«Қазақстан Республикасының шетелдердегі азаматтарының азаматтық хал актілерін тіркеу»

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің
2013 жылғы «11» қаңтардағы
№ 6 қаулысымен
бекітілген


«Қазақстан Республикасының шетелдердегі азаматтарының азаматтық хал актілерін тіркеу» мемлекеттік қызмет стандарты
 
1. Жалпы ережелер

1. «Қазақстан Республикасының шетелдердегі азаматтарының азаматтық хал актілерін тіркеу» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдердегі мекемелер) ұсынады. 
2. Ұсынылатын мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 195, 229, 244, 246, 279-баптарына; Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысының 42-тармағына; «Азаматтық хал актілерін тіркеу кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалардың негізінде берілетін куәліктердің нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 сәуірдегі № 498 қаулысына сәйкес ұсынылады.
4. Мемлекеттік қызмет және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру бланкілерінің үлгілері осы стандартқа 
1-қосымшада көрсетілген шетелдердегі мекемелердің интернет- ресурстарында және ақпараттық стенділерінде орналастырылады. 
5. Қазақстан Республикасының азаматтарына азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер (бұдан әрі – куәлік) беру немесе куәлік беруден бас тарту туралы дәлелді жауап ұсынылатын мемлекеттiк қызметтiң нәтижесі болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға (бұдан әрі – мемлекеттік қызметті алушы) ұсынылады.
7. Мемлекеттiк қызметтi ұсынудың мерзiмдерi: 
1) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды мемлекеттік қызметті алушының тапсырған сәтінен бастап – бес жұмыс күнінен артық емес;
2) мемлекеттiк қызметті ұсыну үшін қажеттi құжаттарды өткізу кезiнде мемлекеттік қызметті алушының кезек күтуiнің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – бір сағаттан артық емес;
3) куәлікті беру кезiнде мемлекеттік қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – он минуттан артық емес.
8. Мемлекеттiк қызмет ақылы негізде көрсетіледі, оны көрсету үшін Қазақстан Республикасының Салық Кодексімен белгіленген тәртіппен консулдық алым алынады.
9. Мемлекеттiк қызмет аптаның төрт жұмыс күнінде (сәрсенбі, демалыс және мереке күндерін қоспағанда) ұсынылады. Құжаттарды қабылдау сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін, ал құжаттарды беру сағат 16.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады. Қабылдау кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік қызмет ұсынылатын үй-жай шетелдегі мекеменің ғимаратында немесе бөлек тұрған ғимаратта орналасады.
Күту залы, құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгілері бар стендiлермен жарақталады.

