Алексей Бородавкин. Ресей және Қазақстан – өткені, қазіргісі, болашағы

Алексей БОРОДАВКИН,

Ресей Федерациясының

Қазақстан Республикасындағы

Төтенше және Өкілетті Елшісі

Ресей мен Қазақстан – өткені, қазіргісі, болашағы

Ресей және Қазақстан көшбасшылары Владимир Владимирович Путин мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өздерінің сөйлеген сөздерінде біздің мемлекеттеріміз ең жақын көршілер деп әділ атап көрсетеді. Осы сөздерде жалпыға мәлім саяси-географиялық ақиқатты көрсету ғана емес, сонымен бірге Ресей және Қазақстан халықтарының етене жақындығымен, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымымен, құндылықтары жүйесімен және бір-біріне деген бауырластық, достық сезімдерімен байланысты одан да күшті әлде бір үлкен мағына бар деп ойлаймын.

Кең байтақ Еуразия кеңістігі біздің мемлекеттерімізді бөліп-жармайды, керісінше біріктіреді. Ұлы Дала ресейліктер мен қазақстандықтарды мықтап байланыстырады. Ежелгі Русь өз шекараларын Ұлы даламен қабыстырды, далалықтар мен славяндар этникалық тұрғыдан бейбіт қатар өмір сүруге үйренді деп даналықпен атап өткен болатын Л.Гумилев. Ресейдің және Қазақстанның фольклорлық шығармаларында ұшы-қиыры жоқ алқап пен даланың, көкжиектен әрі асып созылып жататын жазираның, ат үстінде жүйткіп бара жатқан шабандоздың жан дүниесіндегі еркіндік пен ерік сезімдерінің қалай жырланатынын еске алайықшы. Айтпақшы, «воля-вольная» немесе қазақша «ерік-жігер» деген сөздердің тек бізге ғана түсінікті кең мағынасы басқа тілдерде жоқ.

Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «...Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз...» деп қысқа және дәл айтылды.

Ғасырлық ортақ тарихымыз біздің халықтарды жақындастырып қана қоймай, «біте-қайнастырып» та жіберді. Біз жеңістерге, биіктерге және орасан зор жетістіктерге бірге қол жеткіздік, сынақтар мен қиын-қыстаулардан да бірге өттік. Біздің сана-сезімімізде ұлы жасампаздықтарымыз үшін мақтаныш және бастан өткізген трагедиялар үшін ортақ қайғы бар.

Қазақтардың тарихы мыңдаған жылдарды құрайды. Қазақстан өз тәуелсіздігіне, КСРО ыдырағаннан кейін осыдан 27 жыл бұрын қол жеткізді. Республикада сол уақытқа дейін қалыптасқан мемлекеттік құрылым, энергетиканы, пайдалы қазбалар өндіруді, жоғары технологиялы өнеркәсіптік өндірісті, тиімді ауыл шаруашылығын қоса алғанда, дамыған экономика болды, сондай-ақ ол білімнің, ғылым мен медицинаның жоғары деңгейімен ерекшеленді. Адамзат нақ Қазақстан жерінен алғаш рет ғарышқа қадам басты. Осы жерде стартегиялық тепе-теңдік жасауға және Хиросимо мен Нагасакидегі америкалық атом бомбалары шабуылының қасіретін қайталаудың алдын алуға мүмкіндік берген КСРО-ның ядролық қалқаны шыңдалды.

30-жылдардың қуғын-сүргіні мен ашаршылықты, халықтардың зорлықпен жер аударылуын және билік саясатымен келіспейтіндердің қуадалануын ешкім ұмытқан жоқ. Бұның барлығы да біздің ортақ тарихымыз.

