Амангелді Әубәкіров. Қазақстан жолы: ядролық қарусызданудан БҰҰ бітімгерлік миссиялары үшін қызметшілерді даярлауға дейін

Полковник

Амангелді ӘУБӘКІРОВ

ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ: ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУДАН БҰҰ БІТІМГЕРЛІК МИССИЯЛАРЫ ҮШІН ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ДАЯРЛАУҒА ДЕЙІН

«Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығын (БЖС ОО) құрудың негізгі алғышарты Қазақстан мен НАТО арасындағы ынтымақтастықтың шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттілігі болды.

Осылайша, 1994 жылы 27 мамырда Қазақстан Республикасы «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасына қосылды. Бұл шешімді қабылдауға 1994 жылдың басында елдің саяси басшылығы бастамашылық етті. Бұл бағдарламада Солтүстік Атлантикалық Альянстың еуропалық мемлекеттермен және мүшесі болып табылмайтын посткеңестік кеңістіктегі республикалармен ынтымақтастығын дамыту көзделген.

Елдің саяси басшылығының шешімдерін орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі БЖС ОО құруды ұсынды. Ең алдымен, 2006 жылы 12 мамырда оқу орталығының тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес бітімгерлік операциялар және оларға қолдау көрсетуге арналған өзге де іс-шаралар оқу орталығы саясатының негізгі құрамдас бөліктері болыпанықталды. Сонымен қатар, оқу орталығына Қазақстанның, шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың әскери қызметшілері мен азаматтық мамандарын бітімгершілік және лингвистикалық бағытта даярлау міндеттері жүктелді.

«Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жарияланған бұйрығына сәйкес 2008 жылы 18 наурызда толық қалыптасып бітті.Орталық оқу-жаттығу орталығы болғандықтан, оны Шет тілдері әскери институты құрамына қосу туралы шешім қабылданды.

Кейіннен, КАЗЦЕНТ Құрлық әскерлерінің әскери институты құрамына берілді, ал 2015 жылы «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығын Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратына бағынатын жеке оқу-жаттығу мекемесі ретінде құру туралы шешім қабылданды.

БЖС ОО-ның алғашқы тәуелсіз халықаралық және отандық курстары 2009 жылдан бастап жүргізіле бастады. 2010 жылы 17 желтоқсанда Орталық НАТО тарапынан ресми түрде танылды және Серіктестіктің 19-ыншы оқу-жаттығу мекемесіне айналды.

КАЗЦЕНТ Орталық Азия аумағында НАТО тарапынан және халықаралық қауымдастықтың тарапынан ресми түрде танылған жалғыз «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығы болып табылатынын атап өткен жөн. Негізгі мақсаты – БҰҰ бітімгерлік миссияларының әлеуетті қатысушылары болып табылатын еліміздің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін бітімгерлік операцияларға және тілдік тұрғыда даярлау.

Қазіргі уақытта, әлем бойынша 32 сертификатталған оқу орталығы бар. Олардың барлығы көбінесе ұлттық қарулы күштердің құрамындағы әскери қызметшілер мен әскери бөлімшелерді ең көп сұранысқа ие салалар бойыншадаярлауға еліктірілген.

Серіктестіктің оқу-жаттығу орталықтары қауымдастығының мүшесі ретінде БЖС ОО басқа да ұқсас орталықтар сияқты өз ұйымының «КАЗЦЕНТ» жаңа атауын насихаттай бастады.

Халықаралық қауымдастық бұл атауды құптап, ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл барысында қауымдастықтың аясында және халықаралық оқу-жаттығу бойынша өзара іс-қимылдың шеңберінде пайдалануға енгізді.

Курстарды сертификаттау КАЗЦЕНТ-тің келесі қадамы болды. Бұл шетелдік қатысушыларды Орталықтың іс-шараларына шақыруға мүмкіндік беретін еді.

Осылайша, 2012 жылдың басында Орталық жүргізетін курстарының бірі «Көпұлтты операциялардағы ағылшын тілінің әскери терминологиясы» сертификатталды.

2013 жылы Орталық Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастыққа бағытталып, қызметін дәйекті түрде қайта бағдарлауға кірісті.