2. Мемлекеттiк қызметтi ұсыну тәртiбi

11. Мемлекеттік қызметті алу үшін мынадай құжаттарды (пошта арқылы құжаттар қабылдау жүзеге асырылмайды):
1) баланың тууын тіркеу үшін екі ай ішінде, ал өлі бала туған жағдайда – туған сәтінен бастап бес тәуліктен кешіктірмей:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат;
ата-анасының неке қию туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі) немесе некеде тұрмаған анасының өтініші;
баланың туғаны туралы емдеу мекемесінің анықтамасы (түпнұсқа);
мемлекеттік қызметті алушының мүдделеріне өкілдік ететін жеке тұлғаның атына нотариалды куәландырылған сенімхат (түпнұсқасы);
сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқа) ұсыну қажет.
Неке-отбасы заңнамасында белгіленген тіркеу мерзімі бұзылған жағдайда мынадай құжаттар қосымша ұсынылады:
ата-анасының еркін нысандағы жазбаша түсініктемесі;
баланың туған жері бойынша туу туралы актілік жазбаның болмауы туралы уәкілетті органның берген анықтамасы;
баланың денсаулығы туралы оның тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органмен берілген медициналық құжат;
2) ата-анасының бірлескен өтініші бойынша әкелікті анықтауды тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
баланың туу туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі);
ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттар (түпнұсқасы және көшірмесі);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
3) сот шешімінің негізінде әкелікті анықтауды тіркеу кезінде:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушының немесе оның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат;
әкелікті анықтау туралы сот шешімінің уәкілетті орган куәландырған көшірмесі,
баланың туу туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі);
мемлекеттік қызметті алушының мүдделеріне өкілдік ететін жеке тұлғаның атына нотариалды куәландырылған сенімхат (түпнұсқасы);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
4) бала асырап алуды тіркеу үшін:
бала асырап алушылардың еркін нысандағы өтініші;
бала асырап алушылардың жеке басын куәландыратын құжаттар (түпнұсқасы және көшірмесі);
бала асырап алу туралы сот шешімінің уәкілетті орган куәландырған көшірмесі;
баланың туу туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі);
бала асырап алушылардың неке қию туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
5) неке қиюды тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
некеге тұратын адамдардың жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқасы және көшірмесі);
некеге тұратын адамдардың құқықтық қабілеттілігі туралы уәкілетті органдар беретін анықтамалар;
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы).
Заңнамада белгіленген мерзімді қысқарту немесе ұзарту қажет болған кезде қосымша растайтын құжат ұсынылады.
Егер неке жасына толмаған адамдар некеге тұрса, некеге тұратын адамдардың заңды өкілдерінің келісімдері қосымша ұсынылады;
6) сот шешімінің негізінде некені бұзуды тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушылардың жеке басын куәландыратын құжаттар (түпнұсқасы және көшірмесі);
некені бұзу жөніндегі сот шешімінің уәкілетті орган куәландырған көшірмесі;
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
7) кәмелеттік жасқа толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың ортақ келісімі бойынша некені бұзуды тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушылардың жеке басын куәландыратын құжаттар (түпнұсқасы және көшірмесі);
неке қию туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
8) белгіленген тәртіппен сот шешімінің негізінде хабар-ошарсыз кеткен, жүйке ауруынан немесе ақыл-есiнiң кемдiгiнен әрекетке қабілетсіз деп танылған не қылмыс жасағаны үшiн үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некені бұзуды тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (тұпнұсқасы және көшірмесі);
сот шешімі немесе сот үкімінің уәкілетті орган куәландырған көшірмесі;
неке қию туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
9) атын, әкесінің атын және тегін өзгертуді тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушының туу туралы куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі);
егер мемлекеттік қызметті алушы некеде тұрса, неке қию туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);
егер мемлекеттік қызметті алушының кәмелеттік жасқа толмаған балалары болса, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері (түпнұсқасы және көшірмесі);
егер азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде тіркелсе, бала асырап алу туралы куәлік немесе әкелікті анықтау туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);
егер мемлекеттік қызметті алушы некенің бұзылуына байланысты өзіне некеге дейінгі тегін беру туралы өтініш жасаса, неке бұзу туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі);
өлшемі 3х4 см екі түрлі түсті фотосурет;
мемлекеттік қызметті алушының атын, әкесінің атын және тегін өзгерту себептерін түсіндіре отырып, өз қолымен жазылған толық өмірбаяны;
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі (әскери қызметкерлерге – жеке басын куәландыратын құжат, ал он алты жасқа толған, бірақ паспорт алмағандарға – туу туралы куәлік);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы);
10) қайтыс болуды тіркеу үшін:
еркін нысандағы өтініш;
қайтыс болу фактісін растайтын құжат (түпнұсқасы);
мемлекеттік қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқасы және көшірмесі);
консулдық алымның бюджетке төленгендігін растайтын құжат (түпнұсқасы).
Қолданыстағы неке-отбасы заңнамасына сәйкес, қайтыс болу туралы куәлік қайтыс болған адамның мұрагерлер тізіміне енетін адамдарға ғана беріледі.
Консулдық лауазымды тұлға болу мемлекетінде тұрақты тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдарында азаматтық хал актілерін тіркеген, шетелдік азаматтардан және азаматтығы жоқ тұлғалардан азаматтық хал актілері жазбасына өзгертулер, толықтырулар және түзетулер енгізу туралы өтініштерді қабылдайды.
Консулдық лауазымды тұлға болу мемлекетінде тұрақты тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарынан, сондай-ақ азаматтық хал актілерін жазу органдарында азаматтық хал актілерін тіркеген, шетелдік азаматтардан және азаматтығы жоқ тұлғалардан жоғалған азаматтық хал актілерін қалпына келтіру және азаматтық хал актілерін жою туралы өтініштерді қабылдайды. 
12. Бланкілер (өтініш-сауалнама) берілмейді.
13. Осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттар, осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерге өткізіледі.
14. Мемлекеттік қызметті алушыға осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген барлық қажетті құжаттарды консулдық лауазымды тұлғаға өткізгенін растайтын, осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес талон беріледі.
15. Азаматтық хал актілерді тіркеу мәселесі бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік қызметті алушыны консулдық лауазымды тұлға телефон арқылы немесе жеке қабылдауда хабардар етеді.
16. Мемлекеттік қызметті алушыға мемлекеттік қызметті ұсыну мынадай жағдайларда:
1) құжаттарды өткізу кезінде толық емес және/немесе анық емес мәліметтерді ұсынса;
2) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес пакеті ұсынылса;
3) консулдық алым төленбесе бас тартылады.

