Вьетнамдық БАҚ өкілдері қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасу тарихымен танысты

ХАНОЙ, 2019 жылғы 4 желтоқсан - Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов вьетнамдық БАҚ өкілдері үшін кезекті брифинг өткізді.

Бұл жолы іс-шара қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы, қазақ ұлтының этногенезі, ежелгі дәуірден біздің күнімізге дейінгі Қазақстан жерінде орын алған оқиғаларға арналды.

Вьетнамдық журналистер Қазақ хандығының қалыптасуы және даму үдерістері, этникалық аумақтың пайда болу кезеңдері, көрші мемлекеттер және халықтармен байланыс тарихымен таныстырылды.

Қазақстанның кеңестік тарихына, сондай-ақ көпұлтты және көпдінді қазақстандық қоғамның қалыптасуына жеке экскурс жасалды.

Қазақстандық дипломат Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан тарихының, оның ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы күрделі кезеңдері мен жетістіктері жайлы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Журналистер қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен еңбегімен таныстырылды. Осы ретте ҚР Елшісі жақында аталып өткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесіне назар аудара отырып, оны құру тарихы жөнінде баяндады.

Брифинг барысында Қазақстан Елшісі журналистердің сұрақтарына жауап берді. Олар қазақстан-вьетнамдық қатынастардың,  әсіресе сауда-экономикалық саладағы ықпалдастығының қазіргі жағдайы мен болашағына қызығушылық танытты.

Іс-шараға Нянзан (Халық) орталық мемелекеттік газетінің, «Вьетнам дауысы» радиосының, Vietnam News, Vietnam.net, Vietnam Economic Times, Dantri (Зияткер) ақпараттық агенттіктердің, «Еңбек және кәсіподақ» журналының өкілдері қатысты.

Қосылған : 4.12.2019, 13:25, Өзгертілген : 4.12.2019, 17:25