Тарихтан тек жақсыны ғана немесе тек жаманды ғана бөліп алып қарауға, олардың қандай да бір теңгерімін шығаруға ұмтылудың қажеті жоқ екендігіне сенімдімін. Бұл жағдайда асығыстық жасау жөнсіз. Алайда, Орталық Азия өңірінің оңтүстігіне қарай орналасқан кейбір мемлекеттердің өзге тарихи даму жолын таңдауының қандай күйінішті жағдайларға әкелгенін көрмеу мүмкін емес. Сондықтан біздің басымыздан өткен оқиғаларды бағалау осы заманның көрінісін береді, сондықтан да ол аса өзекті. Ресей мен Қазақстанның ортақ тарихын әзірлеу және оның бірдей объективті қабылдануын қалыптастыру мақсатында 2017 жылы екі ел тарихшыларының Жұмыс тобы құрылды.

Кеңес Одағының ыдырауы Ресей мен Қазақстанның арасында егемендікті, аумақтық тұтастықты, ішкі істерге араласпау, бір-бірінің заңды мүдделерін құрметтеу қағидатын өзара сақтауға негізделген мемлекетаралық жаңа қатынастар құруды талап етті. Мәскеу мен Астанаға осы күн тәртібін іске асыру оңай болған жоқ, алайда бірлескен күш-жігер табысқа жеткізді. Ең басты мұраты – біздің халықтарымыздың, ал бүгінде – тәуелсіз мемлекеттердің достығы мен бауырластығын сақтап қалуға қол жеткізілді. Осы базалық ұғымдар халықаралық-құқықтық тілге аударылды – 1992 жылғы 25 мамырдағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа және 2013 жылғы 11 қарашадағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылды және олар қолданылуда. Біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың құқықтық базасы жүздеген құжатты құрайды және олар жетілдіріліп, байытылып отырады. Бұл жерде сөз екі жақты келісімдер туралы ғана емес, сонымен бірге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың (ҰҚШҰ), Еуразиялық Экономикалық Одақтың (ЕАЭО), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД), Шаңхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) және т.б. шеңберіндегі көп жақты заңды уағдаластықтар туралы болып отыр.

Оларды қамтылған міндеттемелер Ресей-Қазақстан қатынастарына үлгілік сапа берді – біздер қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы одақтастармыз және экономикалық интеграция бойынша әріптестерміз. Ресей мен Қазақстанның арасындағы мемлекетаралық байланыстардың осы жаңа жағдайы өзара тиімді сипатты иеленеді. Біздің ынтымақтастығымызда жеңгендер және жеңілгендер жоқ. Біздің одақтасымыз біздің елдер үшін ортақ сыртқы қауіптерді тойтаруға қатысу үшін қажетті әлеуетті иеленуі тұрғысынан алғанда, Ресейге Қазақстанның саяси жағынан тұрақты және экономикалық жағынан өркендеген, бізге қатынасы бойынша достық пейілде болып қалуы маңызды. Астананың да Ресейге қатысты осындай стратегиялық мақсатты басшылыққа алатынына сенімдімін.

Осы заманғы әлемде мемлекеттер қауіпсіздігінің әр алуан түрдегі қаупі мен сын-тегеуріндерінің жинақталуы артып отыр. Халықаралық қатынастарда диалог пен келіссөздердің орнына әскери күшті заңсыз қолдану барған сайын жиілеуде. Заңды үкіметтерді құлату мақсатында әртүрлі лайықсыз сылтаулармен мемлекеттердің ішкі істеріне заңсыз араласу оқиғалары көбеюде. Халықаралық террористік топтардың тарапынан тұтастай өңірлер агрессияға ұшырауда. Ұйымдасқан қылмыс және есірткінің заңсыз айналымы барған сайын кең етек алуда. Сондықтан Мәскеу мен Астана ҰҚШҰ және ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттермен бірлесіп, осы қауіптерге тиімді тойтарыс беру, қуатты ұжымдық қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, өздерінің аумақтарына қақтығыстар мен тәртіпсіздіктер орнату ұмтылыстарының алдын алу және жолын кесу үшін өз күш-жігерлерін біріктіреді. Біздің елдеріміздің осы бағыты екі жақты әскери және әскери-техникалық үдемелі ынтымақтастықпен, оның үстіне одақтас Қазақстан үшін Ресейден қару-жарақ пен әскери техника сатып алудың артықшылықты жағдайында күшейе түседі.

