс қызметіне қатысты бірқатар ережелер енгізілді (109-бап).

«Терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу және тыю жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы (2000 жылғы 10 ақпан) мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың діни сенімінің радикалдануына, қоғамдағы конфессияаралық және этносаралықкелісімге іріткі салуға жол берілмеуін қатаң қадағалауды жүзеге асыру бойынша міндеттер қойды.

Осылайша, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ресми түрде діни салаға араласпау саясатын ұстанып келеді, алайда бұл ретте ол саяси-құқықтық тәртіптегі заңдар жинағын қабылдау арқылы діни сенім бостандығы саласындағы процестерді үйлестіріп отырады.

Тұтастай алғанда, мемлекеттің дін мәселесіндегі ниеттестік ұстанымы республикада діни бірлестіктердің елеулі түрде ұлғаюына арналған алғышарттар жасады. Сол кезеңдегі жағдайға жасалған талдау діни қоғамдастықтардың жұмыс істеп тұрған желісі республиканың барлық облыстарын, қалаларын және аудандарының көпшілігін қамтыды жәнедәстүрлі де, сондай-ақ біздің еліміз үшін дәстүрлі емес те діни бірлестіктерді біріктірді («Жаңа өмір» шіркеуі, Сун Бок Ым, Кришна нанымы және Бахаи діні, «Бірлестік» шіркеуі,Иисус Христ шіркеуі, әртүрлі миссиялар).

Іс жүзінде, 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша діни бірлестіктердің саны 6 еседен астамға артып, 4 551 құрады, конфессиялар мен деноминациялардың саны 46 жетті. Конфессиялық кеңістіктің осындай әртүрлілігі мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың сипатындағы өзгерістерге әсер етпей қойған жоқ. Оның үстіне, дін мен діни мәдениеттің ренессансы мешіттер, храмдар және басқа да діни құрылыстар салудың ауқымдылығымен бірге жүрді. Халықтың дінді ұстанатын бөлігінің саны да соған сәйкес өсті.

Нәтижесінде, отандық сарапшылардың бағалауы бойынша «аса демократиялы діни заңнама арқылы іске асырылған діни сенім бостандығы қағидатының абсолюттенуі белгілі бір дәрежеде Қазақстанға жалған діни экстремизм мен терроризмнің енуінен бастап халықтың дәстүрлі құндылықтары мен діни біртектестігінің бүлінуіне дейінгі жаңа сын-тегеуріндер мен қауіптердің алдында жас мемлекеттің әлсіздігінің себебіне айналды».

Осындай жағдайларда дін мәселелері жөніндегі заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтуге; діни алаңдарда жүріп жатқан процестерге мемлекеттің барынша белсенді қатысуына; діни ұйымдар мен мемлекеттің арасында делдалдық функциялардың орындалуына; дінге сенетіндердің діни еркіндіктерін іске асыру жөніндегі қажеттіліктерін зерделеуге; конфессиялық тұрғыдағы шиеленістер мен қақтығыстық жағдайлардыңбар ошақтарын жоюға қоғамның сұраныстары өзекті бола түседі.

Осы факторлар ел Парламентінің 2011 жылғы қазанда мемлекеттік-конфессиялық қатынастар және діни қызмет саласын реттейтін діни сенім бостандығын қамтамасыз ету және діни бірлестіктердің жұмыс істеуі саласындағымемлекеттің жаңа стратегиялық бағытын айқындайтын «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заң қабылдауы қажеттігін талап етті.

Бұл Заң Еуропаның алдыңғы қатарлы зайырлы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйену арқылы елдегі конфессияаралық жағдай ескеріле отырып әзірленді және Қазақстан қоғамындағы толеранттылық пен келісімді нығайтуға бағытталды.

Елбасы «Әзірет Сұлтан» мешітінде. Астана қ., 2018 жылғы 21 тамыз

Оның «Кіріспесінде» ханафи бағытындағы ислам және православиялық христиандық, олардың Қазақстан тарихындағы ерекше рөлі жеке аталады. Бұл мемлекеттің зайырлы бола отырып, соған қарамастан, стратегиялық жағынан маңызды саланың өзекті проблемаларын шешуден тыс қала алмайтын діни саясатындағы белгілі бір басымдықтарды белгілеу мақсатында жасалды. Мәселен, республикада Құрбан айт және православиялық Рождество демалыс күндері болып табылады.

Заңның қабылдануы діни саладағы нормативтік базаны жаңартуға және жетілдіруге (тағы қосымша 14 НҚА), діни бірлестіктердің жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық жағдайлар жасауға, діни бірлестіктің Жарғысын тіркеуге және оған қойылатын талаптарды әзірлеуге арналған құжаттар тізбесін, дінтану сараптамасын жүргізудің негіздері мен тәртібін айқындауға мүмкіндік берді.

