Астана Индонезиямен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына зор мән береді

ЖАКАРТА, 2018 жылғы 5 сәуір – 5-6 сәуір аралығында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің Ассоциациясы елдеріне жұмыс сапары шеңберінде Индонезияға сапармен келді.

Сапар барысында А. Камалдинов Индонезияның Сыртқы істер министрі Ретно Марсудимен кездесіп, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымдары аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуына қанағаттанғандық білдірді. Бұған Индонезияның Вице-президенті Юсуф Калланың 2017 жылғы 8-12 қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ бірінші Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурызда Жакартаға жасаған сапары дәлел болып табылады.

Қазақстандық дипломат Астана Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі болып табылатын Индонезиямен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына зор мән беретінін атап өтті.

А. Камалдинов Қазақстан тарапы биыл қазан айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезіне дүниежүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет Индонезияның қатысуы мәселесіне ерекше назар аударатынын атап өтті.

Индонезия сыртқы саяси ведомствосының басшысы Индонезия Президентін Съезге қатысуға шақырғаны үшін алғысын білдіріп, өз кезегінде Қазақстанды Индонезияның 2019-2020 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдауды сұрады.

Сұхбат соңында А. Камалдинов Р. Марсудиге мазмұнды, әрі сенімді келіссөздер үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдірді.

Қосылған : 6.04.2018, 15:00, Өзгертілген : 6.04.2018, 15:00