«Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу жөніндегі құжаттарды ресiмдеуі»

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы «11» қаңтардағы
№ 6 қаулысымен
бекітілген

«Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу жөніндегі құжаттарды ресiмдеуі» мемлекеттік қызмет стандарты
 
1. Жалпы ережелер

1. «Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу жөніндегі құжаттарды ресiмдеуі» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдердегі мекемелер) ұсынады.
2. Ұсынылатын мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған. 3. Мемлекеттік қызмет «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының 31-бабына; Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 
27 қыркүйектегі № 217 Жарлығымен бекітілген Консулдық жарғының 40 тармағына; Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 10 қазандағы № 198 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережеге; «Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелеріне қатысты құжаттарды ресiмдеуi жөніндегі нұсқаулығын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрінің 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 08-1-1-1/13 бұйрығына сәйкес ұсынылады.
4. Мемлекеттік қызмет және қажетті құжаттар туралы ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру бланкілерінің үлгілері осы стандартқа 
1-қосымшада көрсетілген шетелдердегі мекемелердің интернет-ресурстарында және ақпараттық стенділерінде орналастырылады. 
5. Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққандығы туралы анықтаманы (қағаз тасығышта) беру (бұдан әрі – анықтаманы беру) немесе анықтаманы беруден бас тарту туралы дәлелді жауап ұсынылатын мемлекеттiк қызметтiң нәтижесі болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарына (бұдан әрі – мемлекеттік қызметті алушы) көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызметті ұсынудың мерзімдері:
1) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды мемлекеттік қызметті алушының тапсырған сәтінен бастап – алты айдан артық емес;
2) мемлекеттік қызметті ұсыну үшін қажеттi құжаттарды өткізу кезiнде мемлекеттік қызметті алушының кезек күтуiнің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – бір сағаттан артық емес.
3) құжатты беру кезiнде мемлекеттік қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – он минуттан артық емес.
8. Мемлекеттiк қызмет ақылы негізде көрсетіледі, оны көрсету үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексімен белгіленген тәртіппен консулдық алым алынады.
9. Мемлекеттiк қызмет аптаның төрт жұмыс күнінде (сәрсенбі, демалыс және мереке күндерін қоспағанда) ұсынылады. Құжаттарды қабылдау сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін, ал құжаттарды беру 16.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады. Қабылдау кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік қызмет ұсынылатын үй-жай шетелдегі мекеменің ғимаратында немесе бөлек тұрған ғимаратта орналасады.
Күту залы, құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгілері бар стендiлермен жарақталады.

2. Мемлекеттiк қызметті ұсыну тәртiбi

11. Мемлекеттік қызметті алу үшін мынадай құжаттарды (пошта арқылы құжаттар қабылдау жүзеге асырылмайды):
1) осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
2) өмірбаян;
3) өлшемі 3,5х4,5 см үш түрлі түсті фотосурет;
4) балалардың туу туралы куәліктері (түпнұсқасы және көшірмесі);
5) неке қию туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);
6) консулдық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат (түпнұсқасы) ұсыну қажет.
Мемлекеттік қызметті алушының Қазақстан Республикасында зайыбы (жұбайы) немесе оның асырауындағы адамдары болған жағдайда, ол сол адамдардың мемлекеттік қызметті алушыға материалдық немесе басқа да талаптарының жоқтығы туралы нотариалды куәландырған өтініштерін тапсырады.
12. Бланкілерді (сауалнама-өтініштер) шетелдердегі мекемелердің қызметкерлері береді, сонымен бірге Министрліктің www.mfa.kz интернет-ресурсындағы «Консулдық мәселелер» бөлімінде және осы стандартқа 
1-қосымшаға сәйкес шетелдердегі мекемелердің интернет-ресурстарында орналастырылады.
13. Осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттар осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерге өткізіледі.
14. Мемлекеттік қызметті алушыға осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген барлық қажетті құжаттарды консулдық лауазымды тұлғаға өткізгендігін растайтын, осы стандартқа 3-қосымшаға сәйкес талон беріледі. 
15. Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу мәселесі бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік қызметті алушыны консулдық лауазымды тұлға телефон арқылы немесе жеке қабылдауда хабардар етеді.
16. Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығудан, егер бұл туралы қолдаухат берген адамның Қазақстан Республикасының алдында орындалмаған міндеттемелері немесе азаматтардың немесе Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделеріне байланысты мүліктік міндеттемелері болса, бас тартылады.
Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға, егер бұл туралы қолдаухат берген адам айыпталушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылса не соттың күшіне енген үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе немесе бұл адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келсе, жол берілмейді.
Бұдан басқа, мемлекеттік қызметті алушыға мемлекеттік қызметті ұсыну осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес пакеті ұсынылған, құжаттарды өткізу кезінде толық емес және/немесе анық емес мәліметтер ұсынылған, консулдық алым төленбеген жағдайларда бас тартылады.

3. Жұмыс қағидаттары

17. Шетелдердегі мекемелердің қызметі сыпайылық, толық ақпарат беру, құжаттардың сақталуын, мемлекеттік қызметті алушы туралы ақпараттың қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаттарында жүзеге асырылады.

4. Жұмыс нәтижелері

18. Шетелдердегі мекемелердің жұмыс нәтижелері осы стандартқа 4-қосымшаға сәйкес сапа және тиімділік көрсеткiштерiмен өлшенедi.
19. Шетелдердегі мекемелердің жұмысы бағаланатын мемлекеттiк қызметтердiң сапасы және тиімділігі көрсеткiштерiнiң нысаналы мәндерi Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) бекiтіледi.


5. Шағымдану тәртiбi

20. Мемлекеттiк қызмет ұсынудың нәтижелеріне шағымдану тәртібін түсіндіру бойынша ақпаратты мемлекеттік қызметті алушы осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерде ала алады.
21. Көрсетілген мемлекеттiк қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік қызметті алушы шағымды жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері мен мереке күндерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің атына мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, 31 ғимарат, телефон (7172) 72-05-18, факс: 8 (7172) 72-05-16, электрондық пошта: midrk@mfa.kz береді.
22. Дөрекі қызмет көрсетілген жағдайларда шағым осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша мемлекеттік қызметті ұсынған шетелдегі мекеме басшысының атына жазылады.
23. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда мемлекеттік қызметті алушының заңнамада белгіленген тәртіппен сот органдарына жүгінуге құқығы бар. 
24. Шағым еркін нысанда жасалған жазбаша түрде пошта не Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесі арқылы қолма-қол қабылданады.
Шағымда мемлекеттік қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы және қолы қойылады. Шағымды беру кезінде іс-әрекеті шағымдалатын шетелдегі мекеменің атауы немесе лауазымды тұлға туралы, шағымдану себептері мен талаптар көрсетіледі. 
25. Қабылданған шағым Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесінде тіркеледі. Өтініштің/арыздың күні мен уақыты, оны қабылдаған адамның тегі, аты-жөні, сондай-ақ берілген шағымға алынатын жауаптың мерзімі мен орны және шағымды қарау барысы туралы білуге болатын лауазымды тұлғалардың байланыс деректері көрсетілген осы стандартқа 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берілген талон шағымның қабылданғанын растайтын құжат болып табылады. 
Шағым «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қаралады.
26. Мемлекеттiк қызмет туралы қосымша ақпаратты осы стандартқа 
1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерден алуға болады.

1-қосымша

2-қосымша

3-қосымша

4-қосымша

5-қосымша

Қосылған : 20.11.2013, 16:06, Өзгертілген : 30.04.2014, 01:55