Біздің екі жақты стартегиялық әріптестігіміз сыртқы саяси істерде де қажетті. Ресей мен Қазақстан өздерінің дипломатиялық күштерін сенім және ашықтық негізде үйлестіреді және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерінің басым көпшілігі бойынша бірлескен ұстаныммен әрекет етеді. Осындай ынтымақтастық тиімділігінің артуына Қазақстанның әлемдегі беделінің нығаюы ықпал етеді, Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы, 2010 жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) саммитінің өткізілуі, ЭКСПО-2017 жетістігі, Қазақстан елордасында әлемдік және дәстүрлі діндер форумдарының тұрақты өткізілуіне қажеттіліктің мойындалуы, Сириядағы жағдайды реттеудің тиімді механизмі болып табылатын Астана процесінің жалғасуы осыны куәландырады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде және Бас Ассамблеясында Ресей мен Қазақстан бір мемлекеттердің өздерінің еркін басқа мемлекеттерге таңуға ұмтылыстарына қарсы бірлесіп табанды түрде әрекет етеді, бір жақты заңсыз санкцияларды айыптайды, ядролық қару-жарақты және ғарышта жанталаса қарулануды бақылау жүйесінің бұзылуына жол бермеуге шақырады, неонацистік саясаттың қайта тууының жолын кесуді талап етеді және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әмбебап қағидаларын әзірлеуді қолдайды. Біздің табысты ынтымақтастығымыздың таяудағы барынша жарқын мысалдарының бірі – БҰҰ-да «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу» тәртіп кодексін қабылдау туралы Қазақстанның бастамасын ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмыс.

Қазақстан Ресеймен бірге Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауға зор үлес қосты – тиісті Конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда қол қойылғаны белгілі. Енді сөз осы аса маңызды халықаралық-құқықтық құралды ратификациялауды жеделдету және оның ережелерін практикалық істер тіліне аудару туралы болып отыр.

Ресей 2020 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 12-ші Министрлер конференциясын Астанада өткізуге берген Қазақстанның өтініміне белсенді түрде қолдау көрсеткен мемлекеттердің қатарында болды. Қазақстанның осы табысы аталған Ұйымдағы дағдарысты жеңуге және халықаралық сауда жүйесіндегі ЕАЭО-ның позициясын нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймыз.

Біздің бірлескен жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыты Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерді үйлестіру болып табылады, өкінішке орай, ол осы елде АҚШ әскери контингентінің болған уақыты ішінде нашарлады. Біздің елдеріміз Ауғанстан жөніндегі «Мәскеу форматының», сондай-ақ ШЫҰ – Ауғанстан Байланыстық тобының қатысушылары болып табылады.

Ресей-Қазақстан үйлесімі ТМД, ШЫҰ, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы (ХҚТҰ), ЕҚЫҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК) алаңдарында қолданылады және бұл осы ұйымдардың пайдасына жұмыс істейді және Мәскеу мен Астананың даусының халықаралық қоғамдастыққа естілуіне ықпал етеді.

Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдерінің өз халықтарының әл-ауқатын жақсарту және өңірдің толғақты проблемаларын бірлесіп шешу үшін мейлінше тығыз ынтымақтастыққа ұмтылысын қуаттаймыз. Ресей осы бағытқа жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Ресей мен Қазақстанның ЕАЭО және ЕО қатысуымен «интеграциялардың интеграциясы» үшін және Ресей Президенті Владимир Путин ұсынғандай, Атлантикадан Тынық және Үнді мұхиттеріне дейінгі кеңістікке орналасқан басқа да мемлекетаралық бірлестіктердің қатысуымен үлкен Еуразиялық кеңістікті қалыптастыру үшін бірге әрекет ететіні маңызды.

