ҚР СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті


           НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 3 желтоқсан –Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. 

Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұхтар Ерман отырысқа қатысушыларды қошаметтей отырып, Қоғамдық кеңестің тұрақты диалог алаңы ретінде жұмысының маңыздылығын атап өтті. Онда Кеңес мүшелері сыртқы саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге белсенді қатыса алады.

Күн тәртібіне сәйкес отырыс барысында төрт тақырып талқыланды: «Жусан» арнайы операциясы мен «Русафа» акциясының қорытындылары, қазақстандық сарапшылардың Қазақстандағы реформаларға арналған шетелдік іс-шараларға қатысу нәтижелері, 2020 жылы мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ ҚР СІМ «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы.

Қоғамдық кеңес алдында сөз сөйлеген ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко Сирия мен Ирактан қазақстандық азаматтарды қайтару туралы толық ақпарат берді. Төрт кезеңнен тұрған «Жусан» операциясының аясында қаңтар, мамыр және маусым айларында Сириядан 33 ер адамды, 156 әйел адамды және 406 баланы (оның ішінде 31 жетім баланы) қоса алғанда, 595 қазақстандық азамат қайтарылды. «27 қарашада Ирактан «Русафа» акциясының нәтижесінде тағы да 14 қазақстандық бала қайтарылды», - деп түсіндірді ол.

Азаматтық қоғам атынан Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі институт директоры Шавкат Сабиров сөз сөйледі. Қазақстандық сарапшылардың еліміздегі реформаларға арналған шетелдік іс-шараларға қатысу нәтижелері туралы баяндамасында Ш.Сабиров Atlantic Council, CSIS (АҚШ) және Chatham House (Ұлыбритания) сияқты жетекші талдау орталықтарында жақында ұйымдастырылған «дөңгелек үстелдерге» ерекше назар аударды. «Сарапшылар қауымдастығының аталған шараларға қатысуы елдегі саяси жағдайды түсіндірудегі маңызды құрал болып табылады», - деп атап өтті сарапшы.

Одан әрі ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 2020 жылы өтетін мерейтойлық іс-шаралар (Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы) туралы баяндама жасады. «Абайдың 175 жылдығын мерекелеу жөніндегі СІМ жоспары әлемнің 70 елінде 250 түрлі форматтағы іс-шараларды қамтиды», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, ол Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуді ЮНЕСКО-ның келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөніндегі шешімі іс-шараларды ұйымдастырудағы маңызды оқиға болғанын атап өтті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Нұрлан Сейтімов өз сөзінде қызметі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтардың мемлекеттік органға деген сенім деңгейін арттыру болып табылатын «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Пікірталас барысында Кеңес мүшелері жоғарыда аталған тақырыптар бойынша белсенді талқылаулар жүргізіп, отырыс қорытындысы бойынша қабылданған хаттамаға тиісті ұсыныстар енгізді.

ҚР СІМ қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы 2020 жылғы көктемге жоспарланған.



Қосылған : 3.12.2019, 16:25, Өзгертілген : 3.12.2019, 16:25