Бақыт Дүйсенбаев. Қазақстан мен Оңтүстік Корея: технологиялар мен инвестициялар негізгі назарда

Бақыт ДҮЙСЕНБАЕВ

Қазақстан мен Оңтүстік Корея:

технологиялар мен инвестициялар негізгі назарда

Осы заманғы барлық дерлік корей өнеркәсібі жоғары қосылған құны бар салаларға негізделеді. Сонымен бірге, Корея осы көрсеткіштерге мүлде ешқандай базасы болмай-ақ қол жеткізді. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары ел үдемелі индустрияландыру жолына түсті. Бірінші кезеңде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған негізгі базалық өнеркәсіптік салалар құрылды. Корея табандылықтың, дәйектіліктің және ресурстарды ұтымды бөлудің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе алды. Ауыр және химия индустриясы, жеңіл өнеркәсіп жоғары қарқынмен дамыды. Кейіннен импорт алмастыру саясаты Оңтүстік Корея экономикасын экспортқа бағдарлау саясатына ауысты. Кореяның «экономикалық ғажайыбына» ел таңдап алған ішкі нарықты қорғауға және сыртқы нарықтарға шығуға бағытталған сыртқы экономикалық стратегия ықпал етті. Тұрмыстық электроника мен электротехника өндірісі, кеме жасау және автомобиль өнеркәсібі сәтті дамыды.

Корея Республикасы жаңа технологиялардың дербес әзірлеушісіне және жеткізушісіне айнала отырып, біртіндеп өнеркәсіптік басымдықтарды ғылымды қажетсінетін өндірістер – ақпараттық және биотехнологиялар, робот техникасы, авиағарыш техникасы, медициналық аппаратура, жаңартылатын энергия көздері, оптикалық талшықтар мен жаңа материалдар жағына ауыстырды.

Әлемде орта есеппен әрбір жұмыспен қамтылған 10 мың адамға 60 өнеркәсіптік роботтан келетіні есептелген. Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш 400 роботқа жетеді, Жапонияда – 340, Ресей мен Қазақстанда ол көрсеткіш 10 роботқа да жетпейді. Оңтүстік Кореядағы ғылыми-техникалық прогресс экспортқа бағдарланған индустрияландыру тұрғысындағы саяси бағыттың нәтижесінде туындады. 1966 жылы Кореяның ғылым және технологиялар институты құрылды, оның мақсаты аталған бағыттарды дамыту болды, ал 1967 жылы Ғылым және технологиялар министрлігі құрылды.

Бастапқыда елді ғылыми-технологиялық дамыту негізінен шетелдік технологияларды енгізуге, оларды игеруге және қолдануға бағытталғанын атап айту қажет. Алайда 1980-ші жылдары ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірленімдердің деңгейін арттыру мақсатында негізгі екпін өзіндік ұлттық жобаларды әзірлеу және іске асыру жағына ауыстырылды. Аталған салаларға мемлекеттік те, жеке меншік те инвестицияларды ұлғайтуға арналған, сондай-ақ ғылым және технологиялар саласындағы жұмыстар үшін біліктілігі жоғары персонал даярлауды мақсат етіп қойған бағдарламалар әзірленді.

Қазіргі кезде Корея ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту индексі (The ICT Development Index) бойынша әлемде 2-ші орын, бизнес жүргізу рейтингі (The World Bank Group: Doing Business) бойынша 5-ші орын және инновациялар рейтингі (The Global Innovation Index) бойынша 11-ші орын ала отырып, инновациялар және озық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Жаһандық инновациялық индекс – елдердің мынадай: ғылыми-зерттеу қызметі, білім беру, ғылыми кадрлар, жоғары технологиялы компаниялар, өндіріс және патенттер сияқты алты санаттағы деректердің негізінде есептелген рейтингі. Мәселен, Research&Development, жоғары технологиялы компаниялар, өндіріс және патенттер көрсеткіштері бойынша Корея Республикасы әлемнің 5 елінің тобына кіреді.