Бұл ретте Ресей мен Қазақстан өздерінің сыртқы саясатында, ең алдымен, өздерінің мемлекеттік мүдделерін басшылыққа алады. Бұл мүдделер әдетте үйлеседі. Дегенмен, біздің елдердің арасында, мысалы, ядролық қарусызданудың шарттары мен қарқыны туралы мәселе бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайларда, Мәскеу мен Астана ымыра шешімдер табуға, ұстанымдарын жақындату жолдарын іздестіруге тырысады.

Ресей-Қазақстан одақтастық қатынастарының және интеграциялық байланыстарының белсенді дамуы әлдекімдерге ұнамайтыны жасырын емес. Бір полярлы әлемдік ахуалды жақтаушылар Қазақстанды халықаралық істердегі тең құқықты әріптес ретінде емес, посткеңестік кеңістіктегі, сондай-ақ Балқандағы кейбір мемлекеттердің, Ирактың, Ливияның, Мысырдың, Сирияның... мысалы бойынша елдегі және Орталық Азия өңіріндегі саяси жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында өз ықпалының объектісі ретінде қарастырады. Егер тарих қойнауына үңілетін болсақ, осы тізбені егемен мемлекеттердің ішкі істеріне дөрекі қол сұғудың, қантөгіс қақтығыстары мен көп жылдық соғыстар өртін тұтатудың басқа да ондаған мысалдарымен толықтыруға болады. Тіпті олар өздерінің әлемге жаппай үстемдік жасаудағы жағымсыз геостратегиялық мақсаттарын іске асыру және Ресейдің бір полярлы стратегиясын тежеу үшін экстремистермен және терроршылармен ынтымақтасудан да тайынбайды. Заңсыз эмбарго мен санкциялар, сауда соғыстары, саяси және қаржылық қысым жасау мен бопсалау туралы айтпай-ақ қояйық. Белсенді қатысушылары Ресей мен Қазақстан болып табылатын бүкіл әлемдік қоғамдастықтың бірлескен күшімен осы қауіпке қарсы тұру қажеттігі жаһандық күн тәртібінің өзекті міндетіне айналды. Біз диалог үшін есік жаппаймыз, проблемаларды тең құқықтық негізде шешуге дайынбыз.

Біздің елдеріміздің арасындағы экономика саласындағы өзара іс-қимыл жоғары интеграциялық деңгейге шықты. Бастамашысы Президент Н.Ә.Назарбаев болған ЕАЭО құрудың арқасында Ресей мен Қазақстан екі жақты сауданың таң қаларлық көлемін көрсетуде – 2018 жылы ол 9% жуық өсу жағдайында шамамен 19 млрд. долларға жетеді.

Ресей Қазақстанның басты сауда әріптестерінің тізімінде көш бастауда. Сыртқы сауда құрылымында жоғары қосылған құны бар тауарлар басым. Қазақстан экономикасына құйылған Ресей инвестицияларының сомасы да ауқымды, ол 12,6 млрд. долларды құрайды. Әрі 2018 жылдың бірінші жарты жылдығы ішінде ғана Ресей Қазақстанға, негізінен өңдеу саласына тағы 821 млн. доллар салды. Ресей-Қазақстан бірлескен кәсіпорындарының саны тұрақты артуда. Бүгінде олардың саны 6 мыңнан асады, бұл Қазақстандағы шетел қатысатын барлық БК-нің үштен бірін құрайды. Қазақстан нарығында «Газпром», «Ростех», «Росатом», «Роскосмос», «Русал», «Русская медная компания», «АвтоВАЗ», «Лукойл», «Мечел», «Россельмаш», «КАМАЗ», «ЕвроХим», «Вымпелком» («Билайн»), «Яндекс» және т.б. сияқты ірі, орта және шағын Ресей кәсіпорындары табысты жұмыс істейді.

