Рәпіл ЖОШЫБАЕВ, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары: Озық технологиялардың тартылыс алаңы

– Рәпіл Сейітханұлы, Елбасы «ЭКСПО» көрмесіне қатысуға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды тартуды тапсырды. Осы жұмыс қалай жүзеге асуда?

– Сыртқы істер министрлігі «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ және еліміздің шетелдегі өкілдіктерімен бірлесе отырып, бірқатар үлкен шаралар атқарды. Олай дейтінім, қандай да бір шараға халықаралық қатысушыларды тарту – бірнеше кезеңнен тұратын қиын үдеріс. Бұл – сіздер ойлағандай бір сағатта, яки бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Мәселен, халықаралық қатысушыларға Мемлекет басшысы мен Премьер-министрдің атынан ұсыныс хат жолдау, оларға көрменің мақсат-міндетін түсіндіру, жоба жоспарымен таныстыру, ресми келісімдерін рәсімдеу және тағысын тағы толып жатқан құжат толтыру шаралары бар. Бұдан кейін көрме өткізетін павильондарын белгілеу, қатысушылардың талабына сай шарт жасасу, Комиссарын белгілеу, күнін бекіту және екіжақты келісімшартқа қол қою сынды жұмыстары тағы бар. Міне, осындай ірілі-кішілі қыруар жұмыстар атқарылып, бүгінде көрмеге қатысушы мемлекеттерді тарту бойынша жоспар толық орындалды. Бастапқы жоспарға сәйкес, 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйымдарды тарту көзделсе, қазіргі уақытта 115 ел мен 22 дүниежүзілік ұйым көрмеге қатысатынын ресми мақұлдады.

– «ЭКСПО»-ға қатысушылар жасыл энергетика саласында қандай жаңа технологиялар көрсетуді жоспарлауда?

– Көрменің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Қатысу­шылармен байланыс орнату барысында аталмыш тақырыптың маңыздылығына сан мәрте көз жеткіздік. «ЭКСПО – 2017» – жаңа технологиялардың тартылыс алаңы іспеттес. Мұнда біз тіпті елестетіп көрмеген тың жаңалықтар көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл – жас таланттар мен ғалымдар үшін өз идеяларын ұсынып, мүмкіндіктерін сынап көруге болатын мекен.

Шараға қатысушы мемлекеттер елордада өтетін көрменің тақырыбын жан-жақты ашуға тырысып бағуда және қайта қалпына келетін энергия көздері саласында өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Мәселен, көршілес Қытай интерактивті 3D технологияның көмегімен осы елдегі энергетика дамуының негізгі кезеңдерін көрсетеді. Сондай-ақ қытайлық ғалымдар ойлап тапқан тәжірибелік термоядролық реактор – «жасанды күннің» қалай жұмыс істейтінін ұсынбақ. Нанотехнологияны жасауда алдына жан салмайтын Корея елі электрлі жабдықтаудың ақылды желісін, отынмен жүретін автокөліктер мен энергия сақтайтын жаңа құрылғыларын (ESS) көрсетуді жоспарлап отыр. Нидерланды өз елінің тарихы, алдыңғы қатарлы технологиялары мен инновация­ларын голографиялық шоу жасау арқылы ұсынбақ. Мұнда көрермен голограмма мен дыбыс эффектілерінің технологиялық байланысын тамашалай алады. Ағылшындар өз павильонында энергияны үнемдеу мен өндірістің тәсілін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін «графен» деп аталатын болашақтың материалын ұсынса, неміс жұрты екі және төрт дөңгелекті заманауи электрокөліктер мен энергияны шығындаудан гөрі, өндіретін «ақылды үйлерді» көрсетеді. Швецария өз кезегінде жаңа технологиялардың көмегімен жасалған энергетикалық тұрғыда тәуелсіз және экологиялық таза үйлерін көпшілік назарына ұсынбақ. Румыния әлемдегі ең жылдам лазерін көрсетсе, тайландтықтардың көрмесінен ауыл шаруашылығындағы өндіріске жарамсыз қалдықтарды қайта қалпына келтіру энергиясын тамашалай алады.

– Бұдан өзге, көрме аясында қандай халықаралық шаралар ұйымдастырылады?

– Көрермендерге энергетика саласындағы шетелдік тың технологиялық жаңалықтарды ұсынудан бөлек, халықаралық мәдени, ойын-сауық шаралары мен түрлі жобалар ұсынылады. Мәселен, әр күні қатысушы мем­лекеттер өздерінің Ұлттық күнін атап өтеді. Мұнда көрермен қауым әр елдің мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, киімдері және аспаптарымен таныса алады.