Заңның ережелерін іске асыру шеңберінде діни бірлестіктерді қайта тіркеурәсімі сәтті жүргізілді, ал ол республиканың конфессиялық кеңістігін құрылымдауды және жүйелеуді, конфессиялар мен деноминациялардың санын 46-дан 18-ге дейін жүйелеуге мүмкіндік берген діни бірлестіктердің саны және олардың діни сенімінің тиесілілігі туралы барынша дәл деректер алуды қамтамасыз етті.

2012 жылғы 25 қазанда аяқталған қайта тіркеудің қорытындылары бойынша діни бірлестіктер мен олардың филиалдарының саны 3088 дейін азайды. Діни бірлестіктер санының үштен бірге дейін азаюы бірқатар себептер бойыншаөздерінің қызметінің заңдылығын негіздей алмаған бірлестіктер есебінен жүрді. Құрылтайшылық құжаттарында дәл емес мәліметтер ұсынғанбірқатар жалған діни құрылымдар мен діни бірлестіктер қайта тіркеуге жіберілмеді.

2011 жылғы Заң мемлекеттің діни алаңда жүріп жатқан және бостандықты теріс пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік беретін және тұлғаға, қоғамға және мемлекетке қауіп төндіруге жол бермейтін процестерге мемлекеттің неғұрлым белсене қатысуына полиэтноконфессиялық қоғамның мұқтаждығын іс жүзінде көрсетті. Діни ұйымдар мен шетелдік миссионерлердің қызметіне арналған құқықтық алаңды реттеуге барынша маңыз берілді.

Заң діндерді «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес», «шағын» және «ірі» деп бөлмейді. Ешқандай дін мемлекеттік немесе міндетті ретінде белгіленбейді. Мемлекет барлық конфессиялардың діндарларына және атеистік нанымы бар адамдарға тең құрметпен қарайды.

Заңнамалық база діни сенім бостандығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың базалық қағидаттарын айқындауға ықпал етеді – олар бейтараптық қағидаты, толеранттылық қағидаты және теңбе-теңдік қағидаты.

Бейтараптық қағидаты мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне, ал діни бірлестіктердің – мемлекет пен қоғамның қызметіне араласпауды білдіреді.

Толеранттылық қағидаты мемлекеттің зайырлы құндылықтарына және халықтың дін ұстанатын бөлігінің діни нанымдарына құрметпен қарауды білдіреді.

Тепе-теңдік қағидаты барлық діни бірлестіктердің және әртүрлі діни сенім өкілдерінің заң алдындағы теңдігін білдіреді.

Қазіргі кезде Заңнан басқа, діни қызметтің, дінтану сараптамасының, діни әдебиеттерді таратудың, миссионерлік қызметті жүзеге асырудың, діни ғимараттар салудың және т.б. әртүрлі мәселелерін реттейтін 14 нормативтік құқықтық акт қолданылады.

Мемлекеттің дін саласындағы жұмысының маңызды элементі діни бірлестіктермен ынтымақтастығы және ашық диалогы болып табылады. Мемлекет діни бірлестіктердің өкілдеріне заңнаманың ережелерін түсіндіру жөніндегі іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді және оларды іске асырудың өзара сындарлы іс-қимылын ұйымдастырады. Діни жағдайды зерделеуге және дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеуге ҮЕҰ, сарапшылар қоғамын, дін өкілдерін тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Республиканың дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы ретіндегі Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің басымдығы мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық моделін жетілдіру, діни сенім бостандығы саясатын ілгерілету болып табылады. Оның негізін Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы құрайды.

2018 жылы ресми түрде тіркелген 18 конфессияны білдіретін 3 720 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары республикадағы діни сенім бостандығы саласындағы мемлекеттік саясаттың сәттілігі мен тиімділігінің көрсеткіші болып табылады.

Діндердің арасында саны жағынан ең көбі – ханафи мазхабындағы ислам мен православиялық христиандық. Сонымен қатар католиктер және протестанттар конфессиялары, иудейлер, буддашылар және басқа да қауымдар бар.

Қазақстан діни бірлестіктерінің басшылары азаматтық бейбітшілік пен діни келісімді нығайтуға бағытталған әлеуметтік-мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының, орталық және жергілікті деңгейлердегі консультативтік органдардың құрамына кіреді.

Қазақстан әлемге діннің ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда, жалпы адами әмбебап құндылықтардағы жалпыұлттық бірлікті нығайтуда аса маңызды рөл атқаратынын көрнекі түрде көрсетеді, ал әртүрлі діндер мен конфессиялар өзара толық түсіністік пен өзара құрмет негізінде бірге жұмыс істеп, үйлесімді дами алады.