Қазақстанда «Сбербанк», «Альфабанк», «Банк ВТБ», «Россельхозбанк» және «Газпромбанкті» қоса алғанда, Ресей банктерінің жұмыс істеуі арқасында қаржы-банк саласындағы өзара іс-қимыл кеңеюде. Ресей-Қазақстан сыртқы сауда және басқа да қаржы операцияларының 70% жуығы ұлттық валютада жүзеге асырылады. Жақын уақытта банк секторында бірқатар перспективалық Ресей-Қазақстан жаңа жобалары пайда болады деп күтілуде.

Қазақстан экономикасына Ресейдің қатысуы оған қосымша оң серпін береді, ел бюджетіне айтарлықтай кіріс енгізеді, технологиялық базаны жетілдіруге ықпал етеді, Қазақстанға тауарларын сыртқы нарықтарға шығаруға көмектеседі, жаңа жұмыс орындарын құрады, жұмыс күшінің біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі, жақында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығын барынша белсенді пайдалану үшін жағдай жасайды. Ресей мен Қазақстан арасындағы ЕАЭО шеңберіндегі берік интеграциялық байланыстар Одақтың алдына қойылған міндеттерді – тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің бүкіл ЕАЭО кеңістігіндегі еркін және өзара тиімді қозғалысына қол жеткізуді толық жүзеге асыруға өзара тиімді негізде жақындауға мүмкіндік береді.

Әрине, Ресей-Қазақстан экономикалық ынтымақтастығындағы көлемді орынды дәстүрлі түрде мұнай-газ құрауышы алады. Сөз осы шикізатты өндіру туралы ғана емес, сонымен бірге оны тереңдетіп қайта өңдеу мен тасымалдау туралы болып отыр. Бұл Каспийдегі көмірсутегі кен орындарын игеруге, газ сапасын арттыруға, Астана мен Байқоңырды газдандыруға қатысуға дайындыққа, қазақ мұнайының сыртқы нарықтарға транзитіне, жаңа технологиялық жабдықтар жеткізуге және т.б. қатысты.

Ресей мен Қазақстанның транзиттік географиялық орналасуына байланысты біздердің көлік-логистикалық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіндегі соңғы буынға айналған «Қазан – Орынбор – Ақбұлақ – Қазақстанмен шекара» маршрутындағы автожолдың Ресей учаскесінің құрылысы аяқталды. Каспийдегі Ресей және Қазақстан порттарының арасындағы паром тасымалының іске қосылатын күні де алыс емес. «Еуразия» жоғары жылдамдықты жүк-жолаушылар темір жол дәлізі жобасын («Бейжін – Астана – Мәскеу – Берлин») іске асыру да жалғасуда.

Туризм саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын арттыру тақырыбы белсенді түрде ілгерілетілуде.

Біздің елдеріміз экономикаларының берік интеграциясы мен өзара толықтырушы сипаты қалыптасқан шаруашылық байланыстарын нығайтуда ғана емес, сонымен бірге Ресейдің де, Қазақстанның да өздерінің экономикалық дамуының стратегиялық жоспардағы аса маңызды міндеттерін шешуде де елеулі рөл атқарады. ХХІ ғасырдың басындағы технологиялық революцияның теңдесі жоқ жаңа айналымы әр ел үшін драмалық маңызы бар әлемнің ондаған өзгермелі трендтерін қалыптастырды. Біздің елдер үшін мемлекеттік институттар мен бизнесті ғана емес, күнделікті өміріміздің барлық саласын өзгертетін экономиканы цифрландырудың әлемдік процестерінің авангардына айналуы өте маңызды. Осыған байланысты ЕАЭО цифрлы күн тәртібінің басым бағыттарын одан әрі де белсенді түрде іске асыру және бірыңғай цифрлы кеңістік құруға ұмтылу қажет. Сөз біртұтас еуразиялық электроэнергетикалық нарықты қалыптастыру туралы да болып отыр.

