Ақтауда қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Лондонда талқыланды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 18 маусым – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция аясындағы келісімдер және оны жүзеге асыруға бағытталған келешектегі қадамдар Ұлыбританияның саяси және іскер топтары үшін Британдық-қазақстандық қоғам ұйымдастырған арнайы брифингтің тақырыбы болды. Іс-шара аясында Каспийдегі сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-туристік салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Дипломатиялық корпус, британдық саяси, сараптамалық және кәсіпкерлік орта өкілдері қатысқан іс-шараның басты спикерлері Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов пен Иранның Ұлыбританиядағы Елшісі Хамид Бэйдинежад болды.

Қазақстандық дипломат аудиторияға Каспий мәселесінің тарихы мен бес жағалық мемлекеттер, яғни Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан арасындағы келіссөздер барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бес жақты келіссөздердің нәтижесінде 2018 жылғы 12 тамыздағы Ақтау саммиті барысында консенсус және барлық тараптардың мүдделерін есепке алу негізінде жасалған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды.

Е.Ыдырысов Конвенцияға қатысушылардың су кеңістігі, түбі, жер қойнауы, табиғи ресурстар және әуе кеңістігіне қатысты негізгі құқықтары мен міндеттерін атап өтті. Акваторияны түрлі режимді аймақтарға бөлу жөніндегі қол жеткізілген консенсус, басқа теңіздер мен әлем мұхитына транзит еркіндігі туралы уағдаластық, теңіз түбінің ұлттық секторлары шекарасындағы жер қойнауын пайдалануға қатысты егемен құқықтар, сондай-ақ теңіз түбіне магистралдық құбырлар салу мүмкіндігі ерекше атап өтілді.

Каспий маңы мемлекеттері Каспийдің бейбітшілік пен ынтымақтастық аймақ ретіндегі мәртебесін жан-жақты нығайтуға келісті. Теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, келісілген әскери қызметтің, халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмыстыққа және есірткінің заңсыз айналымына бірлесіп қарсы тұрудың және браконьерлікке қарсы күрестің тиісті қағидаттары Конвенцияда айқын белгіленген.

Иран Елшісі Каспий маңы мемлекеттерінің Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етудегі мүдделерін атап өтіп, Каспий өңіріндегі экономиканың туристік және көліктік сегменттерін дамытуды ынталандыратын Конвенцияның құқықтық режимінің аспектілерін егжей-тегжейлі талқылады. Спикер Конвенцияны ратификациялау бойынша Ирандағы мемлекетішілік процедуралардың барысы туралы хабардар етті. Бүгінгі таңда Конвенцияға бес қатысушылардың үшеуі ратификациялаудың ұлттық рәсімдерін аяқтады: Қазақстан (08.02.2019), Әзірбайжан (22.02.2019) және Түркіменстан (14.12.2018).

Сұрақ-жауап сессиясы барысында брифингке қатысушылар Каспий теңізінің маңызды геосаяси және геоэкономикалық маңызын мойындай отырып, бес Каспий маңы мемлекеттерінің тату көршілік және әріптестік рухында ымыраға келіп, өзара қолайлы шешімдер іздеуге дәйекті ұмтылуы халықаралық қатынастардың теорияшылары мен практиктері үшін үлгі бола алатынын атап өтті. Каспий теңізінің бірегей экологиялық жүйесін сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Инвестициялық ынтымақтастық пен сауда-экономикалық қатынастарды ынталандыру мәселелері айтылғанда көліктік-транзиттік әлеуетті кеңейту бойынша Каспий маңы елдерімен қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы трансконтиненталдық тасымалдарды дамыту бойынша белсенді жұмысы, Ақтау порты қуатының кеңеюі, жаңа Құрық портының іске қосылуы, сондай-ақ «Белдеу және жол» жаһандық жобасын іске асырудағы Каспий өңірінің рөлі атап өтілді.

Қосылған : 19.06.2019, 19:00, Өзгертілген : 19.06.2019, 19:00