Қазақстанның жоғарғы оқу орындары мен Ислам ынтымақтастық ұйымы өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласына сапары барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің Ректоры Тілектес Есполов және Қазақстанның Корольдіктегі Елшісі Берік Арын Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) штаб-пәтерінде болып, ИЫҰ Бас хатшысының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ахмед Сеньомомен, ИЫҰ Ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукатпен және т.б. лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тараптар қазақстандық жоғары оқу орындары (ЖОО) мен ИЫҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, академик Ғ.М. Мұтанов ғылым мен технологияларды дамыту бағытында мұсылман әлемінде көшбасшы ЖОО бірі болып саналатын Әл-Фараби атындағы КазҰУ-де атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. ҚазҰУ БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесе отырып «Университет 4.0» моделін іске асыру, «Жібек жолы университеттерінің Альянсы» Халықаралық IT - кластерін құру бойынша жұмыс жоспарымен таныстырды. ҚазҰУ аймағында әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабының құрылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған елімізде жоспарланып отырған ауқымды шаралар туралы айтып беріп, оның 2020 жылғы 29 қаңтарда өтуі жоспарланған ашылу салтанатына ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф әл-Осейминге ресми шақыруын табыстады.

Өз кезегінде, академик Т.И.Есполов ҚазҰАУ қызметі мен жетістіктері, ауылшаруашылық саласын дамытудағы заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханалары, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен су тапшылығына қатысты зерттеулері туралы баяндап, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) аясында ИЫҰ-мен бірлесе тығыз жұмыс жүргізуге дайындығын жеткізді. Сондай-ақ, сұхбаттасушыларды алдағы уақытта университеттің қызметімен көзбе-көз танысуға шықырды. 

Бас хатшының орынбасары Ахмед Сеньомо, Ғылым және технологиялар департаментінің директоры Ирфан Шаукат пен т.б. лауазымды тұлғалар айтылған ақпаратты қызығушылықпен қабыл алып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіктерін білдірді.

А.Сеньомо бүгінгі күні ИЫҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі азық-түлікке тапшылықты сезініп отырғанын айта отырып, ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Алдағы он-жиырма жылда су тапшылығы мен азық-түлік мәселесі өзектілігінің арта түсетінін жеткізе отырып, бұл бағытта бірлесе жұмыс жүргізуге дайындығын білдірді. 

И.Шаукат ИЫҰ-на мүше елдердегі жоғары оқу орындарына қатысты 2025 жылға дейінгі дамыту жоспары жөнінде баяндап, университеттер арасында өзара студенттер мен ұстаздарды алмастыру тәжірибесін енгізу, сондай-ақ өзара бөлінетін оқу гранттар санын ұлғайтуға шақырды. 

Қосылған : 2.01.2020, 19:00, Өзгертілген : 2.01.2020, 19:00