Лондондық Сити Лорд-мэрінің шеруінде Қазақстанның таныстырылымы өтті

ЛОНДОН, 9 қараша 2019 жыл – Лондондық Сити Лорд-мэрі шеруінің көрермендері Қазақ ұлттық өнер университеті (ҚазҰӨУ) жастар джаз-бэндінің және ежелгі көшпенді-жауынгерлер образындағы батырлардың өнерін тамашалап, қазақ елінің көрікті жерлері мен мол инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алды. Бұдан бөлек телекөрермендер қазақ тілін де тікелей эфирде естіп қалды. 

ҚазҰӨУ Ректоры, ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева шерудің құрметті қонағы болды. Қазақстандықтардың шеруге қатысуына «KAZ Minerals PLC» мыс өндіруші компаниясы, «Tengri Capital» инвестициялық компаниясы және «Treyford Holdings BV» компаниясы ықпал етті. 

Шеру аясында қаланың ондаған мың тұрғыны және Ұлыбритания астанасының қонақтары Қазақстанмен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Шеруді миллиондаған аудиторияға тікелей эфирде ірі британиялық «Би-Би-Си» телеарнасы таратып отырды. Оның комментаторларының қызығушылығын ерекше туғызғандар қатарында былғары, темір және тон киген тау тұлғалы жауынгер-сарбаздар болды. Қазақстандық қатысушылармен болған сұхбаттан көрермендер Қазақстанның мәдениеті және тарихи дәстүрлері туралы білді. Топты басқарып келе жатып Қазақстанның туын желбіреткен сарбаздардың бірі ұлы ата-бабаларымыздың дәстүрлі сауыты туралы қысқаша айтып берді.

Шеру 800 жылдан астам уақыттан бері Лондондық Сити жаңа Лорд-мэрінің сайлануы құрметіне өткізіліп келеді. Сити – Лондонның тарихы аумағы. Бұл жерде банктер мен бизнесмендер көп шоғырланған. Солардың арқасында Лондон әлемнің басты қаржы орталықтарының біріне айналып отыр. Лондондық Ситидің Лорд-мэрі жыл сайын британиялық бизнес-сектордың ең құрметті өкілдері арасынан сайланады. Биыл 692-ші Лорд-мэр болып олдермен (муниципалды кеңес мүшесі) Уильям Рассел сайланды. Лондондық Сити корпорациясының басшысы ретінде ол британиялық бизнес пен қаржы секторының жаһандық елшісі қызметін атқармақ. Ол сондай-ақ келесі жылы Қазақстанға сапар шегуді жоспарлап отыр.

Аймақтың инвестициялық хабы ретінде Қазақстан британиялық әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оның ішінде Лондондық Сити де бар. Сити британиялық құқық принциптеріне негізделген Халықаралық «Астана» қаржы орталығы, сот және арбитраж жүйесі негізінің қалануына айтарлықтай қолдау көрсетті. 

Жыл сайын өткізілетін шеру мыңдаған адамның, 140 қатысушы-ұйымның және ондаған оркестрдің басын біріктіреді. Салтанатты шараның 100-ші нөмірлі қатысушысы болып, биыл Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі тіркелді. Еліміздің өткені мен бүгінін өнер тілімен ғажап жеткізе білген жалынды жас буын өкілдерінен құралған ҚазҰӨУ джаз-бэнді және «Орда» этно-жобасының құрамындағы қазақ батырлары көрермендерді таңдай қақтырмай қоймады.

Халықаралық беделді джаз фестивальдерінің лауреаты және жеңімпазы ҚазҰӨУ джаз-бэнді шеру аясында Гордон Гудвиннің «The Jazz Police» және Стиви Уандердың «Sir Duke» секілді шетел хиттері мен джазға бейімделген қазақтың «Саржайлау» және «Қамажай» сияқты әндерін нақышына келтіріп орындады. 

Жас джазистер қозғалмалы көлікке жайғасты. Көлік ішінен Қазақстанның мәдени және табиғи әралуандығын, сондай-ақ инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін паш еткен түрлі-түсті баннерлер мен бейнероликтер көрсетілді.

Қосылған : 10.11.2019, 07:10, Өзгертілген : 10.11.2019, 07:10