Айдарбек Тұматов "Сирия бойынша Астана процессіне бір жыл: нәтижелер мен бағасы"

Айдарбек ТҰМАТОВ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры

Сирия бойынша Астана процессіне бір жыл: нәтижелер мен бағасы

Сириядағы азаматтық соғыс бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарында тұрған, ХХІ ғасырдың екінші он жылдығының барынша қантөгіске толы қақтығыстарының бірі болып табылады. Бұл елдегі соғыс іс-қимылдары, бірінші кезекте, Сирия халқының иығына артылған қайғылы ауыртпалық болды. Мәселен, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі агенттігінің деректері бойынша қақтығыс уақыты ішінде 5,5 миллионнан астам адам босқындардың әлемдегі аса ірі дағдарысын тудырып, ел аумағын тастап кетті.

Сирияның айтарлықтай аумағын басып алған және өз ықпалын жақын орналасқан елдерге тарату қаупін тудырып отырған «ДАИШ», «Джабхат ан-Нусра» сияқты террористік топтардың және олармен сыбайлас қарулы топтардың жандануы бүкіл әлемнің үстіне төніп тұрған жеке-дара қатер болып отыр.

Осылайша, жалғасын тауып отырған қақтығыс халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде де, сонымен бірге болашақта бүкіл Таяу Шығысты геосаяси жағынан жайластыру үшін де әлемдік саясаттың ең кешенді проблемаларының бірі болып табылады.

Сириядағы қантөгісті жедел түрде тоқтатудың өткір қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 17 желтоқсанда Ресей Президенті Владимир Путиннің және Түркия Президенті Реджеп Эрдоганның Астана қаласында сирияаралық реттеу бойынша келіссөздер өткізу жөніндегі бастамасын қолдады.

Сирия бойынша келіссөздер өткізуге арналған алаң ретінде Астананың таңдалуы Қазақстанның өзін халықаралық қоғамдастықтың сеніміне ие болған және барлық мүдделі тараптармен достық қарым-қатынастарды қолдайтын бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде көрсеткеніне байланысты болды. Осының арқасында, араларындағы тамырын тереңге жайған қайшылықтарға қарамастан, 2011 жылғы қақтығыс басталған сәттен бастап алғаш рет Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның өкілдері Астана процесін бастап, бір келіссөздер үстелінде бас қосты.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2336 (2016) қарарында Астанада келіссөздердің басталуының Сирияда бейбітшілікке қол жеткізудегі маңызды қадам ретінде аталып өткенін айту қажет. Қазақстан тарапы өз кезегінде, кепілгер елдердің өкілдері үшін де, сондай-ақ САР Үкіметі мен қарулы оппозиция үшін де келіссөздердің табысты болуына қажетті барлық жағдайларды жасауға тырысты.

Астана процесінің күн тәртібі 2016 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылған Сирия Үкіметі мен қарулы оппозицияның арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің негізінде жасалды. Астанадағы келіссөздер басты мақсатқа –Сирияда атысты тоқтату режимінің сақталуының тиімді механизмдерін жасау арқылы оны сақтауға және оны күшейтуге бағытталды. Соғыс іс-қимылдарын тоқтату «sine qua non» шарты болды, онысыз саяси реттеу жөніндегі кез келген келіссөздердің нәтижесі болмас еді. Айта кететін жәйт, мұны БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі, Женевадағы саяси трек шеңберінде кездесулерге басшылық жасайтын Стаффан де Мистура мойындады.

Қазіргі кезде Сириядағы жанжалды реттеу жөніндегі Астана процесінің 2017 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында өткізілген сегіз раунды Сириядағы оқиғалар барысын түбегейлі өзгертті және жауласушы тараптардың арасындағы ірі ауқымды қарулы іс-қимылдардың деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді деп айтуға толық негіз бар.

Кепілгер елдердің – Ресейдің, Түркияның және Иранның – атысты тоқтату режиміне мониторинг жасау және оның толық сақталуын қамтамасыз ету, арандатушылықтарды тоқтату және қарулы топтардың тоқтату режиміне қосылуына арналған шарттарды айқындау бойынша үшжақты механизм құру жөніндегі шешімі 2017 жылғы қаңтардағы келіссөздердің бірінші раундының басты қорытындысына айналды.

2017 жылғы 4 мамырда кепілгер елдер қол қойған Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум Астана процесінің тағы бір маңызды кезеңі болды, оған сәйкес Идлиб, Латакия, Хама, Алеппо, Хомс, Дамаск маңындағы Шығыс Гута провинцияларындағы төрт қауіпсіздік аймағында, сондай-ақ Дераа және Эль-Кунейтр оңтүстік провинцияларында әскери қимылдар толық тоқтатылды. Осы деэскалация аймақтарының шекараларында қауіпсіз және кедергісіз гуманитарлық көмекке қол жетімділік қамтамасыз етілді, халыққа медициналық көмек көрсетуге және азаматтардың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған жағдайлар жасалды, инфрақұрылым объектілерін, бірінші кезекте, сумен және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды, босқындар мен ел ішінде қоныс аударған адамдарды қауіпсіз, ерікті түрде қайтару үшін жағдайлар жасалды.

Келіссөздердің барлық рауындтары бойында әскери сарапшылармен қатар қарулы оппозицияны террористік топтардан бөлу бойынша күрделі де қиын жұмыс жүргізілді, ол түпкі қорытындысында кепілгер елдерге күштерін халықаралық терроризмге қарсы күреске жұмылдыруға мүмкіндік берді.

