Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 18 қараша

Мазмұны:


1. Қазақстан-герман сімаралық консультациялар туралы;

2. ҚР Сыртқы істер министрінің ЕО елшілерімен кездесуі туралы;

3. ҚР азаматтарын қабылдау туралы;

4. Гонконгтағы жағдай бойынша.


1. Қазақстан-герман сімаралық консультациялары туралы 

19 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Германия Федералдық Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері бойынша уәкілетті өкілі Михаел Зибертпен кездесуі өтеді.

Келіссөздердің күн тәртібінде Мемлекет басшысының ГФР-ға алдағы ресми сапары, Орталық Азия бойынша ЕО Стратегиясын іс жүзінде іске асыру, сондай-ақ өңірлік құрылымдар мен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі екі елдің өзара іс-қимылы кіреді.


2. ҚР Сыртқы істер министрінің ЕО елшілерімен кездесуі туралы

20 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Қазақстандағы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кеңейтілген кездесуі өтеді. Оның барысында екіжақты және көпжақты ықпалдастық, соның ішінде 2020 жылғы жоспарланған іс-шаралар мен сапарларға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланады деп күтілуде.


3. ҚР азаматтарын қабылдау туралы

21 қарашада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азаматтарды бірыңғай (ұлттық) қабылдау күні аясында азаматтарды қабылдайды.

Қабылдауға жазылу үшін алдын ала Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне хабарласу қажет.


4. Гонконгтағы жағдай бойынша

Гонконгта наразылықтардың ушығуына, соның ішінде университеттер аумағында, сондай-ақ оларға іргелес аудандарда ахуалдың шиеленісуіне байланысты Гонконгтың бірқатар жоғары оқу орындары, соның ішінде қазақстандық студенттер оқып жатқан оқу орындары екінші семестрге дейін (2020 ж. қаңтарға дейін) сабақтарды тоқтату немесе қашықтықтан оқытуға (онлайн) көшу туралы шешім қабылдады.

Осыған байланысты, ҚР Сыртқы істер министрлігі Гонконгта оқып жатқан барлық студенттерге Қазақстанға оралуды ұсынады. 

Сонымен қатар, министрлік ҚР азаматтарын қауіпсіздік жағдайы тұрақтанғанша Гонконгқа аса қажеттіліксіз бармауға шақырады. Гонконгта болуға мәжбүр болған азаматтарды барлық қажетті сақтық шараларын қабылдауды сұраймыз. БАҚ-та және Гонконгтағы Қазақстанның Бас консулдығының ресми сайтында ақпаратты бақылап отыруға болады.

Біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елге уақытылы қайтып келу мақсатында «Air Astana» әуекомпаниясымен айыппұл төлеу және баға айырмашылығын төлеместен бұрын сатып алынған билеттерге ұшу күнін өзгерту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізілді (студенттердің көпшілігі желтоқсан айының соңына, демалысқа сәйкес билеттері бар).

Сондай-ақ, Қазақстанның Гонконгтағы Бас консулдығы Қазақстандық студенттер ассоциациясымен бірлесіп студенттерді жинау мен әуежайға дейін тасымалдау шаралар ұйымдастырып жатқанын атап өтеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанға 118 студент қайтып келді (14 қараша – 16 студент, 15 қараша – 34 студент, 18 қараша – 68 студент). Алдағы күндері тағы 40-қа жуық студентті қайтару жоспарланып отыр.

Қосылған : 18.11.2019, 17:50, Өзгертілген : 18.11.2019, 17:50