Елдің машина жасау саласында озық әзірленімдері бар, атап айтқанда, бұл саладағы оңтүстік кореялық жоспар атап айтуға тұрарлық, оған сәйкес 2019 жылдың аяғына дейін елдегі сутегі автомобильдерінің саны 6,358 бірлікке жетеді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен жеті есе көп. Осылайша, жаңа сутегі автомобильдерін таратудың жылдық көлемі 5,467 бірлікке жетіп, 35% ұлғайды. 2019 жылғы тамыз айынан бастап 10 такси автомобилі және 35 автобус сутегімен жұмыс істейтін болады.

Корея сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) бойынша көшбасшылық позицияны иеленеді. Айталық, оңтүстік кореялық үш «SK», «KT» және «LG» телекоммуникациялық компаниялары әлемде алғаш рет ұтқыр байланыстың 5G стандартындағы қызметтерді ұсынуды бастады. 5G технологиясы 2018 жылғы ақпанда Пхёнчхандағы қысқы Олимпиада кезінде сәтті тестіленді. Бесінші үлгідегі ұтқыр байланыс деректер берудің жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді, ол 25 Гб/с дейін жетеді, сөйтіп бейнені Ultra HD шешімінде трансляциялау мүмкіндігін береді.

Кореялықтар жаңа үлгідегі ғарыш жер серіктерін, қару-жарақтың осы заманғы түрлерін, медициналық препараттарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, жаңа материалдарды және т.б. өз бетімен әзірлейді.

Корея үкіметі 4-ші өнеркәсіптік революцияға ерекше назар аударады және оңтүстік кореялық компаниялар осы саладағы біріншілік үшін күрес жүргізуге дайын. Мәселен, үлкен деректер инфрақұрылымын (Big Data), блокчейн технологияларын (Block-Chain), жасанды интеллект (AI), баламалы және жаңартылатын энергетиканы (Renewable energy) және қаржы технологияларын (FinTech) дамыту басымдықтар болып табылады. Көрсетілген бағыттарды қаржыландыру үшін 2019 жылдың өзінде ғана 5 трлн. вон (4,4 млрд. доллар) көзделеді, ал 2018-2022 жылдар ішіндегі жалпы инвестициялар 30 трлн. вон. (26,6 млрд. доллар) құрайды.

4.0 Индустриясының дамуына өнеркәсіптік өндірістердің қарқынды дамуы және тиісті адами ресурстардың болуы ықпал етті. Инновациялық ойлау мен тұтастай индустриялық жүйенің үйлесімі жағдайында инженерлік-конструкторлық кадрлар тәжірибесінің, робот техникасы дағдыларының болуының, бағдарлама жасаудың, электрониканы дамытудың және т.б.зор маңызы бар. Алдыңғы қатарлы елдердің даму тәжірибесі технологиялық прогресті қамтамасыз ету және өнеркәсіптің тиісті салаларын дамыту үшін білім беру мен кадрлар даярлаудың ерекше рөл атқаратынын көрсетеді.Корея үкіметі жартылай өткізгіштер өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға 240 млрд. воннан астам (205 млн. доллар) инвестициялауға шешім қабылдай отырып, сонымен бір мезгілде елдің ірі бес университетінде аралас жартылай өткізгіштер технологиялары факультеттерін ашу жоспарлары туралы жариялайды. Осылайша, аталған салада сарапшылардың жеткілікті саны қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, 2017 жылы әлемдік жартылай өткізгіштер нарығының 20% астамын оңтүстік кореялық «Samsung Electronics» және «SK Hynix» компаниялары өзара бөліседі. «Samsung Electronics» өткен жылы соңғы ондаған жыл бойында осы рейтингтегі көшбасшылық позицияны ұстап келген «Intel» компаниясын басып озып, бүгінде жартылай өткізгіштердің әлемдегі аса ірі өндірушісіне айналып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, ғылым мен технологиялар саласындағы мемлекеттік саясаттың озық тәжірибесі, сондай-ақ технологиялар транфертімен және оны коммерцияландырумен, инновациялық кәсіпорындарды қолдаумен, ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарын таңдау мехнаизмімен байланысты мәселелердің бүкіл кешені Қазақстан үшін қызғылықты болуға тиіс.

