«Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе басқа құжатты жасау немесе куәландыру»

 Қазақстан Республикасы

Үкіметінің
2013 жылғы «11» қаңтардағы
№ 6 қаулысымен
бекітілген


«Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе басқа құжатты жасау немесе куәландыру» мемлекеттік қызмет стандарты
 
1. Жалпы ережелер

1. «Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе басқа құжатты жасау немесе куәландыру» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдердегі мекемелер) ұсынады.
2. Ұсынылатын мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысының 68-тармағына сәйкес ұсынылады.
4. Мемлекеттiк қызмет және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру бланкілерінің үлгілері осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген шетелдердегі мекемелердің интернет-ресурстарында және ақпараттық стенділерінде орналастырылады.
5. Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны және басқа да құжаттарды толтыру немесе куәландыру, немесе кемелерге қатысты құжаттарды толтыру немесе куәландырудан бас тарту туралы дәлелді жауап ұсынылатын мемлекеттік қызметтің нәтижесі болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – мемлекеттік қызметті алушы) ұсынылады.
7. Мемлекеттік қызметті ұсынудың мерзімдері:
1) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды мемлекеттік қызметті алушының тапсырған сәтінен бастап мемлекеттік қызметті ұсынудың мерзімі – бес жұмыс күнінен артық емес;
2) мемлекеттік қызметті ұсыну үшін қажетті құжаттарды өткізу кезінде мемлекеттік қызметті алушының кезек күтуінің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – бір сағаттан артық емес;
3) құжатты беру кезінде мемлекеттік қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – он минуттан артық емес.
8. Мемлекеттiк қызмет ақылы негізде көрсетіледі, оны көрсету үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексімен белгіленген тәртіппен консулдық алым алынады.
9. Мемлекеттiк қызмет аптаның төрт жұмыс күнінде (сәрсенбі, демалыс және мереке күндерін қоспағанда) ұсынылады. Құжаттарды қабылдау сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін, ал құжаттарды беру сағат 16.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады. Қабылдау кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік қызмет ұсынылатын үй-жай шетелдегі мекеменің ғимаратында немесе бөлек тұрған ғимаратта орналасады.
Күту залы, құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгiлерi бар стендiлермен жарақталады.

2. Мемлекеттiк қызметті ұсыну тәртiбi

11. Мемлекеттік қызметті алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет (пошта арқылы құжаттар қабылдау жүзеге асырылмайды):
1) жеке тұлғалар үшін:
еркін нысандағы өтініш;
мемлекеттік қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқасы және көшірмесі);
кемеге меншік құқығын растайтын құжат;
мемлекеттік қызметті алушының мүдделеріне өкілдік ететінін растайтын құжат;
консулдық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат (түпнұсқасы);
2) заңды тұлғалар үшін:
еркін нысандағы өтініш (мемлекеттік қызметті алушының сенімді өкілімен беріледі);
кемеге меншік құқығын растайтын құжат;
мемлекеттік қызметті алушының мүдделеріне өкілдік ететін тұлғаның атына сенімхат (түпнұсқасы);
консулдық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат (түпнұсқасы).
Қажетті құжаттарды алған кезде консулдық лауазымды тұлға құжаттарды есепке алу журналына осы стандартқа 2-қосымшадағы нысан бойынша тиісті жазба енгiзедi. Консулдық мөртабанды қою туралы әрбiр жазба тiркеу нөмiрiмен сәйкестендiрiледi. Мұндай нөмiр құжаттарды қабылдау кезiнде берiледi және қабылданған құжаттардың кiрiс нөмiрiмен сәйкес келедi. 
12. Бланкілер (өтініш-сауалнама) берілмейді. 
13. Осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттар осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерге өткізіледі.
14. Мемлекеттік қызметті алушыға осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген барлық қажетті құжаттарды консулдық лауазымды тұлғаға өткізгенін растайтын, осы стандартқа 3-қосымшаға сәйкес талон беріледі.
15. Кемелерге қатысты кез келген декларацияны немесе басқа құжатты жасау немесе куәландыру мәселесі бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік қызметті алушыны консулдық лауазымды тұлға телефон арқылы немесе жеке қабылдауда хабардар етеді.
16. Мемлекеттік қызметті алушыға мемлекеттік қызметті ұсыну мынадай жағдайларда:
1) құжаттарды өткізу кезінде толық емес және/немесе анық емес мәліметтерді ұсынса;
2) осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес пакеті ұсынылса;
3) консулдық алым төленбесе бас тартылады.

3. Жұмыс қағидаттары

17. Шетелдердегі мекемелердің қызметі сыпайылық, толық ақпарат беру, құжаттардың сақталуын, мемлекеттік қызметті алушы туралы ақпараттың қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаттарында жүзеге асырылады.

4. Жұмыс нәтижелері

18. Шетелдердегі мекемелердің жұмыс нәтижелері осы стандартқа 4-қосымшаға сәйкес сапа және тиімділік көрсеткiштерiмен өлшенедi.
19. Шетелдердегі мекемелердің жұмысы бағаланатын мемлекеттiк қызметтердiң сапасы және тиімділігі көрсеткiштерiнiң нысаналы мәндерi Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) бекiтіледi.


5. Шағымдану тәртiбi

20. Мемлекеттiк қызмет ұсынудың нәтижелеріне шағымдану тәртібін түсіндіру бойынша ақпаратты мемлекеттік қызметті алушы осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерден ала алады.
21. Ұсынылған мемлекеттiк қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік қызметті алушы шағымды жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері мен мереке күндерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің атына мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, 31-ғимарат, телефон (7172) 72-05-18, факс: 8 (7172) 72-05-16, электрондық пошта: midrk@mfa.kz береді.
22. Дөрекі қызмет көрсетілген жағдайларда шағым осы стандартқа 1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша мемлекеттік қызметті ұсынған шетелдегі мекеме басшысының атына жазылады.
23. Ұсынылған мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайларда мемлекеттік қызметті алушының заңнамада белгіленген тәртіппен сот органдарына жүгінуге құқығы бар. 
24. Шағым еркін нысанда жасалған жазбаша түрде пошта не Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесі арқылы қолма-қол қабылданады.
Шағымда мемлекеттік қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы және қолы қойылады. Шағымды беру кезінде іс-әрекеті шағымдалатын шетелдегі мекеменің атауы немесе лауазымды тұлға, шағымдану себептері мен талаптар көрсетіледі. 
25. Қабылданған шағым Сыртқы істер министрлігінің немесе шетелдегі мекеменің кеңсесінде тіркеледі. Өтініштің/арыздың күні мен уақыты, қабылдаған адамның тегі, аты-жөні, сондай-ақ берілген шағымға алынатын жауаптың мерзімі мен орны және шағымды қарау барысы туралы білуге болатын лауазымды тұлғалардың байланыс деректері көрсетілген осы стандартқа 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берілген талон шағымның қабылданғанын растайтын құжат болып табылады. 
Шағым «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қаралады.
26. Мемлекеттiк қызмет туралы қосымша ақпаратты осы стандартқа 
1-қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша шетелдердегі мекемелерден алуға болады.

1-қосымша

2-қосымша

3-қосымша

4-қосымша

5-қосымша

Қосылған : 22.11.2013, 11:42, Өзгертілген : 22.11.2013, 12:05