Мемлекет діни сенім бостандығына конституциялық құқықтың сақталуын еш тоқтаусыз қамтамасыз ету мақсатында, осы саладағы кез келген заң бұзушылықтарды, сондай-ақ дінді, діни символдарды және діни сәйкестікті конфессияаралық алауыздық пен өшпенділік тұтату мақсатында пайдалану әрекеттерін анықтау және жою, діндарлардың діни тиесілілігіне қарамастан, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша алдын ала шаралар қабылдайды.

Мемлекет өзінің діни сенім бостандығын қолдау жөніндегі қызметінде адам құқықтары саласындағы жалпы танылған халықаралық актілерге сүйенеді, сондықтан біздің нормативтік база ЕҚЫҰ және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдар қабылдаған халықаралық стандарттар негізіне жататын негізгі қағидаттарға, сондай-ақ әлемнің дамыған демократиялық мемлекеттерінің тәжірибесіне сәйкес келеді.

Қазақстан елде қолданылатын азаматтық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету моделінің тиімділігі бойынша БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар тарапынан оң бағаға ие.

Қазақстанда қалыптасқан конфессияаралық келісім моделіне 2001 жылы елімізге келген кезінде Рим Папасы Иоанн Павел Екінші, сондай-ақ Астана қаласындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І-VІ съездеріне қатысушылар – әлемдік және дәстүрлі конфессиялардың беделді дін өкілдері жоғары баға берді.

Социологиялық сауалнамаларға сәйкес, қабылданып жатқан заңнамалық шаралар халықтың жаппай қолдауына ие болып отырғаны да маңызды, ол елдегі діни жағдайға оң әсер етеді.

Еліміздің дінге қатысы бойынша либералдық ретіндегі оң имиджін ілгерілетуге оның халықаралық ірі құқық қорғау ұйымдарының, дипломатиялық корпустың өкілдерімен, оның ішінде АҚШ-тың, Ұлыбританияның, ЕО елдерінің Қазақстандағы елшіліктерімен, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығымен, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік бөлімшесімен, БҰҰ-ның діндер мен нанымдар мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысымен белсенді ынтымақтастығы және тәжірибе алмасуы зор үлес қосады.

Сонымен бірге, елге әкелінетін діни әдебиетке сараптама жүргізуге, Терроризм және діни экстремизм туралы заңды «басқаша діни көзқарасқа және саяси оппозицияға қарсы күрес» үшін пайдалануға қатысты АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сарапшыларының тарапынан бірқатар ескертпелер бар. Сондай-ақ Қазақстан заңнамасындағы «экстремизм» және «әлеуметтік алауыздыққа айдап салушылық» ұғымдарындағы екіұштылық көрсетіледі, ол олардың пікірі бойынша діни бостандықты «шамадан тыс шектеуге» әкеп соқтырады. Кейбір діни қауымдарға құқықтық мәртебе беру талабымен діни бірлестіктер мен миссионерлерді тіркеу рәсімінің күшін жою бойынша ұсыныстар бар.

Батыстық әріптестердің сынына қарамастан, Қазақстан діндерге төзімділік деңгейі және діни сенім бостандығын қамтамасыз ету бойынша посткеңестік кеңістіктегі ең либералдық ел болып табылады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ұсынымдары тиісті деңгейде сақталады, БҰҰ-ның діндер мен нанымдар бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашыларының пікірлері ескеріледі, Астанада өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің рөлін күшейту бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі.

ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаевтың 2018 жылғы шілдеде АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес Қазақстан, АҚШ Мемлекеттік департаменті және USCIRF мүдделі органдарының өкілдері құрамында Сараптамалық жұмыс тобы құрылды, оның шеңберінде тараптар діни саланы реттеу, діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасады, сондай-ақ біздің еліміздің Америка тарапының сынына қатысты ұстанымы баяндалады. Жұмыс тобының бірінші отырысын 2019 жылғы көктемде Астанада өткізу жоспарлануда.

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы өзінің діни сенім бостандығы саясатын өркениетті түрде таңдауы барысында бүкіл адамзаттың бағалы құндылықтары – диалог және келісім, мүдделер үйлесімділігі, бейбіт жасампаздық өмір, жақсылық пен өркендеу жолымен дамып келе жатқанын атап өткіміз келеді.

__________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Берік Арын – Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму экс-вице-министрі. 2006 жылдан бастап Қазақстанның мемлекеттік қызметінің жауапты лауазымдарында жұмыс істейді. ҚР Парламенті Сенатының Аппараты басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі, Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы және Тунис РеспубликасындағыТөтенше және Өкілетті Елшісі, Араб Мемлекеттері Лигасының жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымдарын атқарды.

ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті өкіл дипломатиялық дәрежесі бар. Араб және ағылшын тілдерін меңгерген. Мемлекеттік және халықаралық наградалары: «Құрмет» ордені (2012) және мерейтойлық медальдары бар.

Қосылған : 29.03.2019, 17:40, Өзгертілген : 29.03.2019, 17:40