Бейбіт Атамқұлов. СІМ дамудың жаңа кезеңінде

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

СІМ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕ

«Дипломатия жаршысы» журналының кезекті санының оқырмандарымен журнал бетінде қауышқаныма қуаныштымын.

2019 жылғы 19 наурызда елімізде тарихи оқиғаның болып өткені белгілі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттіктерін тоқтататыны туралы халыққа үндеу жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. 20 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президенттің өкілеттіктері Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті.

Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы және Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қала береді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беру салтанаты кезінде: «Біз билікті беруді тыныш, дау-жанжалсыз жағдайда жүзеге асырып отырмыз, бұл Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етудің және оның халықаралық беделін нығайтудың қуатты факторы болып табылады. Бұл жерде біздің халқымыздыңжоғары саяси мәдениеті, ерекше даналығы тағы бір рет көрініс тапты. Бұл болашақ ұрпақ үшін жақсы үлгі де», – деп атап көрсетті.

Осылайша, Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесі биліктің сабақтастығын, сондай-ақ мемлекеттің саяси және экономикалық дамуының жалғасатынын қамтамасыз етті.

Бұның еліміздің сыртқы саясаты саласына да толық қатысы бар. Қазақстан барлық халықаралық міндеттемелер сақталатын көп векторлық, теңгерімділік және прагматизм қағидаттарына негізделген өзінің бейбіт сүйгіш сыртқы саяси бағытын сақтап қалады. Әлемдік қоғамдастықтың барлық елдерімен арадағы қатынастар өзара құрмет, тең құқықтылық негізінде және бір-бірінің мүдделері ескеріле отырып жалғасатын болады.

* * *

Наурыздың басында Сыртқы істер министрлігі соңғы уақыттағы сыртқы саясаттағы жарқын оқиға – 2017-2018 жылдардағы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігінің негізгі қорытындыларын Парламент Мәжілісіне ұсынды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жауапкершілігі жүктелетін дүниежүзілік ұйымның басты органы болып табылады. Қазақстан өзінің миссиясын абыроймен орындады және Мемлекет басшысы белгілеген барлық басымдықтарды іске асырды, ал біздің еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымын бүкіл халықаралық қоғамдастық жоғары бағалады. Біз БҰҰ алаңында белсенді жұмысты жалғастыру, көп жақты ынтымақтастық үшін іс-қимыл жасау, халықаралық тұрғыда мойындалған қағидаларға негізделген әлемдік тәртіпті қолдау, басқа елдермен бірлесіп жаһандық сын-тегеуріндерді еңсеру және ғаламдық және өңірлік бейбітшілік пен дамуға жәрдемдесу ниетінен таймаймыз.

Биылғы жылға тұтастай бірқатар маңызды сыртқы саяси оқиғалар жоспарланып отыр, олардың арасынан Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығын, Астана экономикалық форумын, Президент Н.Назарбаевтың Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуіне, «Белдеулер және Жолдар» халықаралық ынтымақтастығының 2-ші форумына, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨІСШК саммиттеріне, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне және басқа да маңызды халықаралық іс-шараларға қатысуын ерекше көрсету қажет. Біз жыл бойында журнал беттерінде осылардың барлығы туралы әңгімелеуді жоспарлап отырмыз.

* * *

Мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңінде Сыртқы істер министрлігіне инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету бойынша атқарылатын қызметті үйлестіру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы функциялар бекітілді. Инвестициялар жөніндегі комитет және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ СІМ қарауына берілді. Үкіметтің шеңберінде сыртқы экономикалық қызмет саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл айтарлықтай күшейтілуде. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда инвестициялар тартудың кешенді экожүйесі әзірленді. Инвестициялық ахуал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына сәйкес жүргізілетін болады.

Өзара іс-қимылдың шет елдердегі елшіліктерден жергілікті атқарушы органдарға дейінгі тікелей тізбегін жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біздің басты міндетіміз әрбір жобаның толығымен іске асырылуын қамтамасыз ету болып табылады. Елшіліктердің Қазақстан экономикасына инвестициялар мен ғылымды қажетсінетін технологиялар тарту саласындағы қызметін күшейту бойынша жұмыс басталды. Біздің дипломатиялық миссияларымыз инвестициялық ұсыныстар мен жобалар пакеттерін қоса алғанда, барлық өзекті ақпаратпен «қаруланатын» болады.