9 маусым күні өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінің салтанатты ашылуы қарсаңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиыны өтетіні мәлім. Көрмеге қатысушы мемлекеттердің басшыларынан бөлек, ШЫҰ арнайы қонақтары мен бақылаушылары келеді деп күтілуде. Көрме өтетін 93 күнде ресми делегациядан өзге туристердің көптеп келуіне жағдай жасап жатырмыз. «ЭКСПО – 2017» аясында Энергетика және туризм министрлерінің қатысуымен түрлі халықаралық конференциялар өтеді. Көрменің жабылу салтанаты Ислам ынтымақтастық ұйымының бірінші саммитімен тұспа-тұс келіп отыр.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ және Астана қаласы әкімдігімен мәдениет және спорттық шаралардың күнтізбесін жасады. Сонымен, 3 айда елордада үш мыңнан астам түрлі шаралар өтеді деп жоспарлануда.

– Туристердің көптеп келуіне жағдай жасалуда дедіңіз. Осы орайда нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылды?

– Жалпы, 2 миллионға жуық көрермен келеді деп күтілуде. Әлемдегі туристік ассоциациялармен серіктестік орнату үшін 47 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ шетелдік туристерді тарту мақсатында «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы ITB Berlin, (Германия), JATA (Жапония), PATA (Үндістан, Индонезия), COTTOM (Қытай), MITT (Ресей), ITE (Гонконг), WTM (Ұлыбритания) сынды компаниялар халықаралық көрмелерге қатысып, дүниежүзілік туроператорларға «ЭКСПО»-ны жан-жақты таныстыруда. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерде көрме жайында таныстырылым роуд-шоулар өткізілді. Нәтижесінде, шетелдік туроператорлармен 30 келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ «ЭКСПО керуен» жасақталды. Бұл – интерактивті мобильді павильон. Мұнда келушілерге жаңа технологиялық мүмкіндіктер арқылы Қазақстан, еліміздің астанасы мен аймақтары жөнінде және елордада өтетін «ЭКСПО» турасында толық мәлімет ұсынылды.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропалық Одақ, Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур Республикасы мен Монако князьдігінің азаматтары үшін 30 күнге дейін визасыз өту жүйесі күшіне енді. Мамыр айының соңынан бастап, Польша, Венгрия, Финляндия, Қытай елдері Астанаға аптасына 11 рейс болатын жаңа әуежолдарын ашуда. Еліміздің әуекомпанияларымен бірлесе отырып, Сиань, Киев, Ереван, Челябинск қалаларына жаңа рейстер ашылады.

Осы орайда «ЭКСПО – 2017» көрмесі «Нью-Йорк Таймс» басылымының нұсқасы бойынша биылғы жылы баруға болатын үздік жерлердің көрсеткішінде 52-орынға табан тіреді.

– Көрме аяқталғаннан кейін ондағы инфрақұрылым қандай мүддеге қолданылады?

– Көрмеден кейін инфрақұрылымдардың халықтың пайдасына жарау қажеттігі турасында әу бастан жоспарланып келеді. Себебі, әлемдік тәжірибеде мұндай құрылымдардың тиімді пайданылмай қалғаны туралы мысалдар көп. Мемлекет басшысының бастамасымен «ЭКСПО – 2017» ин­фрақұрылымының негізінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылады. Бұл орталық Лондон, Гонконг, Дубай және Сингапурдағы қаржы орталықтарының тиімді тәжірибесіне негізделе отырып қызмет атқармақ. Бұл орталық шетелдік инверторларды белсенді тарту мақсатында посткеңестік кезеңдегі баламасыз жағдайлар жасайды. Орталықтың барлық жүйесі құқық қорғаудағы әділдік пен инвесторлар тарапынан елімізге деген сенім қалыптастыруға мүмкіндік беретін ағылшындық құқық қағидаларына негізделмек.

Сонымен қатар БҰҰ-ның 70-Бас ассамблеясында Нұрсұлтан Әбішұлы елордада «ЭКСПО» инфрақұрылымы негізінде «БҰҰ қамқорлығындағы жасыл технология мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталығын» құру туралы ұсынысын білдірді. Бұл жоба дүниежүзілік қоғамдастық пен БҰҰ тарапынан қолдауға ие болды және жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Үкіметке көрменің бір нысаны негізінде IT стартаптардың халықаралық технопаркін құру туралы тапсырма берген болатын. Әлемдік жаңа технологиялар мен инвестор, кәсіпкер тартатын алаң жасау үшін осы технопаркті жасақтау да қолға алынады.

– Әңгімеңізге рақмет

https://aikyn.kz/2017/05/27/14781.html


Қосылған : 31.05.2017, 14:20, Өзгертілген : 31.05.2017, 14:20