Еліміздің оң имиджі, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау бойынша белсенді жұмысы, ядролық қаруды таратпау, жаһандық сенімділік шараларын нығайту аясындағы бірқатар бастамаларбойынша Қазақстанды тану КАЗЦЕНТ-тің БҰҰ-мен белсенді ынтымақтастығы бойынша қызметінің бағытын таңдауда үлкен үлесін қосты.

КАЗЦЕНТ Орталық Азия өңірінде бірінші болып БҰҰ талаптарына сәйкес бітімгершілік тақырыбы бойынша курстарды әзірлеуге, бейімдеуге және өткізуге кірісті. 2014 жылы Орталық БҰҰ миссиясына барар алдында Қарулы Күштердің жеке құрамын алдын ала кешенді даярлауды жүйелі түрде жүзеге асыра бастады.

Сонымен қатар, КАЗЦЕНТ өзінің білім беру қызметінде, ең алдымен, миссияға барар алдында міндетті болып табылатын басым курстарға баса назар аударатынын атап өткен жөн. БҰҰ-ның басты талаптарының біріне сәйкес донорлық мемлекет өзінің жеке құрамының тиісті және сапалы дайындығына жауап береді.

Сол 2014 жылы КАЗЦЕНТ «БҰҰ штабтық офицерлері» курсында штабтық элементті даярлауға кіріссе, 2016 жылы – «БҰҰ-да азаматтықтұрғындарды қорғау» курсын өткізе бастады.

Қазіргі уақытта, КАЗЦЕНТ бірқатар конференциялар мен курстарды дербес ұйымдастырып өткізуде, ал оның ұйымдастырушылары мен жетекші дәріскерлері КАЗЦЕНТ офицерлері болып табылады.

Сонымен қатар, басқа орталықтармен және ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылатын бірқатар оқу-жаттығу іс-шаралары бар.

Орталық өзінің қызметі жылдарында тек БҰҰ және НАТО-мен ғана емес, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен (ХҚКК) және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (ЕҚЫҰ) әріптестік қатынастар орнатты. Атап айтқанда, ХҚКК халықаралық құқық және халықаралық гуманитарлық құқық бойынша курстарды өткізуде сараптамалық көмек көрсетеді. Оған қоса, ХҚКК сарапшылары «Бейбітшілікті қолдау операцияларының құқықтық аспектілері» курсын әзірлеуге, ал кейінірек оны өткізуге белсене қатысты. КАЗЦЕНТ бұл курсты 2015 жылдан бастап дербес өткізе бастады.

БҰҰ штабтық офицерлері мен «Азаматтық тұрғындарды қорғау» курстарына қатысушылардың топтық суреті.

КАЗЦЕНТ, Алматы қ., 2018 жылғы 14 желтоқсан

ЕҚЫҰ-ға келетін болсақ, бұл ұйыммен бірге гуманитарлық минасыздандыру және сенімділік шаралары мен қауіпсіздікті күшейту бойынша бірлескен тренингтер өткізілуде. ЕҚЫҰ аясындағы барлық іс-шаралар халықаралық сипатқа ие. ЕҚЫҰ-ның семинарлары мен курстары негізінен Орталық Азия мен Кавказ өкілдерін даярлауға бағытталған.

2016 жылы қыркүйекте КАЗЦЕНТ Халықаралық бітімгерлерді даярлау орталықтары қауымдастығының толық мүшесі болды.

2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қызметінің қорытындысы бойынша КАЗЦЕНТ өзі және/немесе басқа оқу субъектілерімен бірлесіп 212 халықаралық іс-шара өткізді. ҚР әлеуетті ведомстволарының 4 мыңнан аса әскери қызметшілері, сондай-ақ серіктес мемлекеттердің 465 әскери қызметшілері мен мемлекеттік қызметшілері Орталықтың әр түрлі курстары бойынша білім алды.