* * *

Қазақстан мен Кореяның арасында 1992 жылғы дипломатиялық қатынастар орнату кезеңінде екі елдің арасындағы тауар айналымы 10 мың доллардан асқан жоқ. 1992 жылы Корея Республикасының ІЖӨ 350 млрд. долларға тең болды, ол халықтың жан басына қайта есептегенде 7,982 долларды құрады. Қазақстанда сол сәттегі халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 700 доллардан аспады. Тиісінше екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы экономикалық даму деңгейімен түсіндірілді және қарапайым және тұрақты емес тауар айналымы ғана болды.

Екі жақты қатынастардың алғашқы онжылдығында екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және инвестициялық ынтымақтастығын үдемелі дамытудың негізі қызметін атқарған ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптастырылды.

Мәселен, Алматы қаласында қол қойылған 1992 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан мен Корея Республикасы үкіметтерінің арасындағы сауда келісімін және 1996 жылғы 20 наурыздағы «Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы» үкіметаралық келісімді атап өтуге болады. Бұдан басқа, 1995 жылғы 16 мамырда Сеулде «Ғылыми және технологиялық ынтымақтастық туралы» маңызды келісімге қол қойылды (1997 жылғы 13 ақпанда күшіне енді).

Сауда-экономикалық құрауыш, атап айтқанда, технологиялық және инвестициялық бағыттар әрқашан екі жақты қатынастардың арқауы болып келгенін атап өту қажет. Бұл жағдай негізінен инновациялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерден тұратын Оңтүстік Корея экономикасының құрылымымен түсіндіріледі.

Технологиялар трансфері туралы айтқанда, Кореямен жасалатын технологиялық ынтымақтастық Қазақстанның жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорындарын жаңғыртудың ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға, сондай-ақ орта және ірі бизнесті ҚР-дағы ғылымды қажетсінетін жобаларды іске асыруға ынталандыруға құрылуға тиіс деп ойлаймын. Атап айтқанда, Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарын цифрландыру және автоматтандыру саласында зор перспективалар бар.Бұл тұрғыдан алғанда, ғылымды қажетсінетін өндірістерге мемлекеттік қолдау көрсету шараларын қайта бағдарлау маңызды мәнге ие болады. Кореяның бірқатар компаниялары өнеркәсіптік әртүрлі салаларындағы тиісті тапсырыстарды орындауға дайын.

Сөз реті келгенде, Корея Республикасының осы заманғы өнеркәсіптік әлеуетінің шамамен 700 млрд. долларды құрайтынын айта кету қажет, ол ауқымы бойынша ІЖӨ-дері Кореяның ІЖӨ-нен айтарлықтай асып түсетін Үндістан мен Бразилияның индустриялық өндірісіне теңеседі.

«Global-2000» кіретін кореялық компаниялардың тізіміндегі 46 компания барынша басым ретінде айқындалған. Ең алдымен, олар машина жасаумен, металлургиямен, құрылыспен, химиямен және мұнай химиясымен, мұнай сервис қызметтерімен және газбен жабдықтаумен, телекоммуникациялық қызметтермен, тамақ индустриясымен, логистикамен, электроникамен және ІТ қызметтерімен айналысатын компаниялар. Бұл компаниялар тиісті салалардың көшбасшылары болып табылады, қуатты ғылыми, технологиялық, қаржылық базаны және инвестициялық зор әлеуетті иеленеді.

Қазақстанға тарту үшін барынша басым компаниялар ретінде Samsung Electronics», «LG Electronics», «Hyundai Motor», «KIA Motors», SK Telecom, SK Innovation, Posco, LG Chem, Hyundai Heavy Industries, Hyundai Steel, LG Display, Hanwha Corp, KT Corp, Hyundai Engineering, «Doosan, Doosan Heavy Industries», «CJ Corp», «LS Corp» сияқты ТҰК атап өтуге болады.

