Абдулазиз Камилов. Орталық Азия жалпы өңірлік дамуы тұрғысындағы Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасының стратегиялық әріптестігі

Әбдулазиз КАМИЛОВ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК

ДАМУЫ ТҰРҒЫСЫНДАҒЫ

ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІГІ

Бүгінгі таңда Өзбекстан мен Қазақстанда біз елдеріміздің арасындағы достық пен тату көршіліктің ғасырлық шежіресінің жаңғыру үдерісінің куәгерлері мен тікелей қатысушылары болып отырмыз.

Өзбек пен қазақ ежелден қоян-қолтық араласып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Уақытпен сыналған бауырластық қатынастар және стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейі жаңа мазмұнмен байытылуда. Соңғы екі жылдың ішінде өзбек-қазақ қатынастарын әртүрлі салалар мен бағыттарда дамыту барысында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік.

Бірлескен күш-жігердің арқасында саяси сенімділіктің мүлдем жаңа атмосферасы құрылды. Бұрын халықтарымыздың әл-ауқатын одан әрі дамыту мен жақсартуда ортақ мүдделерге қол жеткізу үшін өзара жақындасу жолында кедергі болған көптеген мәселелерде серпіліс жасалды. Сауда, инвестициялық, көліктік-коммуникациялық, кооперациялық-өндірістік, мәдени-гуманитарлық байланыстар, шекара маңы және өңіраралық ынтымақтастық, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қазіргі заманның сын-қатерлеріне бірлесіп қарсы тұрусаласындағы өзара іс-қимыл жандандырылып кеңейтілуде.

Мәңгі достық пен Стратегиялық әріптестік туралы шарттардың ережелері негізінде өзара тиімді және көпжоспарлы ынтымақтастықтың серпінді дамуының берік іргетасы құрылды. Екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасы барынша нығайтылды.

Бүгін жемісті және сындарлы ынтымақтастық үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған – бұл барлық деңгейлердегі өзара терең түсіністіктің көрінісі. Оған стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сөзсіз, жаңа серпін берген мемлекет басшыларының өзара сапарлары айтарлықтай ықпал етті.

Өзбекстан мен Қазақстан басшыларының әрбір кездесуі әрдайым зор рухани ынта мен мүдделерге толы, өйткені олардың аясында тараптар өзара қызығушылық тудыратын көптеген мәселелер бойынша пікір алмасады, достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін нақты келісімдерге қол жеткізеді.

Сонымен қатар, министрліктер мен ведомстволар деңгейіндегі кездесулер тұрақты сипатқа ие болып, өңірлер арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Шекара маңы және өңіраралық қатынастар кеңеюде және тереңдей түсуде, экономикалық қатынастарды жандандырудың жаңа тетіктері құрылуда.

Осы тұрғыда өткен жылы қарашада Шымкент қаласында сәтті өткен Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумы екіжақты қатынастар үшін маңызды оқиға болды. Форум қорытындысы өзбек-қазақ экономикалық ынтымақтастығының кең, бірақ әлі тимеген әлеуетін көрсетті.

Елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа көзқарастары мен үрдістері екі жақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға себеп болды. Қазақстан Өзбекстанның ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Елдеріміз арасындағы экономика, сауда, көлік, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 2018 жылы екіжақты сауда айналымы 47%-ға артып, 3,022 млрд. долл. құрады.

