«ASTANA MUSICAL» театрының әртістері Францияда халықтың қошеметіне бөленді

Ү.ж. 3-4 желтоқсан күндері «Astana Musical» театрының әртістері Еуропадағы гастролдік турне аясында, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі мен Қазақстан елшілігі қолдауымен Париж жəне Канны қалаларында «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін көрермен назарына ұсынды.

Əуезді əн-күйлерімен қатар, Еуропа жұртшылығы қазақ халқының бай мəдениетімен танысуға мүмкіндік алды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Евгений Брусиловскийдің музыкалық мұрасы мен Ғабит Мүсіреповтің либреттосын өз режиссерлік нұсқасында сахналады.

Сонымен қатар, қойылым барысында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Музыкалық номерлерді ансамблге лайықтап өңдеген Бауыржан Ақтаев. 3 желтоқсанда Париждегі тарихы терең беделді өнер ошақтарының бірі - «Трианон» театрында қазақ әртістерінің өнер көрсетуі халықтың жоғары бағасына ие болды.

Құрметті қонақтар арасында жергілікті кәсіпкерлер және зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, сондай-ақ Парижде тіркелген дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдардың өкілдері бой көрсетті.

Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев гастролдік сапардың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, театр гастролі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында өтіп жатқанын атап өтті. «Қазақ халқы қашанда өзінің бай мәдени мұрасымен әмбеге аян» жаңа дәуірде біздің ержүрек халқымыздың ғасырлық мәдениеті мен дәстүрлері жаңа мазмұнмен байытылды. Мұндай шаралар халықтарды жақындастыруға, достық пен бауырластық байланыстарын нығайтуға, осы бағыттағы халықаралық байланыстардың өсуіне ықпал етеді», - деді елші. «Соңғы жылдары Қазақстан аймақтық және жаһандық деңгейде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және дамуды нығайтуға бағытталған белсенді дипломатия мен бастамалардың арқасында әлемдік аренада өзін-өзі дәлелдеді.

Қазақ халқының бай мәдениеті біздің жүрегіміздің өзіндік орнын алған. Осындай әдемі рухани ләззат сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін деді профессор, академиялық пальм орденінің иегері, Қазақстанның бейбітшілік және рухани келісім лауреаты Альбер Фишлер.

«Біз қазақ халқының бай мұрасын өзге қырынан көре алдық», - деді ЮНЕСКОның өкілдері.

«Біз өзіміздің туған жерімізде болып қайтқандай әсерге бөлендік. Қазақ халқының бай өнерін көрдік. Ұлттық аспаптармен сүйемелденіп әртістердің жанды дауыста өнер көрсетуі Еуропа жұртшылығын тамсандырды"-деді Франциядағы қазақ диаспорасының төрағасы Мұстафа Услужан.

«Басты рольдерді ойнаған жас актерлер өзінің вокалдық және кәсіби шеберлігімен тәнті етті. Аталмыш қойылымның режиссеріне шығармашылық табыс және сарқылмас шабыт тілейміз деді Украинаның Франциядағы құрметті консулы Марк Ивасильевич.

4-желтоқсанда мюзикл артистері өнерін Канны қаласының ең әдемі залы «Theatre Croisette»-те өнерлерін көрсетті. Қойылым қонақтары Канны қалалық әкімдігінің, Канн кинофестивалінің, «Les saisons russes», компаниясының өкілдері мен француз кинотанушылары, сондай-ақ қаланың мәдениет саласының өкілдері болды.

«Мен сіздердің бай мәдениеттеріңізге таң қалдым! Актерлердің ғажайып ойыны, дауыстарының мықтылығы, керемет режиссерлік шешім және костюмдері көрермендерге ұмытылмас сезім сыйлады. Біз сіздерді өзіміздің қаламызда қайта көруге қуаныштымыз», - деді халықаралық Канн фестивальдерінің президенті Клэр-Анн Рэкс.

«Музыкалық қойылым өзінің заманауи фольклорлық интерпретациясымен ерекше», - деп кино сыншылар атап өтті.

Астаналық театрдың Еуро туры Париждегі «Қорқыт» қазақ мәдени орталығының негізін қалаушылары Әйгерім Ерсаинова мен Әйгерім Матаеваның қолдауымен өтіп жатыр, және Брюссель, Вена, Мәскеу қалаларында жалғаспақ.

Қосылған : 4.12.2017, 12:40, Өзгертілген : 4.12.2017, 12:40