Қазақстанмен жасалатын инвестициялық және сауда өзара іс-қимыл көрсеткіштері бойынша Корея Азия өңірінде ҚХР-дан кейін сенімді түрде екінші орын алады, ал 2018 жыл ішіндегі экспорт көрсеткіштері бойынша Қазақстан өнімі өткізілетін әлемдік жетекші нарықтардың ондығына кіреді.

2018 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан мен Кореяның арасындағы тауар айналымы 3,9 млрд. долларды құрады (экспорт 2,976 млрд. доллар, импорт 922,5 млн. доллар), бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 2 еседен астам асады, ал 2016 жылмен салыстырғанда ол 5,7 есе артты.

Қазақстандық экспорттың негізін мұнай, ферроқорытпалар, титан, қосындыланған болат пен темірдің прокаты құрайды.

Қазақстандық импорттың негізгі баптарын: өткізгіштер мен кабельдер, бөлу қалқандары, пульттар мен консольдар, металл бұйымдары және аспаптар, көлік құралдарына арналған шанақтар (кабинаны қоса алғанда), машиналар мен жабдық құрайды.

Қазіргі кезде біздің елдердің арасында жалпы сомасы 7,2 млрд. доллар болатын 40 жуық Қазақстан-Оңтүстік Корея жобасы бар.

Корея Қазақстан экономикасына қаржы салатын аса ірі инвесторлардың ондығына кіреді және бірлескен кәсіпорындар мен перспективалық жобалардың саны бойынша көшбасшылық позицияны иеленеді. ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша Кореядан ҚР-ға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) ағыны 2005 – 2018 жылдар аралығында 5,5 млрд. доллардан асты.

Қазақстанда Оңтүстік Корея қатысатын 1081 заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген («Samsung C&T», «LG Electronics», «LG Chem», «SK Corporation», «Hyundai», «POSCO» және т.б., «DongIlHighville», «Urim» және т.б. құрылыс фирмалары), олардың 516-сы жұмыс істеп тұр. Көрсетілген кәсіпорындармен бірлесіп тұрмыстық техника құрастыру, титан слябтары мен конфеттер жасау жүзеге асырылады.

Осы фактілер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуеті туралы куәландырады. Барынша перспективалы бағыттар ретінде: машина жасауды, ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды; мұнай химиясын (газ химиясын, агрохимияны); тамақ өнеркәсібін (қайта өңдеу, қаптау); медицинаны (фармацевтикалық өнеркәсіпті); металлургияны (металл өңдеуді); ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және т.б. атауға болады.

Көрсетілген барлық бағыттар бойынша Кореяның жеке меншік компанияларымен, мемлекеттік органдарымен және институттарымен белсенді өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісімде (Астана қ., 19.06.2014) белгіленген визасыз режим және Алматы, Нұр-Сұлтан және Сеул арасындағы тікелей әуе қатынасы белсенді іскерлік алмасудың маңызды факторы болып табылады.

* * *

2019 жылғы 21-23 сәуірде болып өткен Корея Президенті Мун Чже Иннің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі жақты саяси және экономикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін берді. Кореяның Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастығының айтарлықтай жанданғанына қарамастан, Қазақстан өзара сауда мен инвестициялардың көрсеткіштері бойынша өзінің өңірлік көшбасшылық мәртебесін тағы бір рет растады. Сапар шеңберінде жалпы сомасы 3,2 млрд. доллар болатын 7 ведомствоаралық және 30 астам коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Қол қойылған құжаттардың арасында мыналар бар:

-Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және АКТ министрлігі арасындағы 4-ші өнеркәсіптік революция бойынша меморандум;

-ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және АКТ министрлігі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірігіп зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

-Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және АКТ министрлігі арасында бірлескен Халықаралық ІТ орталығын құру бойынша ниет туралы хаттама.

Бұл құжаттар екі елдің арасындағы технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызмет ететін болады.