3. Жұмыс қағидаттары

17. Шетелдердегі мекемелердің қызметі сыпайылық, толық ақпарат беру, құжаттардың сақталуын, мемлекеттік қызметті алушы туралы ақпараттың қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаттарында жүзеге асырылады.

4. Жұмыс нәтижелері

18. Шетелдердегі мекемелердің жұмыс нәтижелері осы стандартқа 3-қосымшаға сәйкес сапа және тиімділік көрсеткiштерiмен өлшенедi.
19. Шетелдердегі мекемелердің жұмысы бағаланатын мемлекеттiк қызметтердiң сапасы және тиімділігі көрсеткiштерiнiң нысаналы мәндерi Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) бекiтіледi.

5. Шағымдану тәртiбi

20. Мемлекеттiк қызмет ұсынудың нәтижелеріне шағымдану тәртібін түсіндіру бойынша ақпаратты мемлекеттік қызметті алушы осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерден ала алады.
21. Ұсынылған мемлекеттiк қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік қызметті алушы шағымды жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері мен мереке күндерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің атына мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, 31-ғимарат, телефон (7172) 72-05-18, факс: 8 (7172) 72-05-16, электрондық пошта: midrk@mfa.kz береді.
22. Дөрекі қызмет көрсетілген жағдайларда шағым осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша мемлекеттік қызметті ұсынған шетелдегі мекеме басшысының атына жазылады.
23. Ұсынылған мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайларда мемлекеттік қызметті алушының заңнамада белгіленген тәртіппен сот органдарына жүгінуге құқығы бар. 
24. Шағым еркін нысанда жасалған жазбаша түрде пошта не Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесі арқылы қолма-қол қабылданады.
Шағымда мемлекеттік қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы және қолы қойылады. Шағымды беру кезінде іс-әрекеті шағымдалатын шетелдегі мекеменің атауы немесе лауазымды тұлға, шағымдану себептері мен талаптар көрсетіледі. 
25. Қабылданған шағым Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесінде тіркеледі. Өтініштің/арыздың күні мен уақыты, қабылдаған адамның тегі, аты-жөні, сондай-ақ берілген шағымға алынатын жауаптың мерзімі мен орны және шағымды қарау барысы туралы білуге болатын лауазымды тұлғалардың байланыс деректері көрсетілген осы стандартқа 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берілген талон шағымның қабылданғанын растайтын құжат болып табылады. 
Шағым «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қаралады.
26. Мемлекеттiк қызмет туралы қосымша ақпаратты осы стандартқа 
1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерден алуға болады.

1-қосымша

2-қосымша

3-қосымша

4-қосымша

Қосылған : 22.11.2013, 10:10, Өзгертілген : 22.11.2013, 10:17