Жоғарыда аталып өткен Астанадағы келіссөздердің барлық алдыңғы рауындтарының бойында кепілгер елдердің күш-жігерінің арқасында қол жеткізілген Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейін елеулі түрде азайту гуманитарлық көмекке де назар аударуға мүмкіндік берді. Айталық, Астанадағы келіссөздердің желтоқсандағы соңғы раундының барысында «Ұсталғандарды/кепілге алынғандарды босату, қаза болғандардың мәйіттерін беру және хабарсыз кеткендерді іздестіру туралы ережеге» қол қойылды. Уағдаластықтарға сәйкес құрамына кепілгер елдердің өкілдерімен бірге БҰҰ-ның қызметкерлері де кіретін жұмыс тобы құрылады. Бұл ретте, кепілгер елдер тараптардың кез келген жағдайларда ұсталған адамдармен адамгершілік тұрғысында қарым-қатынас жасауы үшін оларға өз ықпалын пайдалануға міндеттенеді.

Осы бағытқа көп күш жұмсау міндеті тұр, өйткені қарсы күресуші тараптардың арасында, әсіресе кепілге алынғандармен және тұтқындармен алмасу сияқты нәзік мәселеде сенбеушілік деңгейі өте жоғары болады. Барлық мүдделі тараптарда нақ осы бағытта прогреске қол жеткізу қажеттілігі жөнінде түсінік бар.

Бастапқыда, Сириядағы жағдайды реттеу үшін Астана алаңын беру туралы шешім қабылдай отырып, біз БҰҰ ҚК тиісті қарарымен қолдауға ие болған Астанадағы кездесулер Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылады және оппозиция мен САР Үкіметінің саяси келіссөздеріне елеулі серпін беруге арналады деген түсінікті негізге алған болатынбыз. Іс жүзінде Астана процесінің барлық раундтарына қатысқан және қол жеткізілген нәтижелерді жоғары бағалаған БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура да нақ осыны басшылыққа алды. Қорытындысында, ұзақ үзілістен кейін 2017 жылғы ақпан-наурызда қайта жалғасқан Женевадағы келіссөздердің өткен раундтары Астана процесі шеңберіндегі келіссөздер арқылы негізі қаланған Сириядағы белсенді әскери қимылдардың тоқтатылуы жағдайында өтті. Бұл тараптарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарары талап ететіндей, күн тәртібінің саяси бөлігін талқылауға көшуге мүмкіндік берді. БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча: «Женевадағы Сирия мәселесін шешудің саяси процесі Астана алаңында қолдау тапты», – деді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 29-30 қаңтарда Сочиде Сирия ұлттық диалогының конгресі өтті, оны өткізу туралы шешімді кепілгер елдер 2017 жылғы желтоқсанда Астана процесінің барысында қабылдаған болатын. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистураның басшылығымен Конституциялық комиссияның құрылуы Конгресстің негізгі қорытындысы болды, ол комиссия елдің жаңа Конституциясын әзірлеуге кірісуге тиіс. Конгреске қатысушылар атап өткендей, оның өткізілуі Астанадағы келіссөздердің арқасында мүмкін болды.

Бүгінгі таңда барлық мүдделі тұлғалардың Сирия дағдарысының түпкілікті саяси шешіміне қол жеткізу қажеттігі жөніндегі пікірлері бірдей. Алайда олар осы уақытқа дейін жанжалға тартылған тараптардың арасында өзара сенімнің болмауы бейбіт процеске қауіп төндіретін кедергі болып табылатындығын мойындауға мәжбүр. Сенімнің болмауы Астана алаңында да, әсіресе тараптар туындаған қарама-қайшылықтарды қиыншылықпен жеңген кездесулердің алғашқы раундтары кезеңінде келіссөздерді жалғастыруға әлденеше рет қауіп төндірген болатын. Нәтижесінде, Қазақстанның келіссөз процесіне тікелей тартылмағанына қарамастан, біз келіссөздерге қатысушылардың арасындағы қайшылықтардың өткір тұстарының тігісін жатқызу үшін айтарлықтай дипломатиялық күш-жігер жұмсауға мәжбүр болдық. Мәселен, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Сирия Үкіметінің және қарулы оппозицияның өкілдері арасындағы бірнеше мәрте өткен кездесулердің барысында Сирия дағдарысын реттеудегі одан арғы прогреске арналған келіссөздер кезінде ымыраға келудің қағидаттық маңыздылығына назар аударылды.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана алаңын келіссөз процесі үшін беру туралы шешімі біздің 2017-2018 жылдардағы кезеңде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуы уақытына сәйкес келгенін атап өткіміз келеді. Бұл жағдай Қазақстанның дипломатиялық ведомствосына қосымша жауапкершілік жүктейді. Осыған байланысты, Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді шешу бойынша одан әрі де барынша күш жұмсайтын болады. Халықаралық қоғамдастықтың барлық елдері, әсіресе Сириядағы жауласушы тараптарға ықпалы бар елдер барлық бар қайшылықтарды кейінге қалдырып, миллиондаған қарапайым сириялықтардың қайғы-қасіретін тоқтату үшін осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға барынша күш-жігер жұмсайды деп сенеміз.

Қорыта келгенде, Сирия дағдарысының тереңдігіне, осы елде тұрақты түрде шиеленістің күшеюіне байланысты, Сириядағы әскери жағдайды бейбіт жолмен реттеу үшін Астана процесі саяси мәселелерді шешуге бағытталған Женева процесімен қатар өз жұмысын жалғастыруда.



Қосылған : 12.04.2018, 19:35, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:35