ҚР СІМ-де адам құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселелері талқыланды

Ү.ж. 27 қарашада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңес органының кезекті отырысы өтті.

Іс-шара барысында ү.ж. 7 қарашада Женевада өткен БҰҰ АҚК адам құқықтары жөніндегі Әмбебап кезеңдік шолудың үшінші циклі шеңберінде ҚР ұлттық баяндамасын қорғаудың қысқаша қорытындылары талқыланды. 

Сонымен қатар, күн тәртібі ішкі істер органдары мен азаматтық қоғамның адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелерін қамтыды. Аталмыш тармақ шеңберінде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары А. Әубәкіров, «Адам құқығы үшін Хартия» ҚҚ атқарушы директоры Ж. Тұрмағамбетова және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің өкілі С. Нұрымбетова сөз сөйледі. 

Еңбек көші-қоны және еңбек құқықтарын сақтау, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік компаниялардағы еңбек құқықтары мәселелері отырыстың негізгі тақырыптарының бірі болды. Аталған тармақ бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі мен «Халықаралық құқықтық бастама» ҚҚ президенті А. Шорманбаеваның баяндамалары тыңдалды. 

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның директоры Е. Жовтис Еуропалық Одақ қолдаған жоба шеңберінде халықаралық органдардың 50 ұсынымын және «Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңес органын имплементациялау барысы туралы ақпаратты ұсынды.

Күн тәртібінің әрбір тармағы бойынша пікірталастар осы мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның одан әрі өзара іс-қимылы жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеумен ашық және сындарлы сипатта өтті. Атап айтқанда, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюросы әзірлеген елу жол картасын нақты имплементациялау бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. 

Іс-шараға Консультативтік-кеңес органының тұрақты мүшелерімен қатар (ҚР мүдделі министрліктерінің, Жоғарғы Соттың, Конституциялық Кеңестің, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, ҚР Парламентінің, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің, қазақстандық құқық қорғау ҮЕҰ өкілдері) алаң қонақтары – халықаралық ұйымдар өкілдері, соның ішінде ЕҚЫҰ, ЕО, АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (ЮСАИД), БҰҰДБ және ҚР АҚШ елшілігінің өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Василка Санцин ханым мен Женева азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі Орталығының басшысы Патрик Мутзенберг мырза Консультативтік-кеңес органының қараша айындағы отырысының арнайы қонақтары болды.

Екі қонақ та бірауыздан Қазақстанның мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерін, сондай-ақ ұлттық құқық қорғау мекемелері мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін өз алаңында біріктіретін осы органның бірегей форматын атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңес органының адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өзара іс-қимылының ең үздік тәжірибесінің мысалы деп атауға болады.


Қосылған : 29.11.2019, 16:25, Өзгертілген : 29.11.2019, 16:25