Линц қаласында өткен үкіметаралық комиссиясының отырысында Қазақстан мен Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастығының кең спектрі талқыланды


ЛИНЦ, 2019 жылғы 11 қараша  Қазақстан мен Аустрия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында Линц қаласында Экономикалық, ауыл шаруашылық, экологиялық, техникалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) тоғызыншы отырысы өтті.

Отырыста қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, аустриялық тараптан  Аустрияның Цифрландыру және экономика федералдық министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат және еуропалық интеграция жөніндегі бас директоры Флориан Фраушер сөз сөйледі. Сонымен қатар, отырысқа екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.

Қазақстан мен Аустрия арасындағы қатынастарда аймақтық мәнмәтіні екі елдің дербес өңірлері арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңыздылыққа ие болуда. Осыған байланысты ҮАК-тың кезекті отырысы Аустрияның астанасы Венада емес, Жоғарғы Аустрия федералдық мемлекетінің орталығы  Линцте өтті.

«Қазақстан-Аустриялық ҮАК отырыстары, әдеттегідей, тарихи мәнге ие. Мәселен, 2016 жылғы қазанда Венадағы соңғы кездесу Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25-жылдығы және Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толуы қарсаңында өтті. Бүгінгі кездесу де маңызды, себебі ол тұңғыш рет елордада емес, аймақта өткізіліп отыр. Бұл екіжақты ынтымақтастықтың аймақтық аспектісінің өсіп келе жатқан маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, біздің ҮАК шеңберіндегі кездесулеріміз биыл 10 жылға жетті»,  деді өз сөзінде Р. Василенко.

ҮАК күн тәртібіне сәйкес, тараптар Қазақстан мен Аустрияның қазіргі экономикалық жағдайы, екі елдің үкіметтері экономиканы дамыту бойынша асырып жатқан шаралар туралы пікірлер алмасты. Өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін растап, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру, коммуналдық шаруашылық және аймақтық ынтымақтастық саласындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Қазақстанның тиісті ведомстволарының өкілдері аустриялық әріптестерін энергетика, қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды жою, көлік және коммуникация саласындағы қазіргі жағдаймен таныстырды. Бірқатар салаларда ынтымақтастық құруға өзара мүдделілігін білдіре отырып, ҮАК қатысушылары бірлескен басым бизнес-жобалардың тізімін жаңартты және экономиканың нақты салаларында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

Қазақстанның «ашық аспан» режимін енгізуі аустриялық тарапты ерекше қызықтырды.

Қазақстандық дипломат «2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің 11 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілді. Шетелдік компанияларға «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесі беріледі. Бұл режим 3 жылға дейін ұзартылу мүмкіндігімен іске асырылады»,  деп атап өтіп, еліміздің Нұр-Сұлтан мен Вена арасында тікелей әуебағыт ашуға мүдделілігін растады.

Өз кезегінде аустриялық тарап Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталды. Аустрияның бірқатар ірі компаниялары Қазақстан нарығында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жеңіл өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешені саласында табысты қызмет атқаруда. Алайда, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті әлі толығынан асырылған жоқ, әрі тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қарқыны мен көлемін белсенді түрде арттыруды жалғастыруы қажет.

«Қазақстан Аустрия үшін өте маңызды серіктес. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстан өкілдері бүгін Линцте өтіп жатқан Жоғарғы Аустрия Экспорттық күніне қатысқаны аса қуантады. Сондай-ақ, Қазақстанда 50-ге жуық аустриялық компания табысты жұмыс істеп жатқандығын ерекше қанағатпен атап өткім келеді. Мұның бәрі ҮАК-тың жұмысы оң қолданбалы әсерге ие екендігін білдіреді »,  деді Аустрияның ҮАК тең төрағасы Ф. Фраушер.

ҮАК отырысының соңында тараптар Қорытынды хаттамаға қол қойып, келесі 10-шы кездесуді Қазақстанда өткізуге келісті.

Линцке сапары барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко Жоғарғы Аустрия жер үкіметінің экономика және инфрақұрылым бойынша министрлері Маркус Ахляйтнер және Гюнтер Штайнкельнермен келіссөздер өткізді. Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Аустрия облыстары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешегін талқылады. Бұл тұрғыда сұхбаттасушылар Павлодар облысы мен Жоғарғы Аустрия арасындағы, сондай-ақ Вельс пен Орал қалалары арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумның мазмұнына егжей-тегжейлі тоқталды.

Қосылған : 12.11.2019, 09:50, Өзгертілген : 12.11.2019, 09:50