Министрлік сондай-ақ экспортты сыртқы деңгейде ілгерілету саласындағы үйлестіруші рөлді де атқарады. СІМ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, отандық экспорттаушыларды қолдаудың «Бірыңғай терезесін» құруға қатысады. Өзара іс-қимыл регламенті әзірленді, ол біздің өнімдерімізді шет елдерде ілгерілетудегі тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Шет елдермен жасалған екі жақты және көп жақты сауда-экономикалық келісімдерде көзделген жеңілдіктер мен преференциялар экспортты арттырудың маңызды факторы болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс жандандырылатын болады. Қазақстан Республикасының СІМ жүйесіне кіретін сауда өкілдіктеріне маңызды рөл бөлінеді. Экспорттың тағы бір негізгі құрамдас бөлігі – ол көлік және логистика. Министрлік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның негізгі нарықтарға шығуын қамтамасыз ететін транзит-көлік дәліздерін кеңейту жұмысын жалғастырады.

СІМ «Астана» халықаралық қаржы орталығына, «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығына, сондай-ақ «AstanaHub» АТ-стандарттар халықаралық технопаркіне одан әрі де қолдау көрсете береді.

* * *

Біз Сыртқы істер министрлігінің негізгі баспа басылымы – «Дипломатия жаршысы – Вестник дипломатии» журналын жетілдіруді жалғастыру ниетіндеміз. Мейілінше беделді саяси қайраткерлерді, дипломаттар мен сарапшыларды біздің басылымымызда өз мақалаларын жариялауға шақыратын боламыз.

Оның 2019 жылғы бірінші нөмірі сәуірдің басында Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекет басшыларының екінші консультативтік Жұмыс кеңесінің қарсаңында шығады. Былтырғы жылғы 15 наурызда Астанада өткен бірінші кездесу кезінде Орталық Азия көшбасшылары өңірішілік мәселелерді талқылау және бірлесіп бағыт-бағдарды үйлестіру үшін жыл сайын кездесулер өткізіп тұруға уағдаласқан болатын. Өткен жыл ішінде өңір елдерінің өзара іс-қимылы таңқаларлық жоғары деңгейге дейін өсті. Сондықтан журналдың осы нөмірінде Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың эксклюзивтік мақаласында оның біздің өңірдегі және Қазақстан-өзбек қатынастарындағы жағдай туралы өз пайымымен бөлісетіні мен үшін сүйсінерлік жағдай.

Журналға мақалалар іріктеу кезінде біз экономикалық дипломатияға баса назар аударуды жоспарлап отырмыз. Журналдың редакциялық кеңесі осы нөмірде оқырмандардың назарына АХҚО Биржасы Басқармасының төрағасы Тимоти Беннеттің жарияланымын ұсынады. Материалда инвестициялар туралы айтылады және «Polpharma фармацевтикалық компаниясының Қазақстанның даму стратегиясына қалайша тамаша кірігетіні» туралы оқырмандар ірі фармацевтикалық компанияның Қадағалау Кеңесінің Президенті Ежи Старактың мақаласынан таныса алады.

СІМ Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылының іс-шараларына белсене қатысу ниетінде. Жақында Министрлік сыртқы саясат ведомствосының жас қызметкерлері туралы «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» атты осы тақырыптағы бірінші кітапты жарыққа шығарды. Ол туралы материалды да сіздер біздің журналымыздан оқи аласыздар.

Нөмірде басқа да қызықты тақырыптар ашылады, оларда: Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігіндегі Татарстан Республикасының орны; біздің еліміздің ядролық қарусызданудан БҰҰ-ның бітімгерлерін даярлауға дейінгі жолы; әлеуметтік желілердегі дипломатия сияқты тақырыптар қамтылады.

_________________________________________

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 26 желтоқсандағы №808 Жарлығымен Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

1986 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 2000 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік экономика және қаржы университетін бітірді. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1985 жылы А.П.Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатында және Шымкент қорғасын зауытында бастады.

1991 жылдан бастап 1995 жылға дейін ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі жүйесінде қызмет атқарды: бас маман, «Қазметаллэкспорт» республикалық сыртқы экономикалық кәсіпорнының «Черметэкспорт» директоры, «Қазақстан Сауда» сыртқы сауда компаниясы бас директорының бірінші орынбасары.

1995-1996 жылдары – «Қарағанды металлургия комбинаты» МАҚ бас директорының бірінші орынбасары (Теміртау қ.). 1996-2006 жылдары – кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

2006-2007 жылдары – Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің Кеңесшісі, Кеңесші уәкілі (Мәскеу қ.).

2007-2008 жылдары – Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің Кеңесші уәкілі (Тегеран қ.).

2008-2010 жылдары – Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы (Германия) Бас консулы.

2010-2012 жылдары – Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі және Филиппин Республикасындағы, Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы болды.

2012 жылдың қараша айынан бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Жауапты хатшысы. 2014 жылдың тамыз айынан бастап 2015 жылдың тамыз айына дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы болған.

2015 жылдан бастап 2016 жылдың қазан айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімі болды.

2016 жылдың қазан айынан бастап 2018 жылдың желтоқсан айына дейін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі Министрі болды.


Қосылған : 29.03.2019, 09:50, Өзгертілген : 29.03.2019, 09:50