Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидасы

Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру,
ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидасы
1. Жалпы ережелер

1. Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 29 қаңтардағы «Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы» Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, алып қою және жою тәртібін анықтайды.
2. Қайтып оралуға арналған куәлік – азаматтың жеке басын куәландыратын құжат және куәлік иесіне Қазақстан Республикасына бір мәрте кіру құқығын растайтын құжат.
3. Қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерімен (бұдан әрі - шет елдердегі мекемелер) беріледі.
4. Қайтып оралуға арналған куәлік үшін Қазақстан Республикасының Салық Кодексінде ескерілген тәртіп бойынша консулдық алым алынады.


2. Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру,
ауыстыру, алып қою және жою

5. Қайтып оралуға арналған куәлік төмендегілерге беріледі:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына – Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасының қызметтік немесе дипломаттық паспортын жоғалтқанда немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу кезінде паспорттың қолданыс мерзімі аяқталғанда;
2) Қазақстан Республикасының кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарына – Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде туылғанда;
3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларға, - егер де Қазақстан Республикасының аумағынан тыс болып Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ тұлғасы куәлігін жоғалтқан жағдайда;
4) босқындарға – егер де Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жол жүру құжатын жоғалтып алса;
5) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасына кіру үшін жарамсыз құжат иесі болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, - егер де олар Қазақстан Республикасының аумағына қуылса, Қазақстан Республикасына берілсе.
6. Қайтып оралуға арналған куәлік 1 жылдық жарамды мерзімге беріледі.
7. Қайтып оралуға арналған куәлікке төмендегі жазбалар енгізіледі:
1) визалары туралы – шет мемлекеттің виза беруге құзырлы құзыретті органымен;
2) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткені туралы – шекаралық бақылауды жүзеге асырушы шет мемлекеттің шекара қызметі, құзырлы органдарымен;
3) осы уақытқа дейін енгізілген жазбалардың күшін жою туралы – тиісті жазбаны енгізген органмен.
8. Қайтып оралуға арналған куәлікті толтыруда аты-жөні, тегі, әкесінің аты (болған жағдайда) және басқа да мәліметтер сол құжатты беруге негіздеме болған құжатқа сәйкес толтырылады, егер де Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде басқа жағдайлар көзделмеген болса.
9. Қайтып оралуға арналған куәлікті алу үшін шет мемлекеттердегі мекемелерге төмендегі құжаттар ұсынылады:
1) өз бетінше толтырылған өтініш немесе шет мемлекеттің құзырлы органының өтініші (егер де Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрушы азаматтығы жоқ тұлға шет мемлекеттің аумағынан Қазақстанға қуылса немесе Қазақстан Республикасына ұстап берілсе);
2) шет мемлекеттің құзырлы органдарымен азаматтың жеке басын қуәландыратын құжатты жоғалтқаны туралы арызданғанын растайтын құжат;
3) 3х4 см. мөлшеріндегі 2 дана түрлі-түсті фотосурет;
4) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;
5)Заңның 6 бабында көрсетілген азаматтың жеке басын растайтын құжаттың түпнұсқасы;
10. Қайтып оралуға арналған куәлікті 18 жасқа толмаған немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматқа беру заңды өкілінің өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Шет мемлекеттің қайтып оралуға арналған куәлікті беру туралы өтініші немесе қолдаухаты шет мемлекеттегі мекемеде тіркеледі.
11. Қайтып оралуға арналған куәлік өтініш берушінің Қазақстанға қайтуға құқығы расталған жағдайда беріледі.
