Қазақстан мен Моңғолия білім саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2019 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолияның Білім, мәдениет, ғылым және спорт министрі Ёндонпэрэнлэйгийн Баатарбилэгпен кездесті.

Тараптар мәдениет, ғылым және білім салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады.

Елші моңғол депутатына Қазақстанның ішкі саясаты мен экономикасы жайында мағлұмат бере отырып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жолдауында «Дипломмен – ауылға»бағдарламасының шеңберінде білім сапасын жоғарлатуға және басқа да мәдени-гуманитарлық жобаларға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

Сонымен қатар, Ж.Әділбаев қызметі екі мемлекеттің халықтары арасындағы достық қатынасты нығайтуға бағытталатын Моңғолияда «Абай мәдени орталығын» ашу бойынша Министрдің ой-пікірін білді.

Ё.Баатарбилэг Моңғолияның Премьер-Министрі У.Хурэлсухтың Қазақстанға жасаған жақындағы сапарынан кейін жоғары деңгейге көтерілген екіжақты қатынастағы оң серпініді атай отырып, қазақстандық тарапқа Ұлан-Батырдың мәдени нысандарының сәулет және қала құрылысы салаларындағы көрсетіп жатқан көмегі үшін алғысын білдірді.

Моңғол студенттері үшін бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша білім квоталарының санын көбейтуге және білім беру құжаттарын, ғылыми дәрежелер мен атақтарды өзара тануға мүмкіндік беретін қол қойылған келісімдер мен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. 

Сондай-ақ, Министр қазақстандық балабақшалар мамандарын даярлау деңгейіне жоғары баға беріп, осы бағытта бірлескен оқытудың жаңа тетіктерін әзірлеуді ұсынды. 

Қазақстандық дипломат Моңғолия гуманитарлық университетінің ректоры Б.Чулуундоржпен кездесіп, жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылы, сондай-ақ делегациялар мен мамандар алмасу, халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Қосылған : 12.11.2019, 18:00, Өзгертілген : 12.11.2019, 18:00