Соңғы екі жылда КАЗЦЕНТ үшін БҰҰ-мен ынтымақтастық, әсіресе бітімгершілік мәселелері бойынша ынтымақтастық ең белсенді және табысты болды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі өкілеттігінің басталуына байланысты 2017 жылы қаңтарда жасаған саяси үндеуінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтыңаса маңызды басымдықтардың ішінде «Қазақстан БҰҰ бітімгершілік жүйесін одан әрі жетілдіруді қолдап, БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларындағы бақылаушылары мен бітімгерлердің санын ұлғайту ниетін» көрсеткені оған себепші болды.

Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің аяқталуы халықаралық сипаттағы тағы бір маңызды оқиғамен ұштасты. 2018 жылы 29 қазанда БҰҰ-ның Ливандағы уақытша миссиясына жолданған ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінің сәтті дайындығынан кейін 2019 жылы 2 қаңтарда БҰҰ Бас хатшысының бейбітшілікті қолдау операциялары жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа қазақстандық «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығы өткізетін «БҰҰ-да азаматтық тұрғындарды қорғау» және «БҰҰ штабтық офицерлері» атты екі курсты БҰҰ стандарттарына сәйкестігін мойындайтын сертификатқа қол қойды.

БҰҰ тәжірибесінде алғаш рет бір мезгілде екі курстың сертификатталғанын айта кету керек. 2018 жылғы 3-14 желтоқсан аралығында БҰҰ сарапшысы подполковник Саиду Тафида «БҰҰ-да азаматтық тұрғындарды қорғау» және «БҰҰ штабтық офицерлері» курстарының БҰҰ стандарттары мен талаптарына сәйкестігін тексеру үшін КАЗЦЕНТ-ке сапармен келді. Бір мезгілде өткізілген курстар сарапшы тарапынан жоғары бағаланып, нәтижесінде сертификаттаудың келесі кезеңі үшін оң ұсынымдар алды.

Әрине, бұл факт КАЗЦЕНТ-тің және жалпы Қазақстанның бітімгершілік қызметінің ең маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта КАЗЦЕНТ Серіктестік орталығы таныған және Халықаралық бітімгерлерді даярлау орталықтары қауымдастығының толық мүшесі болып табылатын Орталық Азиядағы жалғыз орталық. Жоғары өңірлік мәртебесі және БҰҰ-ның сертификатталған курстарын өткізу мүмкіндігі бітімгерлерді даярлау ісіне Орталық Азия өңірінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл халықаралық қауымдастығын еліктіруге мүмкіндік береді.

Орталықтың көптеген түлектері басшылық лауазымдарда әр түрлі бітімгерлік миссияларға қатысты. Осындай мысалдардың бірі БҰҰ-ның Батыс Сахараға қатысты референдум өткізу бойынша миссиясына бітімгерлердің базаларын басқару болып табылады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі табысты жұмыстың арқасында алғаш рет 2018 жылы қазанда Қазақстан 120 әскери қызметшіден тұратын бітімгерлік ротаны БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштерінің құрамына жолдады. Әскери қызметшілердің басым бөлігі КАЗЦЕНТ орталығында дайындықтан өткен болатын.

Қазақстанның жүзеге асыратын іс-шаралар кешені өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі берік ниеттердің кепілі болмақ.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне жоспарлы түрде еліктірілуі БҰҰ-ның заманауи талаптарына сай отандық бітімгерлерді жоғары сапалы дайындау қажеттілігін тудырды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне, оның ішінде бітімгерлік қызметшілерді білікті және кәсіби тұрғыда даярлау ісіне қатысу үшін айтарлықтай күш жұмсады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткен екі табысты жыл Қазақстанның бітімгерлік әлеуетті нығайту және БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау операцияларына белсене қатысу ниетін көрсетті.

_______________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Полковник Амангелді Әубәкіров – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығының басшысы. 1993 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштерінің әр түрлі басшылық лауазымдарда қызмет етті. Орташа және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың, Стратегиялық шабуыл қаруларын жою және әдеттегі қаруларды бақылауға алу туралы шарттың шеңберінде Қазақстанға жүктелген халықаралық міндеттемелерді орындауға тікелей қатысты.
Қосылған : 29.03.2019, 15:15, Өзгертілген : 29.03.2019, 15:15