Заңның 6 бабында көзделген қолданыста болып табылатын құжат болған жағдайда, қайтып оралуға арналған куәлік өтініш берушінің Қазақстанға қайтуға құқығын растаусыз беріледі.
12. Заңның 6 бабында көзделген қолданыста болып табылатын құжат болмаған жағдайда, шет мемлекеттегі мекеме құжаттарды қабылдаған сәттен бастап 3 күндік жұмыс күнінің ішінде азаматтың Қазақстанға кіру құқығын анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі) сұрау жолдайды және бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігін хабардар етеді (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі).
Сұрауға осы Ереженің 1 қосымшасына сәйкес жасалған сауалнама-өтініш жолдануы тиіс.
13. Ішкі істер министрлігі 5 жұмыс күндік мерзім ішінде шет мемлекеттегі мекемеге жауап жолдайды.
14. Төмендегі жағдайлар бойынша қайтып оралуға арналған куәлікті беруден бас тартылады:
1) өтініш берушінің Қазақстан Республикасына кіру құқығы болмаса;
2) осы Ереженің 9 тармағына сәйкес талап етілетін құжаттар толығымен тапсырылмаса;
3) құжаттарды тапсыру кезінде толық емес/немесе шындыққа жанаспайтын мәліметтер берілген болса, 
4) консулдық алым төленбесе.
15. Төмендегі жағдайларда қайтып оралуға арналған куәлік жарамсыз болып табылады және ауыстырылуы қажет әрі шет мемлекеттегі мекемеге тапсырылуы тиіс:
1) Заңның 7 бабы 1 тармағына сәйкес 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшадағы мәліметтер болмаса;
2) оны қолдану мерзімі аяқталса;
3) Заңның 7 бабы 1 тармағына сәйкес 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшалар бойынша мәліметтер немесе құжаттың қорғалу дәрежесі идентификацияланбаса;
4) құзырлы мемлекеттік органға құжатты ресімдеуге берген құжаты жоғалған жағдайда;
5) иесінің құқықтық дәрежесіне сәйкес келмесе;
6) жынысы өзгерсе.
16. Қазақстан Республикасында тұрақты тұру мекенжайына оралған соң, қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарына қайтарылуы тиіс.
Қазақстан Республикасының қызметтік немесе дипломаттық паспорты жоғалған немесе құжатты қолданудың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда ресімделген қайтып оралуға арналған куәлік Сыртқы істер министрлігіне тапсырылуы тиіс.
17. Шет мемлекеттердегі мекемелер, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары бұзылған, пайдаланылған, табылған және қайтарылуы тиіс қайтып оралуға арналған куәліктерді жояды және оған сәйкесінше жою актісін толтырады.
18. Шет мемлекеттердегі мекемелер және Сыртқы істер министрлігі әрбір үш ай сайын, есеп берілуі тиіс айдың 5-не дейін Сыртқы істер министрлігіне жойылған қайтып оралуға арналған куәліктер туралы осы Ереженің 2 қосымшасына сәйкес есеп жолдаулары тиіс.
19. Қайтып оралуға арналған куәлікті алып қою Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген тәртіп пен жағдайлар бойынша жүзеге асырылады.

3. Соңғы қағидалар

20. Қайтып оралуға арналған куәлік бланкілері қатаң бақылаудағы бланкілер болып табылады және Сыртқы істер министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалады.
21. Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердегі мекемелердің сұрауы негізінде қайтып оралуға арналған куәліктің қажетті данасымен қамтамасыз етеді.
22. Осы Ереженің 3-ші қосымшасына сәйкес шет мемлекеттердегі мекемелер қайтып оралуға арналған куәліктердің берілуін тіркеу журналын жүргізеді.
23. Шет мемлекеттердегі мекемелер әр ай сайын, есеп берілуі тиіс айдың 5-не дейін Сыртқы істер министрлігіне Осы Ереженің 4-ші қосымшасына сәйкес қайтып оралуға арналған куәліктердің қозғалысы туралы есеп жолдайды.

Қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісі мен оны қорғауға қойылатын талаптар

Қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісі мен оны қорғауға қойылатын талаптарға қосымша

Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидасына қосымшалар

Қосылған : 26.11.2013, 10:58, Өзгертілген : 26.11.2013, 11:01