4-технологиялық революцияның биігін бағындыру бойынша Ресей мен Қазақстанның күшін біріктіру тұрғысынан алғанда, біздің ғарышты игеру саласындағы екі жақты ынтымақтастығымыз ерекше назар аударуды қажет етеді. Біздің мемлекеттер ғарыш кемелері тұрақты ұшырылатын «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қана қоймай, «Байқоңырда» жоғары экологиялық қауіпсіздік деңгейі бар Ресейдің орта сыныпты перспективалық зымыран тасығышын пайдалана отырып, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын жүзеге асыруды бастады. Ағымдағы жылы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешені жалдаудан шығарылып, қазақстандық әріптестерге берілді, оны реконструкциялау болжанып отыр. Бұдан басқа, өзге де бірлескен жобалар бар. Атап айтқанда, KazSat сериясындағы кезекті ғарыш аппаратын ұшыратын күн жақын, ғарыш айлағын коммерцияландыруға үшінші елдерді бірлесіп тарту, Қазақстанның аумағында ГЛОНАСС жүйесінің ақпарат жинау біріздендірілген станцияларын орнату және т.б. пысықталуда.

Ресей мен Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара іс-қимыл сәтті дамуда. Алты бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Көптеген жылдар бойы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының осы саладағы негізі бірінші нұсқасына 2006 жылы қол қойылған және әрбір төрт жылда өзекті етіліп отырған Кешенді бағдарлама болып табылады. Бүгінгі таңда Ресей және Қазақстан тараптары оны кезекті жаңартатын уақыт келгенін туралы түсіністікке келді. Келіссөздер барысын ескере отырып, бұл құжатқа осы жылдың соңына дейін қол қойылады деп сеніммен айтуға болады. Болашақта Қазақстанда дербес атом энергетикасы базасын жасау жоспары бар. Ресейге келсек, біз осында Ресей дизайнындағы алғашқы АЭС салуға қатысуға дайынбыз.

Ресей-Қазақстан одақтастық қатынастары және интеграциялық байланыстары болашаққа бағытталған. Сондықтан басымдық жастармен жұмыс болып табылады. Сөз, бірінші кезекте, білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы болып отыр.

Ресейде Қазақстанның ұлттық экономикасы үшін біліктілігі жоғары кадрлар даярлау жолға қойылған. 70 мыңнан астам қазақстандықтар Ресей ЖОО оқиды және келешекте алған білімдерін өз Отанының игілігіне табысты іске асыратын болады. Бұған атап айтқанда, Ресей білімін алуға ресейлік және қазақстандық азаматтарға тең құқықтар берілуі есебінен қол жеткізіледі. Осының арқасында жыл сайын 9 мыңнан астам қазақстандық Ресей ЖОО-да тегін білім алуға өз бетімен оқуға түседі. Тағы 450 астам адам Ресей бюджеті есебінен стипендиялар алады. Осы оң серпін тоқтап қалмас үшін Қазақстанның орта мектептерінде орыс тілінің толыққанды оқытылуына қолдау көрсету қажет.

Ресей білімін Қазақстанның аумағында да алуға болады. Мысалы, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің қазақстандық филиалында қазіргі сәтте ең қажетті мамандықтар бойынша 1800 астам біліктілігі жоғары мамандар даярланды. Бұдан басқа, Қазақстанның аумағында Ресейдің басқа да белгілі университеттерінің филиалдары жұмыс істейді. Ресей жоғары оқу орындарының түлектері болу қос диплом алу мүмкіндігін береді, оларды көптеген қазақстандық және ресейлік оқу орындарының беру құқығы бар. Ал біздің елдеріміздің президенттері қол қойған Ресей мен Қазақстанның 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарында Қазақстаннан Ресей-Қазақстан университеттері мен мектептерін ашу көзделген.

