Мадридте БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі Конференциясы басталды

Мадрид қаласында «IFEMA Feria de Madrid» көрме орталығында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы 25-ші Конференциясының (COP25) ашылу салтанаты өтті. Конференция аясында Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы, Киото хаттамасы және Париж келісімі бойынша негізгі органдар өз жұмысын бастады.

Конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы А.Гуттериш, ХПХК төрағасы Х.Ли, Испания Премьер-Министрі міндетін атқарушы П.Санчес, сондай-ақ басқа елдердің бірқатар мемлекет және үкімет басшылары сөз сөйледі.  Чили Президенті С. Пиниер COP 25 қатысушыларына бейне хабарлама жасады. Барлық баяндамашылар ғылыми қоғамдастықтың тұжырымдарының маңыздылығын және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ұлттық үлестерді арттыру қажеттілігін атап өтті.  Мемлекет және үкімет басшылары бір-бірін ел ішіндегі іс-әрекеттер туралы хабардар етті және 2020 жылға дейін амбицияны ұлғайту жөніндегі ұлттық жоспарлар бойынша диалог өткізді.

Іс-шараға 200-ден астам елдің делегациясы қатысуда. Қазақстан Республикасының делегациясын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев басқарды.  Министр «2020 жылға қарай амбицияны арттырудың ұлттық жоспарлары», «Экономиканы декарбонизациялау», «Қауіпсіз әлем құру» және «Адамдар климаттық әрекеттің орталығында» атты дөңгелек үстелдерге қатысты.  Қазақстан әлемдегі климаттың өзгеру проблемасына ерекше мән береді, 1995 жылдың мамыр айынан бастап БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясының мүшесі, сонымен қатар біздің ел Киото хаттамасын 2009 жылдың қыркүйегінен бастап және 2016 жылғы қарашадан бастап Париж келісімін ратификациялады.

COP25 климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы Мадридте өз жұмысын осы жылдың 13 желтоқсанына дейін жалғастырады.

Қосылған : 2.12.2019, 16:50, Өзгертілген : 2.12.2019, 16:50