Қазақстан Елшісі Пәкістан Президентімен кездесті

ИСЛАМАБАД, 2019 жылғы 10 сәуір – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Барлыбай Садықов Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Ариф Алви мырзамен кездесті.

Кездесу барысында Пәкістан басшысына жоғары саяси биліктің ауысуына орай Қазақстанда өтіп жатқан құбылыстардың мән-жайы жеткізілді. Осы орайда ҚР Пәкістандағы Елшісі Б.Садықов қағидаттары мен негіздерін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған Қазақстан сыртқы саясатының сипаты ешбір өзгерістерге ұшырамайтынын ерекше атап өтті.

Әңгіме барысында сонымен қатар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықтың жалпы ахуалы және оның одан әрі даму жолдары талқыға салынды. Атап айтқанда, Б.Садықов Қазақстан Елшілігінің Пәкістан тарапымен біріге отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуды көздеген жоспарларына Пәкістан Президентінің назарын аударды.

Өз кезегінде Пәкістан Президенті А.Алви Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың көрнекті рөлін және оның Қазақстан-Пәкістан қатынастарының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Осы орайда Пәкістан басшысы өз елінің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастық құруға ниеті ашық екеніне ерекше көңіл аударды.

Кездесудің соңында Пәкістан Президенті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалынды сәлемін және оны Пәкістанға сапармен келуге шақыруын жеткізуді өтінді.

Қосылған : 10.04.2019, 12:00, Өзгертілген : 10.04.2019, 12:05