Өзбек-қазақ қатынастарының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауда және нығайтуда, өзара құрмет сезімін тәрбиелеуде, өзара байытуда және елдеріміздің халықтарының одан әрі жақындасуында маңызды рөл атқаратын мәдени-гуманитарлық сала. 2018 жылы өткен Қазақстандағы Өзбекстан жылы екіжақты мәдени байланыстардың дамуының жарқын белгісі болып табылады. Көпжылдық жемісті ынтымақтастықтың тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл бірегей оқиға бір-біріне жақын екі халықтың арасындағы шынайы бауырластықты көрсетті. Үстіміздегі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу үшін белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Соңғы екі жылда табысты және нәтижелі өзара іс-қимылдың деңгейі Қазақстан мен Өзбекстанның бауырлас халықтарының мүдделеріне толығымен жауап береді және бүкіл Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Мұндай серпіліс мемлекет басшыларымыз Шавкат Мирзиёев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың тату көршілік қарым-қатынастарын дамытуға, жалпы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және нығайтуға, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің бірлестігіне бағытталған саяси ерігінің арқасында мүмкін болды.

Өзбекстан Республикасының Президенті жақын көршілерімен ашық және сындарлы саясат жүргізу, Орталық Азиядағы проблемаларды теңдік, мүдделерді өзара есепке алу және орынды ымыраға келу негізінде шешу елдің басты сыртқы саяси басымдығы екенін айқын және нақты анықтап берді. Осы күш-жігердің барлығы Орталық Азияны тұрақты, қауіпсіз және өркендеуші өңір жасауға бағытталуы керек.

Осы міндеттерге қол жеткізу, сондай-ақ бүкіл өңіріміздің орнықты және серпінді дамуын қамтамасыз ету негізінен Орталық Азия мемлекеттерінің өзара іс-қимылы қаншалықты тығыз және үйлесімді болатынына байланысты. Осы тұрғыда бауырлас елдеріміздің серіктестігі өңірлік тұрақтылықты нығайту және жалпы Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамыту үшін маңызы зор.

Бұл тек саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа ғана емес, сондай-ақ терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, есірткі саудасы сияқты Орталық Азиядағы негізгі трансшекаралық қауіп-қатерлерге қарсы күреске қатысы бар.

Біздің халықаралық ұйымдардың, ең алдымен БҰҰ, ШЫҰ, ТМД және т.б. аясындағы тығыз ынтымақтастығымызды атап өткім келеді. Біз осы ұйымдардың шеңберінде жалпы Орталық Азияның мүдделерін қозғайтын маңызды мәселелерді қарау кезіндегі өзара қолдаудың деңгейін жоғары бағалаймыз.

Олардың ішінен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру (ОАЯҚАА), сондай-ақ 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау ерекше маңызға ие. Әлемдік қауымдастық Орталық Азия елдерінің атомдық қарулардан азат әлемге деген ұмтылысын ғана емес, сондай-ақ Семейдің маңындағы сынақ полигонының жабылғанын жариялаған Қазақстанның осы үдерістегі еңбегін мойындады.

Бұдан басқа, Өзбекстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету шеңберінде 2018 жылы «Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігі үлгісі ретінде құру» министрлер деңгейіндегі пікірсайыстарын ұйымдастыру бастамасын қолдады.

Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс форум барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуі. Ақорда, Астана қ, 2018 жылғы 15 наурыз

Осы тұрғыда, Орталық Азия үшін тарихи маңызы бар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тұрақты Консультациялық кездесулерін ұйымдастыру туралы бастамасының бірлесіп іске асқанын атап өткім келеді. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев толық қолдады және Қазақстан басшысының ұсынысымен 2018 жылы 15 наурызда Астанада алғаш рет осындай кездесу өткізілді. Мұндай формат өңірдегі елдермен тұрақты сенімді диалогтысақтау және өңір үшін өзекті мәселелер бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеу үшін жақсы алаң болып табылатынын атап өткен жөн. Бұл бастама Орталық Азия мемлекеттерінің өңірдегі халықтардың болашағы үшін ортақ мүдделер мен жауапкершіліктің идеясына деген берік ұстанымының арқасында іс жүзінде жүзеге асты.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2018 жылдың маусым айында қабылдаған «Орталық Азия өңіріндегі бейбітшілікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту» қарары тарихи маңызы бар оқиғаға айналды. Бұл шешім Орталық Азияның біртұтас, шоғырландырылған өңір ретінде, ортақ проблемаларды бірлесіп шешуге және оның көп миллион халықтың өркендеуін қамтамасыз етуге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуында маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, Орталық Азия елдері 2018 жылдың желтоқсанында қабылданған «Білім және діни толеранттылық» БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының қос авторларына айналды. Қарар бейбітшілікті, өзара сыйластықты, толеранттылықты және интеграцияны ілгерілетуге бағытталады. Оның мақсаты - діни сенім бостандығын нығайту және қамтамасыз ету, сенушілердің құқықтарын қорғау және кемсітушілікті алдын алу.

