Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2013 жылғы « 5 » қыркүйектегі

№ 926 қаулысымен бекітілген


Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру,
ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары
 

1. Осы Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін айқындайды.
2. Қайтып оралуға арналған куәлік – иесінің жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасына бір реттік келу құқығын растайтын құжат.
3. Қайтып оралуға арналған куәлікті Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдердегі мекемелер):
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына – олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған уақытта Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және келісімдерінде көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының қызметтік немесе дипломатиялық паспортын жоғалтқан не олардың қолданылу мерзімі өткен жағдайда; 
2) Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматтарына – олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған жағдайда; 
3) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға – олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған уақытта азаматтығы жоқ адамның куәлігін жоғалтқан жағдайда; 
4) Қазақстан Республикасында босқындар деп танылған адамдарға – олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған уақытта жол жүру құжатын жоғалтқан жағдайда; 
5) Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасына келу үшін жарамсыз құжаттары бар азаматтығы жоқ адамдарға – олар Қазақстан Республикасына шығарып жіберілген, Қазақстан Республикасына берілген жағдайда ресімдейді.
4. Қайтып оралуға арналған куәлікті алу үшін шетелдердегі мекемелерге:
1) еркін нысандағы өтініш немесе шет мемлекеттің құзыретті органының қолдаухаты (Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасына шығарып жіберілген немесе Қазақстан Республикасына берілген жағдайда);
2) жеке басын қуәландыратын құжатты жоғалтқаны туралы өтінішін растайтын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжат;
3) өлшемі 3х4 см 2 дана түрлі-түсті фотосурет;
4) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;
5) жеке басын куәландыратын құжаттардың (болған кезде) бірінің түпнұсқасы, ал ол болмаған жағдайда осы Қағидаларға қосымша сәйкес толтырылған сауалнама-өтініш;
6) жынысының өзгеру фактісін растайтын шет мемлекеттің медициналық мекемесі берген тиісті құжат тапсырылады.
5. Қайтып оралуға арналған куәлік 1 жыл қолдану мерзіміне ресімделеді.
6. Қайтып оралуға арналған куәлік: 
1) Қазақстан Республикасының азаматтығын;
2) Қазақстан Республикасындағы тұрақты тіркелуін;
3) Қазақстан Республикасындағы босқын қолданыстағы мәртебесін растау негізінде ресімделеді.
7. жеке басын куәландыратын құжаттардың бірінің түпнұсқасы болған жағдайда, қайтып оралуға арналған куәлік осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген негіздерді растаусыз екі жұмыс күні ішінде ресімделеді. 
8. жеке басын куәландыратын құжаттардың бірінің түпнұсқасы болмаған кезде шетелдегі мекеме осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген негіздерді растау үшін құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі) сұрау сауалды жолдайды және бір мезгілде бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігін (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) хабардар етеді.
9. Ішкі істер министрлігі сұрау сауалды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шетелдегі мекемеге жауап жолдайды және бір мезгілде туралы Сыртқы істер министрлігін хабардар етеді.
10. Шетелдегі мекеме осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген негізідерді Ішкі істер министрлігі растаған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдейді және береді.
11. Қайтып оралуға арналған куәлікке:
1) шет мемлекеттің визалар беруге уәкілетті құзыретті органы – визалар туралы;
2) шекара қызметі органы, шет мемлекеттің шекаралық бақылауды жүзеге асыратын құзыретті органы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан және басқа мемлекеттердің мемлекеттік шекараларынан өту туралы;
3) тиісті белгіні енгізген орган – бұрын енгізілген белгілерді жою туралы белгілер енгізеді.
12. Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеуден: 
1) осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген негіздемелер расталмаған; 
2) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар пакеті толық ұсынылмаған;
3) құжаттарды тапсыру кезінде толық емес және/немесе дәйексіз мәліметтер ұсынылған;
4) консулдық алым төленбеген жағдайда бас тартылады.
13. Берілген қайтып оралуға арналған куәліктер туралы мәліметтер Сыртқы істер министрлігі айқындаған қайтып оралуға арналған куәліктерді беру тізіліміне енгізіледі.
14. Қайтып оралуға арналған куәлік мынадай:
1) Заңның 7-бабы 1-тармағының 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген деректер болмаған;
2) оның қолдану мерзімі өткен;
3) Заңның 7-бабы 1-тармағының 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген деректерді не құжаттың қорғалу дәрежесін сәйкестендіру мүмкін болмаған;
4) иесі уәкілетті мемлекеттік органға өтініш берген күннен бастап құжат жоғалған;
5) иесінің құқықтық мәртебесіне сәйкес келмеген;
6) жынысын өзгерткен жағдайларда жарамсыз болып табылады және ауыстырылуға әрі шетелдердегі мекемеге тапсырылуға тиіс.
15. Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу үшінкөзделген жалпы негіздерде жүзеге асырылады.
16. Қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасына келген соң, тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына тапсырылады және жоғалған жеке басты куәландыратын құжаттарын қалпына келтіру материалдарына қосылады.
Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты немесе дипломатиялық паспорты жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен кезде берілген қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасына келген соң Сыртқы істер министрлігіне тапсырылуға тиіс.
17. Осы Қағадилардың 6-тармағында көзделген негіздердің болмау фактісі анықталған жағдайларда шетелдегі мекеме бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдарына және Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына хабарлау арқылы бұрын берілген қайтып оралуға арналған куәлікті алып қою шараларын қабылдайды.
Қайтып оралуға арналған куәлікті кейіннен алып қоюды алдын ала тергеу, анықтау органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу және азаматтықты жоғалтуды ресімдеу барысында лауазымды адамдар жүргізеді. 
18. Қайтып оралуға арналған куәлікті сақтау және жою Қазақстан Республикасының ұлттық қор және мұрағаттар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қосымша. Сауалнама-өтініш

Куәліктің үлгісі

Үлгіге қосымша

Қосылған : 22.11.2013, 14:08, Өзгертілген : 26.11.2013, 10:11