Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2015 жылғы 12 ақпан күні Минск қаласында өткен «Норманд төрттігі» көшбасшыларының келіссөздері қорытындыларына қатысты Мәлімдемесі

Қазақстан үстіміздегі жылы 11 және 12 ақпан күндері Минск қаласында орын алған Ресей, Украина, Франция Президенттері мен Германия Канцлерінің «нормандтық форматтағы» келіссөздерінің нәтижелерін және Байланыс тобының Минск уағдаластықтарын жүзеге асыру туралы шаралар Кешеніне қол қоюын құптайды. Біз барлық тараптардың бейбіт үдерісті қамтамасыз ету үшін жұмсаған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Белорус тарапының табысты келіссөздер үшін қолайлы жағдайды жақсы ұйымдастыруын атап өтеміз.

Тараптарды Украинаның оңтүстік-шығысында оқ жаудыруды тез арада тоқтатуға, елдегі дағдарысты тұрақты әрі жан-жақты реттеуге бағытталған уағдаластықтарды толығымен орындауға шақырамыз.

Қол жеткізілген өзара сенім деңгейі Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық Одақ арасында сенімді диалог пен өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына алғышарттар мен қолайлы жағдай туғызуға септігін тигізеді деп сенеміз.

Қосылған : 12.02.2015, 21:10, Өзгертілген : 12.02.2015, 21:10