Бүгінгі таңда Орталық Азия әлемдік саясаттың перифериясында емес екені анық. Әлемдік қауымдастықтың және халықаралық қатынастардың негізгі акторларының өңірге деген назары жыл сайын артып келеді. Оған, сондай-ақ, өңірдегі елдердің өсіп келе жатқан белсенділігі және олардың өңірдегі және жаһандық саясаттағы маңызды мәселелерді талқылауға мен шешуге деген қызығушылығы ықпал етуде.

Бұл жетістіктерге өңірдегі елдердің, соның ішінде Өзбекстан мен Қазақстанның бірлескен күш-жігері мен жалпы өңірлік бастамалары арқасында қол жеткізілді.

Осыған байланысты, өңірлік әріптестікті нығайтуға, экономиканың әртүрлі салаларындағы интеграцияны тереңдетуге және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға дәйекті қолдау көрсетіп келе жатқан Өзбекстан мен Қазақстан көшбасшылары ұстанымдарының сәйкестігін атап өткім келеді.

Бүгінгі таңда өңіраралық ынтымақтастықты тереңдету және дамыту үшін кең мүмкіндіктерді қалыптастыру және оны сапалы жаңа деңгейге шығару үдерісі жүруде. Орталық Азия мемлекеттерінің алдында достықтың, тату көршіліктің, өзара қолдаудың және ынтымақтастықтың ғасырлық шежіресінің шын мәнінде жаңа беті ашылды.

Осының барлығы жаңа ірі өңірлік экономикалық және саяси бастамаларды жүзеге асыру, өңірдегі елдердің қауіпсіздік пен орнықты даму саласындағы ортақ мүдделерінің нығаюы, сондай-ақ Орталық Азияның жалпы мәдени және өркениеттік сәйкестігі үшін негіз болды.

Елдеріміздің берік саяси еркі бар екенін және бірлескен күш-жігердің арқасында өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша сенімді, ашық және сындарлы диалогты жалғастыруға, Орталық Азия мемлекеттерінің белсенді қатысуымен екіжақты және өңірлік деңгейде өзара қызығушылық тудырған барлық бағыттар бойынша көпжақты тәжірибелік және стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өткен жөн.

_________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Әбдулазиз Камилов – Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі. КСРО СІМ дипломатиялық академиясын, КСРО Ғылым академиясының Шығыстану институтын аяқтады.

КСРО-ның Ливандағы және Сириядағы елшіліктерінде (1973-1984), КСРО СІМ (1984-1988), КСРО Ғылым академиясының Әлем экономикасы және халықаралық қатынастар институтында (1988-1991) жұмыс істеді.

Өзбекстанның тәуелсіздік алған алғаш күндерінен бастап республиканың мемлекеттік құрылымдарында қызмет атқарып келеді: Өзбекстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесшісі (1991-1992), Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары (1992-1994), сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, министр (1994-2003), Өзбекстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі.

1998-2003 жылдарӘлем экономикасы және дипломатия университетінің ректоры.

2003-2010 жылдарӨзбекстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (Канада мен Бразилиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы).

Соңғы лауазымы – Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (2010-2012).

Тарих ғылымдарының кандидаты. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Араб және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Ордендармен және мерекелік медальдармен марапатталған.

Қосылған : 29.03.2019, 10:15, Өзгертілген : 29.03.2019, 10:15