Ресей мен Қазақстанның ұйымдары ғылым мен техниканың басым бағыттары бойынша өзара тығыз іс-қимылды жүзеге асырады. Мәселен, Қазақстан аумағында Қазақстан материалтану токамакасының базасында Ресей ғалымдарының күшімен эксперименттік кешен құрылды, оның алғашқы іске қосылуы ЭКСПО-2017 жұмысы кезінде жүзеге асырылды. И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Батыс Қазақстанның мұнай кен орындарын одан әрі дамыту тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара тиімді ынтымақтастығы соның тағы бір мысалы бола алады. Ресей және Қазақстан ғалымдарының Ядролық зерттеулер біріккен институтының (Дубна қаласы, Ресей) қабырғасындағы көп жылғы бірлескен қызметін де атап өтуге болады.

2018 жылы Қазақстанда Ресей ғалымдарының қатысуымен 240-қа жуық ғылыми жобаны іске асыру басталды, олардың 70-і табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласында, 60-қа жуығы – ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыш технологиялары саласында, 30-дан астамы – энергетика және машина жасау саласында. Бұл жобалар 3 жылға есептелген, оларды орындауға 50-ден астам Ресей ЖОО мен ҒЗИ қатысады.

Біздің елдеріміздің арасындағы қатынастар мәдени және гуманитарлық салаларда да серпінді дамуда. Соңғы кездегі мейлінше жарқын мысалдар – 2018 жылғы жаз-күзде Астананың 20 жылдық мерейтойы жөніндегі мерекелік іс-шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасы ұлттық мұражайында «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» деп аталған көшпелі көрме өтті. Сондай-ақ осы алаңда Ресейдің Қазақстандағы Мәдениет күндері шеңберінде еуразиялық кеңістіктің мәдениеті туралы ауқымды жобаны білдіретін Ресей декоративтік-қолданбалы және халық өнері бүкілресейлік мұражайы жинақтарының «Астана – Мәскеу, Мәскеу – Астана. Еуразияның ою-өрнек ырғақтары. Көне заманнан осы заманға дейін» атты көрме болып өтті. 2018 жылғы қыркүйек-қазанда Астананың Орталық саябағында «Ресей. Саяхаттар үшін идеялар» тақырыбындағы «Моя Планета» телеарнасының ауқымды экспозициясы ашылды, онда әрбір тілек білдіруші Ресейдің табиғи және мәдени көріністері туралы журналистердің, фотографтардың, саяхатшылардың фотожұмыстарымен танысу мүмкіндігін алды. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында атақты Мемлекеттік Академиялық Кубань казактары хорының концерті өтті.

Біздің елдеріміздің әдебиетшілері мен жазушылары да тығыз байланыста болады, әртүрлі алаңдарда тәжірибе алмасады. Мәселен, 2018 жылғы қыркүйекте Жазушылардың халықаралық форумы (Алматы қаласы) және Еуразиялық әдебиет форумы (Астана қаласы) болып өтті.

«Қазіргі заманғы қазақ прозасының антологиясын» және «Қазіргі заманғы қазақ поэзиясының антологиясын» орыс тіліне аудару және басып шығару бойынша ауқымды жұмыс жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының бастамасы бойынша ресейлік «Литературная газетінің» және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің жәрдемімен «Қазақстан – Ресей» атты үш әдеби альманах шығарылды және ағымдағы жылы төртінші шығарылымның тұсаукесеріне дайындық жүргізілуде.

Ресей-Қазақстан одақтастық қатынастары мен интеграциялық байланыстарының барлық аспектілерін бір мақаланың шеңберінде қамту мүмкін емес. Алайда, қайсы бір аралық нәтижені қорытындылай келгенде, Ресей мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастық жалпыны қамтитын сипатты иеленеді және жыл сайын жетілдірілуде деп түйіндеуге болады. Біздің бауырлас мемлекеттер мен халықтардың алдында ортақ міндеттер тұр, оларды орындау үшін көп және тынбай жұмыс істеу керек.

Қорыта келгенде, «Дипломатия жаршысы» журналының оқырмандарын келе жатқан Жаңа, 2019 жылмен құттықтаймын және оларға денсаулық, жақсылықтар және табыстар тілеймін!

Қосылған : 21.12.2018, 10:55, Өзгертілген : 21.12.2018, 10:55