Сондай-ақ сапар барысында қол қойылған тұрғын үй кешендері мен қоғамдық парктер салу, жылыжай жабдықтарын жасау, тік осьтегі жел турбиналарын жасау, инфрақұрылымдық жобалар (жолдар, көпірлер), күн электр станциясын, қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу, заманауи медициналық мекемелер мен диагностикалық зертханалар ашу, 4-ші өнеркәсіптік революция үшін кадрлар даярлау және т.б. сияқты бірқатар коммерциялық жобаларды атап өтуге болады.

Санамаланған барлық объектілер Оңтүстік Кореяның қаржылық және/немесе технологиялық қатысуымен жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі кезде Қазақстан мен Кореяның арасында машина жасау саласындағы тығыз ынтымақтастық жолға қойылуда, оның негізгі бағыттары тұрмыстық және электрондық техника өндіру және автомобиль жасау болып табылады. Бізде «LG Electronics», «Hyundai», «KIA» және тағы басқа компаниялармен ынтымақтастықтың жарқын мысалдары бар. «SK E&C», «Dongil-HighVill», «Kolon World Investment» және басқа да мұнай-химия, көлік және құрылыс салаларында сәтті жобалар іске асырылуда.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кездесуі.

Нұр-Сұлтан қ., 2019 жылғы 22 сәуір

Сондай-ақ мемлекеттік сапар барысында Алматы қаласында жаңа автомобиль зауыты құрылысының негізі қаланды. Жыл сайын «Hyundai Motor Company» өнімінің 30-45 мың бірлігін шығару жоспарлануда. Экспортқа бағдарланған жаңа өндіріс елдер арасындағы өзара берік қатынастардың тағы бір нышанына айналады және ҚР автомобиль өнеркәсібінің технологиялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік сапардың барысында қабылданған Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының жаңа экономикалық ынтымақтастығының «Самал жел» бағдарламасының одан арғы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық үшін ерекше маңызы бар, онда өнеркәсіп, жаңа технологиялар, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым құрылысы, медицина және т.б. салаларындағы ынтымақтастықты дамыту және ондағы жобаларды іске асыру көзделеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты үлкен интеграцияны қамтамасыз ету және технологиялық және ғылыми әлеуетті біріктіруден туындайтын синергетикалық тиімділікке қол жеткізу болып табылады.

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, осы заманғы жедел жаһандану үстіндегі әлемде мемлекет пен бизнестің сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастығының баламасының жоқ екенін атап өту қажет деп ойлаймын. Инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік дамудың өскелең қажеттіліктерін қанағаттандыру елеулі қаржы ресурстарын тартуды талап етеді, ал ғылым мен заманауи технологияларға сүйенбей тұрақты экономикалық жаңғыртуды, инновациялық және технологиялық модельге көшуді, АКТ енгізуді қамтамасыз ету мүмкін емес.

Осы тұрғыдан алғанда, технологиялық және инвестициялық әлеуетті иеленетін елдермен ынтымақтастық ерекше практикалық маңызға ие болады және айқын әрі ойластырылған тәсілдемені талап етеді. Қазіргі Қазақстан-Корея қатынастарының динамикасын соңғы жылдары қалыптастырылған бірлескен жобалардағы сауда-экономикалық әлеуеттің сәтті трансформациясы ерекшелендіреді. Нұр-Сұлтан мен Сеулдің өзара іс-қимылы табысты және өзара тиімді ынтымақтастық мысалдарының бірі болып табылады.

______________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Бақыт Дүйсенбаев – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

1993 жылы В.М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Тарихшы» мамандығы бойынша бітірді. 1996 жылы РФ СІМ Дипломатиялық академиясын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірді.

ҚР СІМ жүйесінде 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Дипломатиялық қызметтегі жұмыстың жиырма алты жылы ішінде ҚР СІМ референтінен бастап Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісіне дейінгі жолдан өтті.

Қосылған : 13.06.2019, 11:40, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:40